Базалық зейнетақы мөлшері қандай?
Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда базалық төлемдерді есептеу әдісі өзгерді. Базалық зейнетақы –азаматтар жалпы белгіленген зейнеткерлік жасқа толған уақыттан бастап қана тағайындалады. Бұл өзгерістер зейнеткерлікке жаңадан және бұрын шыққан тұлғаларды қамтиды, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕ АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің мөлшері 15 274 (ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайыз) теңге болған еді. Бұл төлемақының көлемі еңбек өтіліне қарамастан, барлық зейнеткерлер үшін бірдей болатын.
2018 жылғы 1 шілдеден бастап мемлекеттік базалық зейнетақы көлемі зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай қайта есептеле бастады. Есептеу барысында тұлғаның 1998 жылғы 1 шілдеге дейінгі ынтымақты зейнетақы өтілі және содан кейінгі жинақталған өтілі ескерілуде.
Егер адамның жұмыс өтілі болмаса немесе 10 жылдан кем болса, базалық зейнетақының мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әр жылдың жұмыс өтілі үшін базалық зейнетақы 2 пайызға өседі. Мысалы, 20 жылдық қатысу өтілі болса, базалық зейнетақы көлемі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызына, 30 жылдық қатысу өтілі 94 пайызына тең. Егер қатысу өтілі 33 жыл және одан да артық болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын, яғни 28 284 теңгені құрайды.
Зейнетақы өтіліне ынтымақты жүйеде атқарған еңбек өтілі (1998 жылғы 1 қаңтарға дейін), міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) төленген кезеңді қамтитын жинақтаушы өтілі, 3 жасқа дейінгі бала күтімі, бала кезінен мүмкіндігі шектеулі тұлғаның 16 жасқа дейінгі күтімі, әскери қызметтегі, арнайы мемлекеттік органдағы, дипломатиялық жұмыстағы жұбайымен бірге тұрған кезең және тағы басқалары кіреді.
Айта кету керек, мемлекеттік базалық зейнетақыны қайта есептеу процесі автоматты түрде жүргізіледі, сондықтан зейнеткерлерге ешқайда жүгінудің немесе құжат тапсырудың қажеті жоқ.