Әулиекөлдегі өрт ауыздықталды
ТЖМ басшысы Юрий Ильин Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы табиғи өрттің тұмшаланғанын айтты.Тура бес тәуліктен соң, 7 қыркүйекте сағат 15.00-де тілсіз жауға тосқауыл қойылды. 43 мың гектар аумақты жайпаған қызыл жалынның жолы бөгелгені туралы жедел штаб басшысы, Төтенше жағдай министрі бейнеүндеу жариялады.
Оның айтуынша, дәл қазір жалындап жанып жатқан учаскелер жоқ, қалдық от ошақтарын сөндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аманқарағай, Лесной, Озерное және Бағаналы ауылдарының аумақтарында қарауылдау жұмыстары ұйымдастырылған.
«Жанудың салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған күштер мен құралдар азайтылды. Көмек көрсету үшін Ақмола облысының құтқарушылары, Восток РМК жеке құрамының инженерлік техникасы жерді жырту жұмыстарымен айналысатын болады. Сонымен қатар ТЖМ полкінің жеке құрамы және облыс бөлімшелері жұмыс орнына оралу туралы шешім қабылданғанға дейін оқиға орнында командирлермен бірге қалады. Қалған бөлімшелер кешке тұрақты жұмыс орындарына оралады»,-деді Юрий Ильин.
Өртті сөндіруге құрамында 207 техника, 5 өрт сөндіру пойызы, жеке құрамнан 1785 адам жұмылдырылды. Тілсіз жау өршіген сәттен бастап тікұшақтар әуеден 272 рет су шашқан. Барлығы 2091 адам қауіпсіз көшірілді. Бүгінде көбі өз үйлеріне оралып, қалғандары туыстарын уақытша паналап жатыр.