“Аяла” қоры демеушілік жасады
Облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері үшін енді нәрестелерді және шала туған сәбилерді күтіп-бағу біршама жеңілдейтін болды. Себебі, “Аяла” қайырымдылық қоры “Өмір сыйлайық” атты жоба аясында аталмыш мекеме үшін жаңа медициналық жабдықтар сатып алыпты. Бүгін Қостанайға арнайы келген қор мамандары медициналық ғана емес, білім беру мекемелеріне де демеушілік жасады. Іс-шараға облыс әкімі А.Мұхамбетов пен “Аяла” қайырымдылық қорының медициналық жобалар жетекшісі Берік Дәржанов қатысты.
Жалпы, “Аяла” қайрымдылық қоры 2007 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қордың негізгі бағыты денсаулық сақтау және білім беру саласындағы мемлекеттік балалар мекемелеріне, соның ішінде ауруханаларға, перзентханаларға, шипажайлар мен сауықтыру орталықтарына, балалар үйлеріне, мектеп-интернаттарға, балабақшаларға көмек көрсету болып табылады. Шара барысында сөз алған облыс әкімі А.Мұхамбетов қор басшылығына өз алғысын білдірді.
-Астанамыздың 20 жылдық мерекесі қарсаңында елімізге танымал “Аяла” қайырымдылық қоры қостанайлықтарға ерекше сый жасап жатыр. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз денсаулық сақтау саласындағы қызметтердің сапасын жақсарту бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Сол тапсырмалар облысымызда орындалып жатыр. Нәтижесінде, өңірдегі көптеген медицина нысандарына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан медициналық құрылғылар да сатып алынып, денсаулық сақтау мекмелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Мәселен, ағымдағы жылы тек осы мақсатқа 2,7 млрд теңге қаржы бөлінді. Бірақ, ол да жеткіліксіз. Дегенмен, осы тұрғыда демеушілердің көмек қолын созып жатқаны да қуантады. Бүгін міне, сондай жарқын іске куә болып жатырмыз. Сондықтан, “Аяла” қайырымдылық қорына айтар алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімі А.Мұхамбетов.
Иә, қордың демеушілігінің арқасында облыстық балалар ауруханасында ауыр жағдайдағы нәрестелер мен шала туған балаларды емдеу және күтіп-бағу барысында сыртқы ортаның оңтайлы жағдайларын жасауға арналған Amelie қарқынды терапия инкубаторы орнатылды. Құны 6 млн 700 мың теңге тұратын бұл инкубатор ауа температурасын және ылғалдылығын бақылаудың озық жүйесімен жабдықталған. Ал, құны 4 млн 460 мың теңге болатын Ameniс ашық жан сақтау жүйесін дәрігерлер мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилердің және қалыпты салмағы бар ай-күні жетіп туған балалардың жансақтау іс-шаралары немесе кейінгі қарқынды терапия барысында оңтайлы температура режимін қамтамасыз ету үшін пайдалана алады. Сондай-ақ, қор облыстық балалар ауруханасына Amelix үш фототерапия шамын сыйға тартты. Жабдықтың құны 2 млн 940 мыңге тұрады. Бұл аппараттың сәулесінің астында сары ауру туғызатын билирубин деңгейі жоғары сәбилерді ұстайды. Тиімділігі, емдеу дәрі-дәрмексіз жүргізіледі. Ал, М20 пациенттерінің екі мониторы (1млн 900 мың теңге) да инкубаторға және ашық жан сақтау жүйесіне қосымша алынып отыр. Бұл мониторлар қарқынды терапиядағы науқастардың өмірлік аса маңызды көрсеткіштерін бақылауға мүмкіндік береді.
-Жобаның жалпы құны 16 млн теңге. Бұған біздің “Аяла” қайырымдылық қоры мен қатардағы қазақстандықтар демеушілік жасады. Олар Halik online banking және SMS (Билайн, Ксell, Aсtiv, Tele2) арқылы ақша жинауға көмектесті. Сонымен қатар, адамдар “Эйр Астана” сату офистерінде, “Қағанат” асханалар желісінде, Mamma Mia мейрамханалар желісінде орнатылған арнайы бокстарда түрлі ақша сомаларын қалдырды. Қостанай облысында жұмыс істеу біз үшін маңызды. Дәрігерлер де, ұстаздар да қордың қызметіне өте жауапты қарайды. Біздің тәжірибеміз бойынша осыған дейін берілген жабдық ешқашан бос тұрған емес және бар қуатымен жұмыс істеуде. Осы орайда, аудандық медициналық және білім беру мекемелерінің белсенділігін ерекше атап өткіміз келеді. Мұндай бенефициарлармен жұмыс істей бергің келеді, – дейді “Аяла” қайырымдылық қорының медициналық жобалар жетекшісі Берік Дәржанов.
Шара барысында қор жетекшілері тек медициналық қана емес, білім беру мекемелеріне де демеушілік жасады. Мәселен, қаламыздағы №2 түзету мектеп-интернатына, №3 арнайы мектеп-интернатына, Арқалық және Лисаков қалаларындағы түзету мектеп-интернаттарына интерактивті тақталар сыйға тарту етті. Бұл жобаның жалпы құны 1 млн 990 мың теңге. Сонымен қатар, Сарыкөл ауданындағы Н.Дәулетова атындағы аудандық кітапханаға да жалпы сомасы 1 млн 536 мың теңге болатын балаларға арналған кітаптар сатып алып берді.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков