Жергілікті мәслихат сайлауы өтті
Қостанай облысында барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Өңірдегі саяси науқанның барысымен ҚР Орталық Сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мустафина күні бұрын келіп танысқан болатын.
Облыстағы 5 бірдей елді мекенде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауы тәмамдалды. Түрлі себептермен мандатын тапсырған халық қалаулыларының орнына жаңа үміткерлерді жергілікті тұрғындар дауыс беру арқылы таңдады. Тізбектер болсақ, Денисов, Қостанай, Сарыкөл және Таран аудандары мен Арқалық қаласында мәслихат депутаттарының сайлауы өтті. Бұған бас-аяғы 15 үміткер қатысып отыр. Мұндағы ең жас үміткер 25 жаста, мәслихат депутаттығына кандидаттардың ішінде түрлі мамандық иелері – экономист, мұғалім, дәрігер, эколог және қаржыгерлер бар. Он үміткер өзін-өзі ұсынса, қалған бесеуі «Нұр Отан» партиясының аудандық және қалалық филиалдарының атынан түскен болатын. Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге 6 аумақтық, 5 округтік және 9 учаскелік сайлау комиссиясы тартылды. Аталған округтегі сайлаушылардың жалпы саны шамамен 8,5 мың адамды құрайды.
С.Мұстафина Қостанай ауданындағы сайлау учаскелеріне барып, сайлау науқанын ұйымдастырушылық, құқықтық, әдістемелік және қаржылық қамтамасыз ету мәселелері мен алдағы дауыс беруге дайындықты бажайлады.
-Қостанай халқы мемлекеттік маңызы бар іс-шараларға толық қатысады. Бұдан өзге, ел Президенті мен партиялар сайлауында барынша белсенді. Қостанай ауданында қарттардың саны басым, сондықтан, сайлауға деген ыждаһаттылық жетерлік. Олар өздерінің балаларымен келіп дауыс береді. Кейбір үлкен кісілерге арнайы көлік жіберейік десек, қарсылық білдіреді. Өздері келіп қатысуды жөн санайды. Тиісінше, біз де ерте келушілерге сыйлықтар береміз,-дейді Облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Антонина Маркова.
Сонымен қатар дауыс беру күні қарсаңында және сайлау күні Орталық Сайлау комиссиясының мүшесі Қостанай, Денисов және Таранов аудандарындағы бірқатар округтер мен учаскелерге барды. Облыстың аумақтық, округтік және учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен бірқатар кездесулер өткізді. Онда сайлау процесіне барлық қатысушылардың сайлау заңнамасы нормаларының сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін, сайлау органдарының дауыс беруді ұйымдастыру мен өткізу, дауыстарды санау және сайлау қорытындыларын шығару жөніндегі міндеттерін талқылауға ерекше көңіл бөлді.
-Мұнда бәрі еліміздің сайлау заңнамасының талаптарына сәйкес өтті. Науқанның барлық кезеңдері, сондай-ақ қажетті сайлау рәсімдері оларға айқындалған мерзімдерде жүзеге асырылып, белгіленген тәртіпке сай болды, – деп атап өтті С. Мұстафина.Сайлау қорытындысы әлі тексерілуде. Нәтижесі газеттің алдағы санында жарияланатын болады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.