ЕУРОПА ЛИГАСЫ: ЖАРЫС СӘТТІ БАСТАЛДЫ
Футболдан Еуропа лигасының бірінші іріктеу кезеңі Қазақстан үшін сәтті басталды. Қостанайдың «Тобылы» Грузияның «Самтредиа» командасын сырт алаңда жеңді.
Кездесу басталысымен алаң иелері жылдам гол соғуға ниетті екендерін көрсетті. 3-минутта шабуылшы Макацария "Тобыл" қақпасын нысанаға алды. Қақпадан сәл қиыс кетті. Содан кейін Мамасахлисидің соққысы айтарлықтай қауіп төндірді. Бірақ, Непогодов орнында. Қостанайлықтар көбіне қорғанысқа мән беріп, қарымта шабуылдармен ойнады.
Алаңға бой үйрете бастаған "Тобыл" жүйелі шабуылдарға да көшті. Алаң ортасында жүрген Ника Квеквескири әріптесі Бауыржан Тұрысбекке пас шығарды. Бауыржан алыстан шірене тартты. Алайда, доп қақпадан биік ұшты.
Ойынның екінші бөлігін қос команда алма-кезек шабуылдармен өткізді. Таблодағы есеп төреші қосқан 4 минутта өзгерді. Қостанайлық Максим Федин өз қапталындағы қорғаушыларды алдап өтіп, алыс бұрышқа тепті. «Самтредиа» қақпашы Погорелый бұл соққыға түк істей алмады!
Осылайша, «Тобыл» Қазақстан үшін биылғы Еурокубок бәсекелерін сәтті бастап берді.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ