КӨҢІЛІ даладай, ҚЫЛЫҒЫ баладай
Қаламдастар хақында әңгіме-дүкен құрғанда
"Шық бермес Шығайбайды осылай шығындатамыз"
– Белгілі ақындар Қайнекей Жармағанбетов пен Хамит Ерғалиев бір-бірімен қатты сыйласқан. Бастары қосылғанда көңілдерін көтеру үшін "жүз грамдатып" қояды екен.
Бір күні Асекеңнің ағасы, Қакеңе туыс Әнуар сондай отырысының үстінен шыққанда:
– Бізге шампан әкелсең болды, содан кейін татып алмаймыз,– деп Әнекеңді дүкенге жүгіртеді.
Шампанды тауысқан соң бөтелкесінің сыртына "Бүгіннен бастап ішуді тоқтатамыз" деп жазады да, астына қолдарын иректетеді.
Араға апта салып соқса, ағалары баяғыша гүжілдесіп отыр.
– Оу, ақсақалдар! Бұларыңыз қалай?-дейді Әнекең таңданып.
Сонда:
– Шық бермес Шығайбайды осылай шығындатамыз, – депті ағалары қосарласып.
Қазақ поэзиясында өзіндік қолтаңбасы бар әлгі ағалардың орны қазір ойсырап тұрғандай.
"Жиналыстың жабылуы қиын болды-ау"
Айтыс өнерінің дүлділі Нұрхан Ахметбековтың туғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты кеш тарқар тұста ауаткомның төрағасы Тастанбек Шманов алдындағы қағаздарын аударыстырып, тұрыңқырап қалады.
Осы сәтті ұтымды пайдаланып, ақын Ғафаң-Ғафу Қайырбеков:
– Жиналыстың ашылуынан жабылуы қиын болды-ау", – деп жұртты ду күлдіріпті.
Сөйтсе, қызметкері "Кешті жабық деп жариялауға рұқсат етіңіздер" деген сөздер жазылған парағын бастығына тапсыруды ұмытып кетіпті.
"Немене, күшік те болғансың ба?"
Арқалықта қалалық мәдениет үйінде талантты ақын Серік Тұрғынбекұлының шығармашылық кешінде жылы лебізін білдіре келіп, танымал әдебиет сыншысы Жұмаш Сомжүрек ертеде Серіктің нағашы қарындасына арнаған өлеңін:
…Күшігің боп мен сенің,
Балтырыңнан тістер ем,– деген жолдарымен аяқтаған еді, дейді.
Банкетке кірер де оңашалау жерде зайыбы Жанна жаңағы жолдарға бола Серікті тықсырып жатыр.
Жанына тақадым да:
– Жанна! Болмашы нәрсеге өкпелеп қайтесің? Бойдақ кезінде жігіт қызды ырқына көндіру жолында не істемейді? Бұл да сондай кепті басынан кешкен болар. Бүгінде Серігің жыр жүйріктерінің санатында. Абзалы, райыңнан қайтып, дастарқанның төріне жайғасқаның жөн,– деп ақыл қостым.
Жанна сөзіме құлақ асты да, кеш бойы жадырап отырды.
Жақсылық Жүнісұлы.