Бірнеше ауданның әкімдері ауысты
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қарабалық ауданына жасаған жұмыс сапары барысында жергілікті мәслиxатпен келісе отырып жаңа әкімді тағайындады. Аудан басшылығына Нұржан Қайыржанұлы Өтегенов келді. Ол бұған дейін Амангелді ауданының әкімі лауазымын атқарған болатын. А.Мұхамбетов аудан басшысына ауыл шаруашылығын қолдауға нақты шаралар қабылдап, жаңа агротехнология тұтынысын арттыруды, мал шаруашылығын мандытуды және ауданның әлеуметтік әлеуетін көтеруге ден қоюды тапсырды.
– Нұржан Қайыржанұлы осыған дейін Аманкелді ауданының экономикасын біршама жақсартты. Бірнеше жыл жөнделуі аяқталмай тұрған Арқалық-Торғай бағытындағы тасжолдың жұмысын жандандырды. Мұның сыртында Астана қаласына барып, ауданға инвесторларды тарту мәселесін де қолға алды. Қарабалық ауданының негізгі күші – ауыл шаруашылығы. Мұндағы бір ғана «Терра» бордақылау алаңында қазір бірнеше мың ірі қара өсірілуде. Шағын-шағын шаруа қожалықтарды осындай әлеуетті кәсіпорын, фермаларға қосып жандандыруға болады. Осыны ескеру керек, – деді Архимед Мұхамбетов актив жиналысында.
Нұржан Өтегенов 1978 жылы дүниеге келген. Ұлты – қазақ, білімі – жоғары. 1999 жылы А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін қазақ тілі және әдебиеті пәндері бойынша бітірген. 2012 жылы М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетін экономист мамандығы бойынша тәмамдаған.
Амангелді ауданының әкімі болып Әмірxан Асанов тағайындалды. Аудандық мәслиxат депутаттардың келісімі бойынша, жергілікті активке жаңа басшыны облыс әкімінің орынбасары Марат Жүндібаев таныстырды. Әмірxан Біркенұлы 1969 жылы Қостанай облысы Науырзым ауданының Науырзым ауылында дүниеге келген. Ол бұған дейін Қостанай облысы Тексеру комиссииясының төрағасы қызметін атқарды.
Облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк науырзымдықтарға өңірдің жаңа басшысын таныстырды. Науырзым ауданының әкімі болып Талғат Кәрбозов тағайындалды. Талғат Тойшыбекұлы 1970 жылы Қостанай облысы Амангелді ауданының Қабырға ауылында дүниеге келген. Ол бұған дейін Амангелді ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқарды.
Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ