“Жасыл елді” көгертпеген…
Қостанай қаласының №2 соты "Жасыл ел" жастар еңбек отрядының республикалық штабы" мекемесінің облыстық филиалына жетекшілік еткен 29 жастағы Қайрат Әбдіхалықовқа қатысты қылмыстық іске нүкте қойды. Оған 16 млн теңге жымқырды деген айтып тағылды. Бұл ақпаратты облыстық соттың баспасөз қызметі таратты.Қылмыстық істің материалдары бойынша, 2014-2015 жылдар аралығында Әбдіхалықов алдын ала келісім бойынша К., Е., Х., К., И., Ш атты тұлғалар тобы арқылы жымысқы әрекетін жүзеге асырып келген. Кәсіпкерлермен келісім жасасу арқылы олардың жеке кәсіпкерлігіне өз таныстарын жұмысқа орналастырып, кейін ғана оларды еңбек отрядына рәсімдеген. Филиалдың менеджері Е. атқарылған жұмыстар мен төлем ведомстволарының жалған актілерін дайындайды. Сол арқылы республикалық бюджет қаржысын қалтаға түсірудің жолын тапқан.
"Қалалық сот іске қатысы бар тұлғалардың соңғы легін қылмыстық мерзімге соттады, екеуі ғана үкімнен босатылды. Айыпкерлер барлық ұрланған қаржыны сот талқылауы барысында мемлекет қазынасына қайтарды. Қ.Әбдіхалықовтың ісі жеке қаралды", – деді баспасөз қызметі.
Солайша, Әбдіхалықов кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Барлық дүние-мүлкі тәркіленіп, өмір бойына ұйымдастырушы-басқарушылық лауазымнан шеттетілді. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқарушылық жүйесі мекемесінде өтейтін болады.