Еңбек қауіпсіздігі сақтала бермейді
Өңірде жұмыс берушілердің дені еңбек қауіпсіздігіне үнемі көңіл бөле бермейді. Дегенмен, биылғы жылдың 7 айында өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда өндірістегі жарақат деңгейі біршама төмендеген. Мәселен, өндірістегі қайғылы жағдайлар 91-ден 66-ға немесе 27 пайызға, ал өлім-жітім саны 9 пайызға азайған. Бұл туралы, яғни облыс аумағындағы еңбек қатынастарының жағдайы жайлы өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Макеев мәлімдеді.
Жалпы, өңірде өндірістік жарақат жағдайлары көбінесе тау-кен, коммуналдық және ауыл шаруашлығы салаларында жиі орын алады екен. Ағымдағы жылы тау-кен металлургия өнеркәсібінде өндіріспен байланысты апаттардан 8 адам зардап шексе, ал өткен жылы 15 жағдай орын алған, яғни көрсеткіш биыл 46 пайызға төмендеген. Өңірлер бойынша салыстырып айтар болсақ, өндірістегі жазатайым жағдайлардың жоғары көрсеткіші Қостанай (23), Рудный (9), Арқалық (5), Лисаков (4) қалалары мен Әулиекөл (5) және Ұзынкөл (4) аудандарында сақталып отыр. Ал, өлім-жітім оқиғалары Қостанай қаласындағы төрт серіктестікте (“Кост-Дэн”, “РСО Сәулет”, “Достар-09”, “Қостанай Жолдары” серіктестіктері), Әулиекөл ауданындағы үш кәсіпорында (“Черниговское” ЖШС, “Хасенов” Ш/Қ, “Аман Терсек” ЖШС), Жітіқара (“Қостанай минералдары” АҚ), Меңдіқара (“Ахметов Ж.Ж” Ш/Қ) және Федоров (“Жаркөл элеваторы” АҚ) аудандарындағы кәсіпорындарда орын алған.
-Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген жұмыс берушілер қауіпсіздік пен еңбекті қорғау мәселелеріне назар аудармайды, еңбек құқығын қорғаудың ұлттық және халықаралық стандарттарын орындамайды. Кейбір кәсіпорындарда және ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша жауапты тұлғалар жоқ, жеке және ұжымдық қорғаныспен қамтамасыз етуге бөлінген қаражат жеткіліксіз, еңбек жағдайлары бойынша жұмыс орындарын аттестациялау бойынша жұмыстар жүргізілмейді, мерзімді медициналық тексерулер жүргізілмейді және т.б. еңбекті қорғаудың қауіпсіз жағдайларын жасауға бағытталған шаралар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы тиісті құжаттар жоқ. Өкінішке қарай, көбінесе өндірістегі жазатайым оқиғалар кездейсоқ апат ретінде қабылданады, – дейді Бақытжан Қатайұлы.
Қолданыстағы еңбек заңнамасына сәйкес, жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы еңбек қатынастарын реттеуде ұжымдық келісімге ерекше маңыз беріледі. Осы орайда, облыс бойынша 5589 ұжымдық шарт жасалған, яғни кәсіпорындардың ұжымдық шартпен қамтылу үлесі 56,2 пайызды құрайды. Ал, еңбек саласындағы қақтығыстарға, наразылық акцияларына, ереуілдерге әсер ететін маңызды факторлардың бірі, әрине жалақыны уақтылы төлемеу болып табылады. Осыған байланысты, жалақы бойынша берешекті өтеу мәселелері еңбек инспекциясының басым бағыты болып табылады және ол ерекше бақылауға алынған. Ағымдағы жылдың 7 айында облыста прокуратура, қалалар мен аудандардың әкімдіктері және басқа да мүдделі органдармен бірге 304 млн. теңгеден астам жалақы қарызы өндіріліп алынды, төрт мыңға жуық адамның еңбек құқықтары қорғалды. Бүгінгі таңда үш кәсіпорынның 671 қызметкерінің алдындағы жалақы бойынша берешегі 48,3 млн. теңгені құрап отыр. Мәселен, Әулиекөл ауданы бойынша “Асмадин Проджект” ЖШС Қостанай филиалының 289 қызметкер алдында 28 млн теңге қарызы бар. Ағымдағы жылдың 26 шілдесінде қарыздың тек 6,7 млн. теңгесі өтелген. Ал, Қарасу ауданындағы “Рамазан-Қарасу” ЖШС-нің 242 қызметкердің алдында 14,9 млн. теңге қарызы бар. Қарыз осы аптада өтелуі тиіс көрінеді. Сондай-ақ, Меңдіқара ауданындағы М.Қарабаев атындағы Қостанай облыстық туберкулезге қарсы санаториясында да 140 қызметкерге 10,8 млн. теңге сомасында берешек бар. Берешек 5,4 млн. теңге сомасында жартылай өтелді. Жалақы бойынша берешектің қалған бөлігні жұмыс беруші үстіміздегі жылдың 10 тамызына дейін төлеуге уәде еткен.
Еңбек даулары мен жұмыс берушілердің еңбек құқықтарын бұзудың алдын-алудағы маңызды рөлі азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беру арқылы жүзеге асырылады. Жыл басынан бері инспекцияға еңбек заңнамасының бұзылуына қатысты 671 өтініш келіп түскен. Соның нәтижесінде орта және шағын, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен экономиканың мемлекеттік секторындағы кәсіпорындарға 367 тексеру жүргізілген. Тексеріс барысында 802 бұзушылық анықталған, соның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 535, еңбек қауіпсіздігі мен қорғау бойынша – 257, жұмысқа орналастыру бойынша – 10.
Айта кетер жәйт, облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысы А.Мұхамбетов әр мекеме, ұйым басшыларына баяндама жасағанда “7-20-25” бағдарламасына да көңіл бөлуді қадап тапсырған болатын. Облыстық еңбек инспекциясында да бағдарламаны түсіндіру жұмыстары әлі де жалғасуда. Ақпан айында инспекция қызметкерлерімен “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің” мамандары кездесу өткізген көрінеді. Нәтижесінде, бағдарламаға қатысуға ниет білдірген инспекцияның екі қызметкері аталмыш банкпен келісім-шарт жасасқан.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суретті түсірген Б.АХМЕТБЕКОВ