“Тобылдың” жарқын жеңісі (БЕЙНЕШОЛУ)
Қостанайдың "Тобылы" Еуропа Лигасының алғашқы іріктеру кезеңінен сүрінбей өтті. Ол 1-турда Грузияның "Самтрелдия" командасымен бақ сынасты. Қонақта өткен алғашқы кездесуде қостанайлық жігіттер соңғы сәтте жеңісті жұлып әкеткен болатын. Фединнің алыстан тепкен добы қақпа торында тулады. Есеп – 0:1. Қазақстанда өткен қарымта ойын да "Тобылдың" пайдасына шешілді. Қостанайлықтар үлкен футболды сағынғаны байқалып тұр. "Орталық" стадион матч басталар бір сағат бұрын толып үлгерді. Сүйікті командасын қолдап келген жергілікті жанкүйерлердің қуанышы еселене түсті. Өйткені, Қостанай футболшылары тамаша ойын өрнегін көрсете білді. Алғашқы минутта Бауыржан Тұрысбектің айып алаңының сыртынан тепкен соққысы алыс тоғыздыққа тура түсті. Бұдан соң екінші тайм тәмамдалар тұста Азат Нұрғалиевпен Аслан Дарабаевтың шабуылы нәтижелі болды. Азаттың пасын Аслан ұтымды пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді. Осылайша, "Тобыл" келесі кезеңге өтті.
"Тобылдың" Еуропа жорығындағы келесі қарсыласы – Арменияның "Пюник" командасы. Ойын 26 шілде күні Қостанайда өтеді.