Өңірде қандай хабар бар?
Өңірде дәрігер тапшы
Облыста. Басқарма мәліметінше, аймақта 322 дәрігер жетіспейді. Әсіресе акушер-гинеколог, кардиолог, невропатолог, неонатолог, фтизиатр, инфекцияшы, анестезиологтар қажет. Алдағы жылда 563 адам зейнетке шығып, жағдай тіптен ушыға түсуі мүмкін. Биыл облысқа 118 маман келген. Есесіне 95 маман басқа өңірге ауысып кеткен.
Көшет егу – көшелі іс
Лисаков. Биыл жазда қала маңында ондаған саяжай мен тоғайлар өтеніп кеткен еді. Өңірдің «жасыл өкпесін» қалпына келтіру үшін ағаш отырғызу жұмыстары жүріп жатыр. Облыстан үш мың түп қайың көшеті жіберілген. Олар әр мекеме-ұйымға бөлініпті. Қызметкерлер де жаппай тал егуге білек сыбана кірісті.
Олжалы оралды
Рудный. Египетте грек-рим күресінен өткен турнирде Мирас Баршылықов жеңіске жетті. Ол Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен. 82 келі салмақ дәрежесінде оған тең келетін балуан болмады. Жарысқа әлемнің жиырма елінің таңдаулы спортшылары қатсқан.
Қауіп деңгейі анықталмақ
Жітіқара. Зиянды химиялық заттар көмілген саркофагтың қоршаған ортаға қаупін зерттеу жұмыстары басталды. Жарты ғасыр жатқан үйінді соңғы жылдары мүжіле бастаған еді. Тұрғындар улы металлдар ауаға, суға, топыраққа ауыр зиян тигізеді деп мәселе көтерген. Енді мониторинг жүргізуге облыс бюджетінен 19,3 млн теңге бөлініп отыр. Мамандар сынамалар арқылы көмбенің қауіп деңгейі анықталмақ.
Жанға батары – жол азабы
Б.Майлин. Нагорный ауылы тұрғындары жол қатынасының қиындағанына шағым айтты. 300-ден астам адам тұратын елді мекенге дәрігерлер жете алмауда. Мұнда апаратын жолдың ми-батпағы шығып жатыр. Аудан әкімдігі жылда қайталанатын мәселені шешу оңай емес дейді. Шамамен 3 млрд теңге қажет. Ал оны бюджеттен алу қиындау көрінеді.
Шекарашыларға тарту
Қарабалық. «Қайрақ» шекара бекетінің «Қарабалық» бөлімшесіне аудан әкімі Р.Халықов сыйлық тарту етті. Бұған дейін шекарашыларға аудандағы «Жапалақ» ЖШС басшысы дрон сыйлаған еді. Ал «Қаражар» ЖШС күн батареясымен жұмыс істейтін айналмалы бейнебақылау құрылғысын сатып алып берген. Ел шетінің тыныштығын күзеткен сақшылар демеуші тұлғаларға алғыс айтып отыр.
Жеткіншекке көмек көрсетілді
Жанкелдин. Торғай ауылынан 40 шақырым жерде науқас баланы аудан орталығына алып келе жатқан УАЗ көлігі батпаққа батып қалды. 6 жасар баланың қызуы көтеріліп, іші бүріп ауырып келе жатқан. Көмекке құтқарушылар аттанды. Екі сағаттан соң қыз бала ауруханаға жеткізілді.