Қаражатқа немқұрайлы қарауға болмайды
Облыс әкімдігінде өткен аппарат жиналысында ағымдағы жылдағы ішкі аудиттік жүргізілген шаралардың қорытындысы талқыланды.
Қостанай облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің басшысы Гүлбарам Мұсағазинаның айтуынша, жыл басынан бері 99 нысанға аудит жүргізіліп, 6,7 млрд теңгеден астам бюджет заңнамасының бұзылуы анықталған. Ал мемлекеттік сатып алу заңнамасын қадағалау да 5,2 млрд теңгеден астам өрескелдікке әкеп соғыпты.
Аудиторлық шара қорытындысы бойынша бюджетке өндірілуі тиіс 58,3 млн теңгенің 25,4 млн теңгесі, яғни, 43,6% қайтарылған. Қорытындысында 54 лауазымды тұлға тәртіптік, 66 тұлға әкімшілік жауапқа тартылыпты.
– Аудиторлық әшкере болған 15,6 млн теңгенің 14 материалы құқық қорғау органдарына жолданды. Департамент қызметкерлері жалпы сомасы 151,8 млн теңгені құрайтын қаржылық өрескелдіктер мен мемлекеттік сатып алудың қорытындысына қатысты 5 млрд 598 млн теңгенің өрескелдігін анықтаған 18 сараптама қорытындысы берілді. 6 сараптама қорытындысы бойынша қылмыстық істер қозғалып отыр, – деді Гүлбарам Мұсағазина.
Жүргізілген аудиторлық шаралардың нәтижесі бойынша төмендегідей жүйелі өрескелдіктер мен жетіспеушіліктер анықталды: жалақыны мақсатсыз аудару және төлеу, мемлекетттік мүлік туралы заңда қарастырылмаған қызмет арқылы және кәсіпорын жарғысында көрсетілгендей, тәртіптік өндіру жазасы алынбаған күйде табыс табу, сондай-ақ кредиторлық берешегі бола тұра, қызметкерлерге сыйақы тағайындау және төлеу.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде камералдық бақылау қорытындысы бойынша департамент 36,3 млрд теңгенің мемлекеттік сатып алу бойынша бұзылған өрескелдіктерді қалпына келтіруге қатысты 1286 ескерту жолдаған. Жыл басынан бері 34 лауазымды тұлға мемлекеттік сатып алу заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапқа тартылыпты.
Сөз соңында өңір басшысы аудит қызметкерлеріне құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыс істеуді тапсырды:
-Қандай да бір құжаттар бойынша құқықбұзушылықтар барлық басшыларға белгілі болуы үшін тексеру жүйесін құру керек. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұндай жетіспеушіліктер қайталанбауы үшін аудан-қалаларда түсіндіру жұмыстарын жиі өткізу қажет. Кей жағдайда ведомство басшылары білместіктен немесе басқа да жағдайларға байланысты өрескелдікке жол беріп алып жатады, – деді облыс әкімі.
Архимед Мұхамбетов аудит жұмысының нәтижелілігін айта келе, аталған қызмет жүйесін жетілдіруге тапсырма берді.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ