“Тұтқында” қалғандарына аптадан асқан (БЕЙНЕ)

"Қостанай таңы" газеті сайтының "ВКонтакте" желісіндегі парақшасына Святослав Рейх есімді қолданушыдан ұялы телефонмен түсірілген бейне келді. Онда тонналап алма тиеген 11 жүк көлігінің Қостанаймен шектесетін Тройцк кеден бекетінен әрі аса алмай, апта бойы тұралап қалғаны баяндалады. 
 
 
Бейне авторының айтуынша, Тройцк кеден бекеті олардың көліктерінің шекараны кесіп өтуіне тыйым салып отыр. 
 
– Кеденнен әрі асып өте алмай жатқанымызға аптадан астам уақыт болды. Кеден басындағыларға барып, мән-жайды сұрағымыз келген еді, нақтылы себебін түсіндіріп айтпады. Бізді жібермеулерінің жорамалды себебі – тиеп әкеле жатқан тауарымыздың сертификаты еуропалық екен, біресе жүк шамадан тыс тиелген дейді. Бергі беттегілер Челябі тарабына сілтейді, ал олар "біздің аймақта емессіңдер" дегенді айтады. Екі жақ та жауапкершіліктен жалтарғысы келетіндей. Бұл келеңсіздіктің анығын біле алмай отырмыз. Ас-ауқат та таусылудың алдында. Не асхана, не жуынар орын, не әжетхана жоқ. Бір сөзбен, ешқандай жағдай жасалмаған жерде не істерімізді білмей дал болып отырмыз. Жанар май да, ақшамыз да таусылуға шақ қалды, – дейді көлік жүргізушісі.СвятославОл бұған дейін арғы беттегі 31tv.ru телеарнасына да жүгініпті. Мәселені бірден қаперге алған бұл арнаның тілшісінің жазуынша, Тройцк кедені қызметкерлерінің де өз уәждері бар. Олар жүк көлігінің иелері Қазақстаннан тиелген қырғызстандық жемісті  еуропалық ілеспе құжатпен тасымалдағысы келгенін айтқан.
 
– Құжаттарға сәйкес, жеміс Қырғызстанда өндіріліпті. Бірақ біз алманың сынамасын алып, сараптамаға жіберіп, жемістің еуропадан келгенін анықтадық. Ал бізге көрсетілген құжаттар мүлде басқаша. Оған қоса, Қырғызстан республикасының ресми органдары қайта жолдаған ресми ақпарат та бұл заңсыздықты айғақтай түсті. Бұл сәйкессіздікті жою үшін қосымша құжаттар сұраттық, алайда ұйым басшысы бұл талабымыздан жалтаруда. Қазір біз сол тараптан қандай да бір жауап тосып отырмыз", – деп жауап берген кеденшілер.
 
Сондай-ақ, ведомство қызметкерлері тұйыққа тірелген жүргізушілер үшін жұмыс берушілері жауап беруі керек екенін айтқан. Әзірге қос ел шекарасы қызметкерлерінің қолдарынан бар келетіні – келеңсіздік "тұтқынында" отырған шопырларға ішуге су, қоңырау шалуға телефон беру сияқты қарапайым көмек көрсете тұру ғана.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓