Жаңа фильмнің тұсаукесері өтті
27 сәуірде еліміздің барлық кинотеатрларында актер Азамат Сатыбалдының «Бір сен үшін…» фильмі прокатқа шықты. Отандық мелодраманың тұсаукесері Алматы мен Астанада басталып, Қостанайда жалғасып отыр. Тобыл өңірінде өткен салтанатты шараға фильмнің шығармашылық тобы арнайы келіп қатысты.
Туындының қоюшы-режиссері Ардақ Төлеубай, фильм директоры Сәкен Досхан, басты рөлдерді сомдаған артистер Азамат Сатыбалды, Әлімхан Мырзахан, Тынышгүл Сұлтанбердиева, Оразхан Кенебаев, Мағди Ерғали көрсетілімнің алдында жергілікті журналистермен кездесті. Брифингте түсірілім жұмыстарының өту барысы айтылды.




«Бір сен үшін…» фильмінің тұсаукесері салтанатты түрде өтуі Қостанай облысының мәдени саласындағы ерекше оқиға. Біріншіден, туындының бас продюсері Азамат Сатыбалды еңбек жолын Қостанайдағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрынан бастаған. Екіншіден, мелодрамада жерлесіміз, актер Әлімхан Мырзахан басты рөлдердің бірінде ойнайды. Бүгінгі кеш қостанайлық артистердің республика және әлем сахнасына шығуына серпін береді деп сенеміз. Шығармашылық ұжымның жетістігі көбейе берсін. Қазақ киносының әлемдік деңгейде танылуына тілектеспіз,-деді Марат Жүндібаев.


-Елбасымыз отбасы құндылықтарын бірінші орынға қояды. «Отан отбасынан басталады» деген халық даналығы да тегін айтылмаған. Біздің топ осы тақырыпқа қалам тартып, махаббатты дәріптеу үшін «Бір сен үшін…» фильмін түсірді. Мен Қостанайға сағынышпен келемін. Қостанай менің алғаш тұсауымды кескен жер. Бұл жерде ең алғаш, 20 жасымда «Абылай хан» спектаклінде ойнадым. Осындай кездесуді ұйымдастырған басшылыққа алғыс айтамын,-деді Азамат Сатыбалды.


Үміт. Сенім. Сүю. Бұл отбасын сақтаудың ең маңызды формуласы болса керек. Мелодрамадан осындай ой түйдік.
Қымбат ДОСЖАНОВА.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.