Сары дала сағынар Сабыржанын
Арқалықта белгілі жазушы, қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Сабыржан Шүкірұлына өзі тұрған қала орталығындағы әйгілі «Рубин» сауда дүкені орналасқан тоғыз қабатты үйден ескерткіш тақта ашылды.
Қазақстан журналистер одағының, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Сабыржан Шүкірұлы қаламгерлік еңбек жолын Жангелдин аудандық "Социалистік Қазақстан" кейін "Жаңа өмір"- «Новая жизнь» газеттерінде әдеби қызметкер, аудармашы, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Комсомол, партия қызметтерінде болған. Қазақ ұлттық универститетінің журналистика факультетін, Алматы жоғары партия мектебін бітірген.
«Социалистік Қазақстан» газетініңТорғай облысындағы меншікті тілшісі, бөлім меңгерушісі, Бас редактордың орынбасары, «Сұхбат» және «Позиция» хабаршыларының Бас редакторы, «Ана тілі» ұлт газетінде «Тіл және этнография» бөлімінің редакторы болып қызмет атқарды.
"Мақтан тұтар жерлесіміз, қабырғалы қаламгер Сабыржан Шүкірұлына арналған ескерткіш тақтасының ашылуы жазушының туған күні және алдағы жылы болатын 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жүзеге асып отыр.
"Елім деген ерін – елі ұмытпайды" деген. Олай болса, артына өшпейтұғын із қалдырған асыл азаматының жарқын бейнесі халқының жүрегінде мәңгілік сақтала бермек", – деді салтанатты шақта сөз сөйлеген қала әкімінің орынбасарыТүбекбай Әубәкіров.
Ескерткіш тақтаны ашу құрметі Жанкелдин ауданы және Арқалық қаласының құрметті азаматы Кәкімжан Кәрбозов пен Арқалық қаласының құрметті азаматы, ҚР Мәдениет қайраткері Жұмағали Өмірбекке берілді.
Алыстан ат терлетіп келген ақын – жазушылар, замандастары, дос – жарандары, ағайын – туыстары, шәкірттері естеліктерімен бөлісті.
Мұрат Жүнісұлы