«Шексіз әлем»
Жангелдин аудандық прокуратурасы мүмкіндігі шектеулі балалардың арасында «Шексіз әлем» атты фестиваль өткізді.
Фестивальға бас-аяғы 20 бала қатысты. Көпшіліктің алдында өз өнерлерін паш етіп, қоғамның толыққанды мүшесі екендерін көрсете білді. Өнер бәйгесіне жиналған жұртшылық балалардың бәрін бірдей қошеметтеп, қолдап отырды.Ұлттық өнерімізді дәріптей білген олар халық әндерін нақышына келтіріп орындап, қазақ билерін мың бұрала биледі. Көңілдері бір серпіліп қалған, әсем әнге толы кештен әдемі әсер алған көрермендер дән ризашылығын жеткізді.
Тұлғаны толыққанды етуге тек қана қоғам емес, ең бірінші, әрбір адам өзі қоғамда белсенді рөл атқаруы тиіс. Мүгедек бала еркіндікті, әлеуметтік интеграцияны қамтамасыз ететін ортада лайықты өмір сүруіне көмектесетін ерекше күтім, білім және қажетті дайындық алуға құқылы.
Әр түрлі номинацияларда өз өнерлерін көрсеткен бүлдіршіндерге Жангелдин аудандық прокуратурасы, аудан әкімінің орынбасарлары, мәслихат депутаттары және мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорын басшылары, ауылдық округтердің әкімдері демеушілік жасап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Жангелдин аудандық прокуратурсының
аға прокуроры,
2-ші сыныпты заңгер Мейрамгүл Қозбақ