“Тәуелсіздік” тамызда тапсырылады
Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов облыс орталығындағы жылу қазандықтарын және жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көшелерді аралады.Қостанай алдағы жылу маусымына әзірлікті қазірден бастаған. Дегенмен, тұрғындардың қарызы белден асады. Бұл мәселе жауапты мекемелердің жұмысын тежеп отыр. Қазандықтарды қайта жаңарту үшін қомақты қаржы керек. Соған орай тариф құны да қымбаттауы мүмкін дейді коммуналшылар.
-Қарызы бар тұрғындармен жұмысты күшейту керек. Қостанайда қыс ерте басталады, бұны білесіздер. Сондықтан, қазан айында жылу беруге әзір болу қажет,-деді облыс әкімі.
Өңір басшысы қаладағы №8, 3 және 1-ші қазандықтарды аралады. Барлығы қыс қамына кірісіп-ақ кеткен.Бұдан соң ол Тәуелсіздік көшесіндегі жөндеу жұмыстарына барды. Облыс орталығындағы басты көшелердің біріндегі жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып кетті. Кесірінен қалада көлік кептелісі көбейді, халықтың берекесі қашты. Бұл жағдай өңір басшысына да ұнамаған болуы тиіс. Әкім жұмысшыларға қатаң ескерту берді. Ал жауапты тұлғалар шілде айының аяғында жолдың кейбір бөліктері ашылады деп отыр.-Қазір құрылыстың қызған шағы. Ең қиын тұсы – Баймағанбетов пен Алтынсарин көшелерімен қиылысы. Ол кезеңнен өттік. Әлі су құбырларын ауыстыру керек. Бұл жердегі құбырлар 30-40 жылдай жаңартылмаған. Бұрын темірден болса, енді полиэтиленге ауыстырып жатырмыз,-дейді қала әкімінің орынбасары Олжас Нұрғалиев.
Мұнда су құбырынан бөлек кәріз және жылу желілерін ауыстырмақ. Баймағанбетов көшесінінің ар жағындағы мердігер тас жол төсеу жұмыстарына кіріскен, ал Баймағамбетов пен Дулатов көшелелерінің арасына жауапты құрылысшы 26 шілдеде көлік қатынасына жол ашамыз дейді.
5 тамызға дейін Тәуелсіздік-Алтынсарин қиылысы, 20 шілдеде Тәуелсіздік-Абай қиылысы ашылады. Жөндеу жұмыстары қыркүйектің ортасында толықтай тәмамдалады.
Кенже ҚОНЫСБАЙ,
Сурттерді түсірген Бердіболат КӨРКЕМБАЕВ.