Туған күніңмен, Лисаков! Кеншілер қаласына – 46 жыл (БЕЙНЕБАЯН)
Биыл Лисаков қаласының құрылғанына – 46 жыл. Шаһар тұрғындары жыл сайын сүйікті қалаларының туған күнін ерекше атап өтеді. Облысқа әйгілі Лисаков карнавалы биыл да сап түзеді. Тұрғындардың қиялына қанат бітіретін осы сәт бұл жолы да көптің көңілінен шықты. Шеруді қала символы болған түлкі бастап, түрлі кейіпкерлер шаһарды тегіс аралады. Бұл карнавал осымен 17 рет ұйымдастырылып отыр.
Құт мекенді туған күнімен құттықтауға Қостанай облысы әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев келіп, еңбегі сіңген азаматтарға қаланың "Құрметті азаматы" атағын тапсырды.-Құрметті қала тұрғындары! Сіздерді әуелі облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың атынан және өз атымнан бүгінгі мерекелеріңізбен құттықтаймын! Лисаков – облысымыздағы ең жас қала. Бірақ тарихы бай, өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Бүгіндері Лисаков өте қарқынды дамып келеді. Облыстың және қала бюджетінен қомақты қаржы бөлініп, қаланың ішкі жолдары жөнделіп жатыр.
Мәселен, биыл жөндеу жұмыстарына 600 млн теңге бөлінген болатын. Сондай-ақ, қаланың іргесіндегі Тобыл стансасындағы көпірдің құрылысы аяқталуға жақын. Оның құны – 1 млрд 300 млн теңге. Денисов ауданынан Рудный қаласына баратын жол жөнделеді. Ұзындығы – 114 шақырым, құны – 45 млрд теңге. Бұл өте ауқымды жоба, бұны барлық тұрғындар күтіп жүр, әсіресе, лисаковтықтар. 2020 жылға таман құрылыс аяқталатын болады. Кәсіпкерлікке кең өріс ашатын күре жол болмақ. Игілікті істер бұнымен шектелмейді. Өздеріңіз білесіздер, бүгіндері қалаға және қала маңындағы елді мекендерге көгілдір отын тартылып жатыр. Сонымен қатар, Лисковта мектеп пен балабақша жеткілікті, биыл мемлекеттік және жекеменшік әріптестіктің арқасында соңғы балабақша қолданысқа берілмек. Нәтижесінде, Лисаков "Балапан" бағдарламасын толықтай орындаған еліміздегі алғашқы қала болмақ. Барлық балалар жүз пайыз мектепке және балабақшаға барады. Сонымен қатар осы Орталық стадионды жөндеуге 300 млн теңге бөлінді. Келер жылы талапқа сай жаңартылып, облыстық "Тың-Целина" спартакиадасы Лисаковта өтпек. Құрметті жерлестер! Сіздерді тағы да туған күндеріңізбен құттықтаймын!
Шара барысында Марат Жүндібаев өңірге еңбегі сіңген азаматтарды марапаттап, мемлекеттік мекемелерге автокөлік кілтін табыстады. Бұдан соң жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары "КешЮ" тобы сахна көркін кіргізді. Мерекелік шара отшашумен аяқталды.