Спартакиада ауылы алыс емес
Биыл Қостанай облысының «Тың-Целина-2018» спартакиадасы Лисаков қаласында 16-19 тамыз аралығында өтеді. 33-ші рет жалауын көтергелі отырған байрақты дода жас шаһардың қала күні мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазіргі таңда спорттық жарыстарды өткізудің барлық қаржылық мәселесі шешіліп қойған. Бұл туралы аймақтық әкімдікте өңір басшысы А.Мұхамбетовтің жетекшілік етуімен және аудан-қала әкімдерінің онлайн қатысумен өткен селекторлық кеңесте облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Е.Вильямс баяндады.
– Спорттық жарыстарды өткізуге 44,7 миллион теңге жоспарланса, оның 17 миллионы аудан-қалалардың бюджетінен, 27,7 миллионы облыстық бюджеттен Лисаков қалалық әкімдігіне спорттық жабдықтар алуға бөлініп отыр. Жыл сайын салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа бет бұрып, додалы жарысқа қатысушылар саны артып келеді. Қазіргі таңда аймағымызда спортпен шұғылданатындар саны 261 мыңға жетіп, барлық тұрғындардың 30% құрап отыр. Мәселен, өткен жылы Рудныйда болған спартакиадаға 42,8 мыңнан астам адам қатысқан. Ал биыл олардың саны 43 мыңнан асады деп жоспарлануда. Бұл халықтың бұқаралық спортқа деген оң көзқарасын қалыптастырады, – деді Е.Вильямс.
Биылғы спартакиадада спорттың 18 түрінен жүлделер сарапқа салынады. Олар баскетбол (ерлер мен әйелдер), волейбол (ерлер мен әйелдер), футбол, жеңіл атлетика, Президент көпсайысы, қазақ куресі, тоғызқұмалақ, шахмат, еркін және әйелдер күресі, грек-рим, дзюдо (ерлер мен әйелдер), гир көтеру спорты, үстел теннисі, пневматикалық винтовкадан ату.
Ш.Аңсағанқызы