Қауіпті дәрілерді пайдаланбаңыз!
Қытайдың “Чжэцзян Хуахай Фармасьютикалс” компаниясы өндірген құрамында валсартаны бар препараттарды Қазақстан нарығында сатуға тыйым салынды. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасында өткен брифингте айтылды.
Еуропаның дәрілік заттар агенттігі (ЕМА) және тамақ өнімдері мен дәрі-дәрмектердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (FDA) құрамында валсартан бар препараттарды нарықтан кері қайтарып алуда. Бұл дәрілер қан қысымы жоғары науқастарға арналған. Алайда, еліміздің фармацевтері де шетелдік әріптестерінің тәжірибесін ескеріп, "Гедеон Рихтер" өндірген "Нортиван", "Балкан Фарма-Дупница АД" өндірген "Вазар" және Вазар-Н және түрік компаниясы шығарған "Комби Кардиофикс-сановель Плюс" дәрілерінің емделушілерге зиян болуы мүмкін деген шешімге келіп отыр. Себебі, артериалды гипертония, инсульт және жүрек талмасы бар науқастарға арналған бұл препараттарының құрамынан ағзаға аса қауіпті белсенді заттар табылған. Сондықтан, бұл дәрілерді емделушілерге қолдануға болмайды, дәрігерлер сырқаттарға басқа дәрі тағайындауы тиіс.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы С.Ержанованың айтуынша, қазіргі уақытта “Стофарм” ЖШС-нің қоймасында 40, 80 және 160 мг “Нортиван” препаратының 2697 қорабы, “Фармаком” ЖШС-нің қоймасында 5,66 қорап “Нортиван” және 111,99 қорап “Вазар препараты, “Витайм” ЖШС-де 37,33 қорап “Нортиван” қалып отыр. Дегенмен, аталған дәрі-дәрмектер сақталған бұл аумақтар карантинге алынған.
-Бүгінде “Вазар”, “Нортиван” және “Комби Кардофекс-сановель плюс” дәрі-дәрмектері нарықтан уақытша алынды. Мәселен, “Вазар” препараты қан қымысы мен жүрек ауруларына пайдаланылады. Облыста осы дертке шалдыққан сегіз мыңға жуық азамат тіркеуде тұр, олардың жартысынан көбі аталмыш дәріні осы күнге дейін дерттеріне дауа ретінде қолданып келді. Бұл дәріден зиянды қоспа табылған соң пайдалануға тыйым салынып отыр. Осы жағдайға байланысты дәріханалар мен емделушілерден препаратты толық қайтарып алу және дәрілік заттарды тегін рецепт бойынша басқасына ауыстыру туралы шешім қабылданды. Осылайша, емделушілерге тегін медициналық көмек көлемі негізінде ұсынылатын препараттың қорабы ашылған болса да, дәріханалар оны қайтарып алуға міндетті. Дәріні тапсырғаннан кейін науқас өзін емдеуші дәрігердің кеңесіне жүгінуі тиіс. Ал, маман оған тыйым салынған препараттың орнына баламалы дәрі-дәрмек жазып береді, – дейді С.Ержанова.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Абат Жауковтың айтуынша, пациенттерден аталмыш дәрілердің қандай да бір жанама әсері туралы ешқандай шағым түскен жоқ. Дегенмен, А.Жауков қолда бар бұл препараттарды 1 қыркүйекке дейін тапсыруға кеңес береді. Ал, қолда бар сериялық нөмірлері 471217, 471317, 301717, 333217, 209917, 419817, 420017, 488117 "Вазар" 80 мг препараттарын тегін рецепті бойынша берілген дәріханаға немесе медициналық ұйымға тапсыру қажет. Қайтарылып алынған препарат сериялары бірыңғай дистрибьютормен өндіруші өкілдеріне берілетін болады.