Отбасының көзінше опат болды
Қайғылы оқиға 7 шілдеде Қостанайда, Тобыл өзенінің Гагарин тоғанында болған, – деп жазады alau.kz тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, дәл сол маңда үш әйел суретке түскісі келген.Селфи жасап жүрген оларға құтқарушылар келіп, бұл маңның қауіпті екенін ескертіп, шомылуға тыйым салынған жерден кетулерін ескерткен. Бірақ әйелдер, құтқарушылар кетісімен, суға түседі.
"Олар суға шомылуға барып, сәлден соң бата бастады. Дәл сол жерде отбасы демалып жатқан еді. Ер адам оларды құтқару үшін суға секірді.Ал олар жанталасып, ер кісінің үстінен басып, суға батыра берді. Ол әлінен айырылып қалды. Бірақ ол әйелдерді жағаға қарай итеріп шығарды, ал өзі шыға алмады. Ер адам әйелі мен балаларының көзінше мерт болды", – дейді куәгерлер.
Дәл осы маңда өткен аптада құтқарушылар екі адамды ажал аузынан аман алып қалған болатын.
Естеріңізге салайық, бұған дейін Қарасу және Таран аудандарында балалар суға батып кеткен еді. Қостанай ауданында жағадан ер адам денесі табылды. 1 шілдеде Лисаковта жас жігіт судан опат болып, Рудный мен Қостанай ауданында тағы екі адам тұңғиқыққа батып кетті.
Полицейлер мен құтқарушылар облыс бойынша рейдтер жүргізіп жатыр.