7 білім мекемесі жөнделеді
Биыл жаңа оқу жылына дейін өңірде 7 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Аманкелдідегі Ә.Боранбаев мектебіндегі күрделі жөндеу бір-екі күнде аяқталып қалады. Ал Қостанай ауданындағы орта мектеп пен Арқалықтағы Б.Майлин мектебі 25 тамызға дейін тапсырылады. Бұл жайында облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңейтілген актив отырысында білім беру басқармасының басшысы Бәтима Дауымова айтты. Күрделі жөндеу жұмыстарына бөлінген қаржының жалпы сомасы – 727,8 млн. теңге. Басқарма басшысының айтуынша, Қостанай политехникалық жоғарғы колледжіндегі жөндеу жұмыстары біраз еңсеріліп қалған. Бүгінде оқу мекемесінің шеберханаларын, спорт залы мен мәжілісханасын жаңартылып жатыр. Колледждегі жөндеу жұмыстары 10 желтоқсанда толық аяқталады.
Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан білім нысандарының 6-ауы белгіленген мерзімде тапсырылады. Алайда Қарабалық ауданының Боскөл орта мектебінде жұмыс тұралап тұр. Мектепті жөндеуге «Жұмыспен қамту картасы-2020» бағдарламасы бойынша 344 млн. 800 мың теңге бөлінген. 2018 жылға дейін 53 млн теңге қаражат игерілгенімен, мердігер банкротқа ұшырап, жұмыс тоқтап қалған. «2 тамызда жаңа мердігермен келісім-шартқа отырдық. Күрделі жөндеу 10-қыркүйекте аяқталады. Алайда бұл оқу процесіне кедергі келтірмейді. Сабақ өз уақытында басталады. 1-4 сынып оқушылары (барлығы 5сынып) мен мектепке дейінгі дайындық тобы Боскөл бастауыш мектебінде түстен кейін оқитын болады. Ал 5-11 сыныптар ауылдық әкімдік ғимаратында 2 ауысымда оқи тұрады» – деді Б.Дауымова. Бүгінде өңірде 129 білім мекемесіне ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа аудан және қала бюджеттерінен, сондай-ақ демеушілер қаржысынан 420 млн. теңге бөлінген. Барлық ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталып келеді.
Басқарма басшысының айтуынша, облыста жалпы білім беретін мектептердің саны мен сапасы сай емес. Сондықтан биылғы жаз аудан әкімдіктерінің шешімімен 5 мектеп жабылып, 7 мектеп ортадан негізгіге және негізгіден бастауышқа көшкен. Бұған дейін облыста 514 мектеп жұмыс істеп келсе, қазір оның 509 қалған. Оның 345-і шағын кешенді. Мемлекеттік тілде оқытатын 122 мектеп бар.
Облыс мектептерінің оқулық мәселесі де шешіліп қойған. Биыл шәкірттерді оқулықпен және оқу-әдістемелік құралдарымен қамтуға облыстық бюджеттен 1 млрд. 087 млн теңге бөлінген. Өңірлік білім бөлімдерінің барлығы баспаханалармен келісім шартқа отырған. Оқулықтардың қай күні жеткізілетіні 15 тамызға дейін белгілі болады.
Нұрқанат Құлабаев
Суретті түсіген Бағдат Ахметбеков