Ежелгі Тараз ескерткіштері (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің көрмесі ашылды. Шараға мәдениет саласының қызметкерлері, өңір зиялылары мен өнертанушылар қатысты. Көрменің ашылу салтанатына арналған жиында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сөз алып, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында соңғы жылдары музей қызметі саласындағы өңіраралық мәдени сабақтастықтың дамып, нығайып келе жатқанын айтты.
2000 жылдық тарихы бар көне Тараз топырағынан жеткен құнды жәдігерлер өлкетану музейінің екі үлкен залына орналасқан. Тараздық меймандарды бастап келген Нұрлыбек Әбілдиновтың айтуынша, «Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейінің бұл сапары Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналады. Көрме жұмысы Қостанайдан кейін Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Астана қалаларында жалғаспақ.
Жалпы, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде көне Тараз қалашығынан 3 365 жәдігер табылған. Оның 266-сы Қостанай көрмесіне қойылған. Олардың ішінде Түргештер заманында соғылған күміс, қола теңгелер, қарлұқ қағанаты дәуірінен жеткен әшекей бұйымдар мен тұрмыстық заттар, Қарахан дәуірі мәдениетінен сыр шертетін әйелдің алтын-күміс әшекей бұйымдары, қоладан құйылған шырағдандар бар. Облыс тұрғындары оңтүстіктен жеткен орта ғасыр жәдігерлерін шілденің 24-28-і аралығында тамашалай алады.
Суреттерді түсірген Бердіболат Көркембаев