Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ: «Кенесары тұлғасы толық танылған жоқ»
Берік Әбдіғалиұлы көпшілікке ұстанымы нық саясаттанушы, іскер ұйымдастырушы, білікті басшы, айтары бар азамат ретінде жақсы таныс. Бірнеше жыл Арқалық қаласында әкім болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосты. Ал оның соңғы жылдары тарих саласына қосып жүрген еңбектері өз алдына бөлек әңгіме. Мәскеу, Санкт-Петербург, Омбы, Томск қалаларының архивтерін ақтарып, зерттелмей келе жатқан Алаш әскері туралы еңбектер жария етті.
Бүгінде «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының директоры қызметін атқаратын Берік Әбдіғалиұлы жоғарыда аталған тақырыптар төңірегінде ой бөлісті.
«Қала қазақы қасиеттерді жоғалтты»
– Берік Әбдіғалиұлы, Арқалық қаласына әкім болып тағайындалған күннен бастап, әлеуметтік-экономикалық тұрғыда бірнеше жобаны қолға алдыңыз. Әкімдіктің жұмыс істеу форматы өзгерді. Қысқасы, қордаланып қалған мәселелер шешіліп жатты. Дегенмен, "мына нәрсе орындалмай қалды" дейтіндей не бар? Шыны керек, Арқалық «Ақ Берігін» жібергісі келмеді…
– Жасырып қайтемін, ол қаладан өзім де кеткім келмеді. Тұрғындармен тығыз байланыста жұмыс істеп үйреніп қалған едім. Жұмыстан тыс уақытта да адамдармен кездесіп, барынша ашық болуға ұмтылдым. Соның арқасында шығар, жеке поштама, блогыма, әлеуметтік желілерде хаттар көптеп келетін. Бір жағынан, күйі кетті деген қалаға әр келтіріп, өзімді сынағым келген шығар. Алайда, ротация бойынша мені Қарағандыға ауыстырды. 2013 жылдың желтоқсан айында қызмет ауыстыруым керек-тін. Үкіметке бұл лауазымды наурыз айына дейін созуды сұрадым. Мүмкіндік берсе, әлі де қала берер едім. Себебі, өзім бастаған қаланы дамыту бағдарламасын орындап кеткім келді. Халықтың маған деген құрметіне ризамын. Расында да, қиын шаруаларды тұрғындардың демеуімен шештік. Көбі білетіндей, жаңа ғасырдың бірінші онжылдығы тұсында моноқалаларды, яғни бір өндіріс ошағына тәуелді өңірлерді дамыту бағдарламасы қабылданды. Сол уақытта Қазақстанда жағдайы күрделі деген екі қала анықталды. Оның бірі – Жаңатас, екіншісі – Арқалық. Осылайша, Үкімет мені Арқалыққа жіберді. Маған Арқалықты дамыту бағдарламасын жасау тапсырмасын қойды. Біз қалаға қажетті бастамаларды Үкіметте қорғап, қаржы бөлгіздік. Мен «Арқалық-Шұбаркөл» жобасы басталып жатқанда келдім. Негізі, «Арқалық-Жезқазған» теміржолы дұрыс еді. Екі қала жақын орналасқан, егер жол торабы салынғанда бір-біріне экономикалық жағынан көмегі тиер еді. Қос өңірдің арасы небәрі 300 шақырым ғана. Мысалы, Арқалықта шығатын пайдалы қазбалар, құрылысқа қажетті материалдардың көбі Жезқазғанда жоқ. Олар керектілерді Қарағандыдан алдыртады. Ал, керісінше, Жезқазғанда Арқалықта жоқ өндіріс ошақтары бар. Арқалыққа әкім болып келгендегі арманым осы екі өңірдің арасын жалғап, байланыс орнату еді. Тағы бір өзекті мәселе – қираған ғимараттар. Дағдарыс жағадан жармасқан кезде жұрт қараусыз тұрған бетон тастарды бұзып, темірлерін өткізіп күн көрді. Қаланы дамыту бағдарламасы осы сұрақты да біржақты етер еді. Оның жоспарын жергілікті газетке жарияладық. Бірақ, ол іске асып жатқанда мені әкім қызметінен босатты.
– Бір сұхбатыңызда: «Әкімдер әлеуметтік-экономикалық мәселелермен шектеліп қалмауы керек, ұлттық рухқа мән берген дұрыс», – депсіз. Әрине, сіздің жұмысыңызды халық бағалайды. Өзіңіз осы үдеден қаншалықты шыға білдіңіз? Рухани тұрғыда қандай шаруалар атқарылды?
– Әкім өңірдің тұрмысына ғана жауапты емес. Рас, егемендік алған елең-алаң тұста қалалар мен ауылдардың жағдайы күрделі-тін. Оларды оңтайлы шешу үшін коммуналдық саладан бастап, өндіріске дейін нық тұрғызу мәселесі тұрды. Біз ол заманнан өттік. Дәл қазіргі сәтте тұрғындардың рухани өміріне де назар салу міндет. Себебі ұлттық тәрбие, салт-дәстүр жағынан әкімдерге ойланатын жағдай туындады. Мысалы, мал шаруашылығы жақсы дамыған өңірдің әкімі агроном немесе ветеринар болуы шарт емес. Бастысы, қазақы ойлай алатын жаңа мемлекеттік менеджер болсын. Әсіресе, еңсесі түсіп кеткен ауылдардағы жастарды алға жетелейтін адамдар қажет. Көптеген жаста мақсат жоқ, ынтасы аз, соның салдарынан нәтиже шығара алмай жүргені. Ұлт сана-сезімінің діңгегі, рухани азығы – ауылдағы ағайынның талап-ұсынысын тыңдау да әкімдердің бір жұмысы. Елді мекендер мен көшелердің тарихи атауларын қайтару мәселесінің өзін әлі де біржақты ете алмай келеміз. Мәселен, қазір білмеймін, бертінге дейін Арқалықта Комсомольский, Пролетарский, Ленин, Фурманов көшелері болды. Мұның бәрі идеология мәселесі мен соның басшыларына байланысты.
– Облыста Ленин көшесі әлі де бар, аға! Осы көше ауыстыру мәселесіне келгенде қаншама абыройлы аға-апаларымыз кідіріп қалады. Оның шет жағасын өзіңіз де көрдіңіз. Бұл әлгі жасқаншақтық пен жалтақ қазақтың жайы ма?
– Барлығына өзіміз кінәліміз, ақталудың қажеті жоқ. Елдік алған тұста басқа ұлттардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы жоғары болатын. Орыс ұлты тіл үйренуге психологиялық тұрғыдан алғанның өзінде дайын еді. 1994 жылы ма деймін – Қазақстаннан 3 миллионға жуық адам көшіп кетті. Міне, бұлар – қазақ тілін мойындамайтындар. Ал қазақылыққа көндіккендер елде қалды. Бірақ, қатты айтсаң өзімізге тиеді, сол кезде барлығын қазақыландырып алу керек еді. Ал қазір бір көшенің атын өзгерту үшін біреулерден рұқсат сұрауға мәжбүрміз. Бас кезінде шешіп алмаған соң, қазір кеш. Басқасын қайдам, Петропавл, Павлодар қалаларының атауларын уақытында ауыстыра алмадық. Қазір біздегі «көрші факторы» ықпалының күшеюіне байланысты, жақын арада бұларды оңайшылықпен ауыстыруымыз екіталай екенін, өкінішке қарай, мойындауымыз керек. Енді ұлттық рухқа келгенде басқа жолдарына көшуге болатын сияқты.
– Қандай?
– Жас өскіннен бастау. Орыстілді мектептердегі еңбек, музыка, дене шынықтыру, алғашқы әскери дайындық сабақтарын толық мемлекеттік тілге көшірмей, қазақы кадр дайындау ісі жоғала береді. Білім саласына бөлініп жатқан миллиардтардың бір бөлігін тарих ақтаңдақтарын ашуға бөлсе, көп олқылықтың орны толар еді. Біздің уақыттың солдаттары осы қалғанымен қалды. Жер-жерде дәстүр мен ғұрыпқа байланысты түрлі шаралар өтіп жатыр. Осылардың сапасын арттыру маңызды. Әуелі, санадағы бодандық түндігін ысырып тастай алсақ дейсің. Отарсызданудың өзі – сол бодандық санадан құтылу. Жалтақтық пен жағымпаздық соның ішіне кіреді. Бір әңгіме есіме түсіп отыр. Баяғыда құл ұстаудың екі жолын пайдаланған екен. Бірі – мәңгүрттік, екіншісі – аяғы ауыр әйелдерді әкеліп, күйеулерін өлтіреді. Әлгі әйелдің үрейі іштегі балаға сіңіп кетеді екен. Міне, осы үрейді сыртқа шығарып, ұлттық мәселеге келгенде кідірмеуге тырыссақ қой. Қазақтың небір мықты жігіттері жүр арамызда, біз өз-өзімізге, ақылымызға сенсек, талқыға түсіріп, «езіп» келе жатқан көше атауын ауыстыру ең оңай шаруа болады.
– Ғаламторды шулатып жүрген Оғыз Доғанның ісін қалай қабылдадыңыз? Кейбіреуі «жай ғана шоу» десе, енді бірі «нағыз патриот» деп жарыса жазды.
– Бір қарасаңыз, өмірдің өзі шоу. Оғыз Доған ұйықтап жатқан қазағың тұрмақ, мінберде жүрген «сымақтарға» ой салды. Өз тілін менсінбейтін қазақтың намысына тиді. Мұндайлар қажет бізге. Өз басым бұны көріп отырып ұялдым. Іштей ойланып қаласың. Бірақ, бұл аз. Оғыз Доған шулатты-шулатты да қойды. Қайтадан өзіміздің көнбістікке келдік. Осы мәселелерді бастапқыда еш саясиландырмай шешіп алуымыз керек еді. Бұл әуелі жастарға керек. Қазақы мінез жетпей жатыр. Хас батырлар ханның алдында да төменге қарап тұрмаған. Қазір жылтыр нәрселерге қызыққандар, «понт» үшін ұрандайтындар көбейіп барады. Қала мен ауыл қазағы деп бөлуді де қойдық. Бұрын тілді қолдану бойынша ажыратылатын. Бір өзгешелігі, асфальтта өскен бала қанша жерден қазақша сайраса да, оның бойынан еуропалық тәрбие көрініп тұрады. Қаладағы қазақ өз ағайынының үйіне емін-еркін кірмейді. Мойындайық, қала көптеген қазақы қасиеттерді жоғалтты. Соңғы уақытта бұл ауыл қазағына да тән болып барады. Бес саусақ бірдей емес, арамызда қазақ тілін біліп, түсініп, қазаққа жаны ашымайтын, өзінің қарақан басын ойлайтын азаматтар бар. Керісінше, қазақша сөйлей алмайтын, патриоттық тәрбиесі мықты, елім деп тұрған бауырлар бар. Демек, қазір тілден бұрын тәрбиені жөнге келтірсек пе деймін. Тәрбиесіз, жалаң ойлы қазақтың өзінің тілі мен ұлтына қарсы шығуын жоққа шығара алмайсыз. 1930 жылғы қазақты қынадай қырған ашаршылық пен қудалаудың бас жағында қазақтар да болған. Дін мен дәстүрді бұзуға сеп болған да сол қазақтар. Сол себепті, тілді басқаларынан бөліп алып, жеке құндылық ретінде қарастырудың өзі дұрыс емес. Өзге ұлттың қазақ тіліне емес, қазақ ұлтына деген көңілі маңыздырақ.
– Осыдан 4 жыл бұрын шыққан кітабыңызды «Қазақ болайық!» деп атапсыз. Мұқабасын қарағанда «қазақты қазақ болуға шақырудың не қажеті бар?» деп тіксініп қаласың. Жалпы, қазақтың тағдырын тақырып етіп, ғаламторда өз атағын шығарып жүргендер көбейді. Осылардың ойын өзгерту қаншалықты қиын?
– "Сананы тұрмыс билейдіге" салсаң, сұрағыңның жауабын табасың. Шынайы өмірде басқа, виртуалды әлемдегі ұстанымы бөлек адамдарға әкім тұрмақ, әкесі да тоқтам сала алмауы мүмкін. Өйткені, оның ойы өзіне дұрыс көрінеді. «Фейсбук» пен «ватсаптағы» өмірі қиындап кеткен кезде, ол дұрыс жолға өзі-ақ оралады. Меніңше, қазақ қоғамының психологиясында бір қарама-қайшылық бар. Бір жағынан, жалған мақтаншақ болса, екіншіден, өз-өзін кемсітушілік, өз күшіне сенбеушілік бар. Осы бір парадокстың себеп-салдарын талдайтын ғылыми зерттеу жұмысы керек пе деп қаласың. Қазақ болып қалудың бір жолы – материалдық тұрғыда баю. Сонда ешкімге кіріптар болмаймыз. Қызық феномен бар. «Өзағаң, ақшаға болса, есектің артын жуады» дегенді айтып жүр ғой. Мұны әзіл деп қарауға да болады, сайып келгенде, қазақ аштан өліп бара жатса да ешқашан есектің артын жумаған. Тіпті, ұсақ-түйек, тұрмыстық жұмыстармен айналысқысы келмейтін қазақтар бар. Оны еріншектікке жатқызуға болмас. Ол аз десеңіз, қазақ саудамен айналыспаған. Ол да сырттан келді. Шымкентте түрлі ұлт өкілдері шоғырланған бір аудан бар және шаруалардың бәрі мақта егеді. Бірақ, көбі қазақтардан бай тұрады. Неге екенін анықтасақ, басқа ұлттың адамдары мақтаны өздері егіп, өздері жинайды, өздері сатады. Ал біздікілер өздері егеді де, жинап-сату жағына адам жалдайды. Сөйте тұрып, басқалар байып бара жатса, ішіміз күйеді. Бұл – қазақтың кертартпа мінезі.
– Жасыратыны жоқ, елден безіп, ақша қуып, шет елді паналауға кеткендер туралы әлеуметтік желілерден оқып жатырмыз. Сіздіңше, біз бақытты ұлтпыз ба?
– Ноғай халқын жақсы білесіздер. Қазақ халқы тарихында Ноғайлы заманының орны ерекше. Жолым түсіп, Ресейдегі ноғайлар орналасқан өңірге бардым. Өзім кітап салып апарған «Алматы кітаптың» сөмкесін қоқысқа тастай салайын десем, сондағы бір жігіт болмай, сұрап алды. Түсінбей, аңтарылып қалдым. Сөйтсем, ол пакет сыртындағы ұлттық нақышқа қызығып тұр екен. Олар ең болмаса бауырлас елдің өзіне тән белгісін қызықтағанды медет тұтады. «Аға, қазақтар, бақыттысыздар ғой. Армандарыңыздың бәрі орындалды. Біз әлі жүрміз», – демесі бар ма! Негізі, бастапқыда мән бермедім. Кейін үйге келіп, ойланып отырсам, расында да біз қандай бақытты елміз! Он бесінші ғасырда Ноғай елі қандай еді? Ұлттық тарихы, мәдениеті – түгел құлдырап кеткен. Бұл – бір ғана мысал. Әрине, елдігіміз бар деп, тып-тыныш жата беруге болмайды. Басшылар үлкен мақсаттар қойды. Қазақ өз-өзіне күледі. Әлеуеті қарыштаған хандық болдық десек, тағы да күлеміз. Ел ішінде "қазақбайшылық", "қазақбайлау" деген сөздерді айтып жүр. Соңғы кездері кейбір БАҚ бұларды бас тақырыпқа қоятын болыпты. Аталған сөздер "сапасыз", "тиянақсыз", "жартыкеш" дегендермен синоним ретінде қалыптасты. Бұған кім кінәлі? Дастархан басында «қазақбайский» деп отыратын қазақ кінәлі! Әлемде ресми мойындалған екі жүзден астам ел бар дейді. Соның ішінде жер көлемі жөнінен тоғызыншы тұру деген – үлкен жауапкершілік. Соны әуелі әр қазақ сезінсе ғой!
«Киелі жер» мәртебесін кім бекітеді?
– Соңғы жылдары тарих саласында қомақты еңбек етіп келесіз. Қазақ пен өзбектің тарихқа байланысты ортақ мәселелері қордаланып қалды. Ташкент қаласы Сырдария облысының орталығы болды әрі Алаш зиялыларының көбі Өзбекстанда тұрды. Бүгінде осы бағыттағы зерттеу жұмыстары көлеңкеде қалып қойғандай. Қысқасы, Өзбекстан архивтері біз үшін әлі жабық…
– 1916-1917, 1920 жылдары болған оқиғалар әлі де зерттеуді қажет етеді. Сондықтан, Қазақстандағы Өзбекстан жылында гуманитарлық, әдебиет, мәдениет саласындағы ынтымақтастықтан үлкен үміт күтеміз. Ғалымдарға архивпен жұмыс істеуге жол ашылуы тиіс. Бірақ, қазір жаңа президент Шавкат Мирзиёев келгеннен кейін жол ашылады деп жүрміз. Өйткені, ол жақында Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасын насихаттау туралы қаулыға қол қойды. Екі ел арасындағы рухани байланыс қайтадан жанданып келеді. Бұйырса, екі жақтың тарихшылары бір ауқымды жобаны қолға алуы тиіс. Оны нақты ашып айтпай-ақ қояйын.
– Тарихшылардың арасында еңбегі ескерілмей жатыр деген кімді атайсыз? Бәлкім, әлдебір зерттеушінің жұмыстары көлегейленіп жүрген шығар. Мұны сұрап отырған себебім, бір ғана Кенесары тақырыбын зерттеп жүргендер қарама-қарсы пікір айтады.
– Мынанікі дұрыс емес, анау белсенді деп айтқаным болмас. Шын маманның еңбегі әйтеуір бір жарыққа шығады. Тек оларға насихаттау керек. Бүгінде нағыз тарихшыдан гөрі журналистер мен әдебиетшілер тарих жазатын болып кетті. Насихатталу жағынан да солар алда. Әдебиетшінің әдістемесі тарихшынікінен басқа. Тарихшының еңбегінен гөрі тақырып ескерілмей жатыр деген жөн. Қазақтың еркіндігін армандаумен кеткен асылдарымыздың есімдері толық ашылмай, тіпті, айтылмай келеді. Соларды түгендеу бүгінгінің еншісінде. Осыдан 8 жыл бұрын белгілі ғалым Дихан Қамзабекұлынан Мәскеу қаласындағы «Донской» зиратындағы шіркеуде Смағұл Сәдуақасовтың сүйегінің күлі жатқанын естіп, арнайы іздеп бардым. Зират басшылығына марқұмның күлін елге қайтару туралы өтініш жаздық. Сондай-ақ, Балқаш қаласына қойылған Ағыбай батырдан бөлек, отаршылармен соғысқан қаншама батырлар болды. Соларды білеміз бе? Тағы бір мысал, көбі Кенесары тақырыбын зерттеліп бітті деп ойлайды. Рас, Бекмаханов құнды еңбек қалдырды. Одан кейін де бір-екі тарихшы зерттеуге тырысты. Бірақ, олар да толық аяқтамады. Патша әскерінің орталыққа жіберіп отырған хаттарында Кенесарының Торғай, Ырғыз, Ұлытау, Қарақұмның жерлерінде жүргенінен бастап, қай қыстақта болғанына дейін бар. Біз бұл күнде Кенесары жорықтарының нақты маршрутын жасай алмай отырмыз.
– Ол үшін көп қаржы қажет пе?
– Жоқ. Тек архивтерді ақтарып, уақыт бөлу қажет. Әуелі, Алаш әскерін зерттеген жөн. "Алаш әскерін зерттеуге болмайды" дейтін уақыт артта қалды. Кезінде Дина Аманжолова сияқты ғалымдар бастап, Мәмбет Қойгелді ағамыз қостады. Ары қарай тоқтап қалды. Тарихшыларда талпыныс жетпей жатқандай көрінеді. Тағы бір білетінім – жоғарыда айтқан Кенесары тақырыбы өз адамын күтіп отыр. Тың деректер әлі де шығады. Қазір кедергі жоқ. Сондықтан мүмкіндік бар кезде пайдаланып қалған дұрыс.
– Өзіңіз Алаш әскері тақырыбына қалай келдіңіз?
– 1917 жылы қазақ жерінің барлық аймағында Қазақ комитеті құрылып жатты. Кейін оның бүкілі бірігіп, Алаш комитетіне айналды. Зерттелмей жатқан тақырыптың бірі сол Алаш әскері-тін. Ғалымдар мен тарихшыларымыздың жекелеген еңбегі болмаса, толыққанды Алаш әскерінің саны қанша болды, оны кімдер басқарды, мақсаты мен құрылымы қандай болды деген сұрақтар мені бұрыннан-ақ мазалап жүр еді. Сондықтан, Ресей мен біздің елдегі архивтерден біраз құжаттарды жинадық. Ресейде тарихи-әскери құжаттардың жиынтығын ұсынатын «Белый фонд» деген архив бар. Сол жерде Азамат соғысынан бері көптеген тарихи құжаттар сақталып қалған. Біздің Алматы, Семей архивтерінде, Томск, Омбы архивтерінде де кездеседі. Соның барлығын да түздік. Күні кеше Қостанай архивіне барып, 16 әскери туралы дерек тауып алдым. Негізі, Қостанайда мыңға жуық әскері бар екі полк болды. Соның бірі – «Конно-киргизский полк». Бұл дегенің – Алаш әскері. Осы ретте бір назар аударарлығы, бұл тізімді қызылдар жасаған. Мәселен, әскер құрамындағы Есмұхамед Тоқаев, Жүсіпқұл Жүсіпов, Әлмұхамед Есжанов есімді сарбаздарға «джигит» деген атақ беріпті. «Джигит» – қатардағы сарбаз. Міне, әріптестерімізге, тіпті қостанайлық тарихшыларға тағы бір шаруа шықты. Олар ерінбей өздерінде бар архивтерді ақтарса, көп нәрсенің бетін ашар еді.
– Ғалымдардың пікірінше, «сакральды география» – халық тұрмысында өшпей сақталған мәдени жады. Тарихи оқиғалар бір бөлек, мәдени орындар туралы жер-жерде аңыздар шықты. Ата-бабасының тарихына үңіліп, түп-тұқиянын зерттеп, көнеден жеткен салт-дәстүрлерін келешек ұрпаққа аманаттау кез келген ұлт өкілінің ұлы мұраты екеніне дау жоқ. Дегенмен, тағы да сол ғаламтор беттерінде болсын, Қазақстанның қасиетті 100 орнына байланысты арагідік қарама-қайшы пікірлер айтылып жатты. Өзінің өткенін білуге деген талпынысқа шалағайлық араласып, өлкетанушылар өзімшілдікке салынып, өз ата-тегін асқақтатуға тырысады деген күмәнға да негіз бар сияқты. Бұған не дейсіз?
– Әуелі, 100 орынға байланысты мәлімет берейін. Негізі, бағдарламаның басты басымдығында «100 орын және кешен» деп көрсетілген. Қатып қалған ештеңе жоқ. Ол 150 орын немесе 300 орын болуы мүмкін. Мысалы, Сақ-Сармат қорғандарын алайық. Оның бір өзінде 6-7 кешен бар. Бастысы – нақтылық пен сапа. Рас, түскен материалдардың арасында жершілдіктің, рушылдықтың иісі шығып тұрғандары болды. Оларды іріктеп, ретке келтіріп алдық. Біздің мақсат – әзірше қолда бар мәліметтің барлығын ала беру керек. Өйткені ертең олардың өзінің ізін таба алмай қаламыз. Былтырғы жұмысымыз осы қазақтың киелі жерлерінің тізімін жасау болды. Энциклопедияларды құрастыру кезінде әр өңірдегі маман-тарихшылармен қатар ауыл-аймақтағы өз бетімен зерттеу жұмыстарын жасап жүргендердің ізденістерін пайдаландық. Жергілікті өлкетанушылардың арасында тиісті нысанды немесе тұлғаны асыра бағалау не кем көрсету жағы орын алмай ма деген мәселе талқыға түсті. Сол үшін де арнайы комиссия құрдық. «Қасиетті Қазақстан» – кешенді бағдарлама. Ол кітап шығарумен, бейнефильм түсіріп, карта жасаумен шектелмейді. Мәселе тарихи-мәдени, археологиялық, архитектуралық құндылықтарымызды жас буынға сіңіруде. Оны әуелі өз халқымызға дәріптеп, шет жұртқа қалай насихаттаймыз? Жасыратыны жоқ, осы кезге дейін отар ел болған соң көп жайттарды жасырып-жауып келдік. Біздің екінші кезектегі жұмысымыз – осы киелі орындарға бару. Тұрғындардың қызығушылығы тууы керек. Насихат жетпей жатыр. Мәжбүрлеп апарсаң да барған адамның санасын өзгерте алмайсың. Кейкі батырдың сәулетті кесенесі орнатылды. Соған кім барып жатыр қазір? Мақтаншақтық, асыра сөйлеу жағынан ешкімге дес бермейміз. Шағын ұлттар істеген шаруалардың көбін жасай алмай келеміз. Мәселен, өркениетті елдер, тіпті, көршілес орыс халқы, тарихи, әдеби, тілдік ескерткіш мұраларына әрбір он-он бес жылда қайыра соғып жаңалап, соңғы басылымнан кейінгі ғылым-ілім жетістіктерін ескеріп, қайта басып шығарады. Нешеме жылға жалғасқан немқұрайлылық, ұлт руханиятына, тарихи-мәдени орындарына жаны ашымастықтың салдарынан теңдессіз талай мұрамыздан айрылып қалдық. Ендігі міндет – қолда бар қасиеттілердің құндылығын жоғалтпау. Мұның бәрі ғылыми негізде жүйелі түрде жүргізілуге тиіс. Тағы да айтамын, «Киелі жер» мәртебесін мемлекет бекітпейді. Мұны халықтың өзі анықтайды. Егер халық бұл орынды киелі деп санаса, біздің бұйрықтар мен шешімдерсіз-ақ киелі болып саналады ғой. Әр өңірде мұндай орындар саны әр түрлі, бірақ картаға енетін киелі орындардың нақты санын экспедициядан кейін ғана айта аламыз. Қазірдің өзінде 185 қасиетті өңірді санадық.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ