Қоғамдық кеңес – оппозиция емес

Қазақстан аумағында қоғамдық кеңестер 2016 жылы құрыла бастады. Осынау аз уақыттың ішінде көптеген күрделі мәселені шешіп үлгерді. Дегенмен, бұл ұйымның міндет-мақсаты халық арасында әлі де түсініксіз. Кейбіреулер оны оппозиция көреді немесе қатардағы көп кеңестің біріне балайды. Алайда, бәрі олай емес.89679c21-4866-4153-9c03-3e0ac07ea452
Лисаков төрінде Қостанай облысының қоғамдық кеңес мүшелерінің алғашқы съезі өтті. Мәжілістің басты мақсаты – қоғамдық кеңестің жұмысын жан-жақты түсіндіру. Бұл шараға облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев, ҚР Қоғамдық даму министрлігінің азаматтық қоғам істері комитетінің төрайым Әлия Ғалымова, облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Есжанов және мәжіліс модераторы, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің басшысы Салаут Мұқсимов қатысты. Бұдан бөлек аудандық қоғамдық кеңес мүшелері де бой көрсетті.
Алғашқы сөзді өңір басшысының орынбасары алды. Құрметті мейман қатысушыларға сәттілік тілеп, жиынды ашық деп жариялаған соң сөзді спикерлер жалғады. Олардың айтуынша, басты проблема – қалың жұрт аталмыш ұйыммен әлі таныс емес. Мәселен, Қостанай облысындағы қоғамдық кеңесінің хатшысы Валерий Вишниченко былай дейді:
-Біз ешқандай да оппозиция емеспіз. Бірақ көбісі солай ойлайды. Азаматтар адаспас үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Қоғамдық кеңес – халықты алаңдатқан мәселелерді шешуге тырысады. Ұйымның нақты мәртебесінің болмауы – оның жұмысын тежеп тұр. Егер бір мақсат әрі ұйым мүшелерінің куәлігі болса, ісіміз алға басар еді. Қоғамдық кеңестің жеке сайты болу керек, сонда халыққа етене жақындай түседі,-дейді ол.
Ал Астанадан келген Әлия Ғалымованың айтуынша, өзге өңірлерде қоғамдық кеңестің көмегімен қыруар шаруа шешілген. Мәселен, Жамбыл облысындағы ағын су мәселесі, Алматы облысындағы қоғамдық көліктегі келеңсіздіктер қоғамдық кеңестің арқасында өз шешемін тапқан.
-Қоғамдық кеңес әр деңгейдегі мемлекеттік органдардың дұрыс шешім қабылдауына зор пайдасын тигізуде. Дегенмен, барлық проблеманы бір арнаға тоғыстыруға болмайды. Кейбіреулер жеке бастың немесе бизнестегі мәселелерін алға тартады. Қоғамдық кеңес – аты айтып тұрғандай, өзара ақылдасатын консультативтік орган. 
Министрлік өкілінің айтуынша, кеңеске жастарды көптеп тарту қажет. Қазіргі таңда олардың саны тек 5,5 пайызды құрайды. Сондай-ақ, 4 мың адамның 32 пайызы ғана әйелдер. 
Ұйымдастырушылар алдағы уақытта қоғамдық кеңес мүшелерінің съездің жыл сайын өткізуді қолға алмақ. Келер жылы бұл жиын Қостанай ауданында өтпек.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Суретті түсірген автор.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓