Нағашы атам – мақтанышым
Менің анам біраз жылдан бері ұстаз болатын. Бірде осы анамның кезекті аудандық ұстаздар арасында өтетін сайысқа дайындалып, өзінің таныстыру үшін шығарған өлең шумақтарын оқып, дайындалып жүрген кезінде "Еңбегімен елге асқан бағасы, көш бастаған мен Бастардың баласы" дегенін құлағым шалған болатын. Иә, осы бір жыр жолдарына арқау боларлықтай атамның еңбегі бар екені анық.
Ес білгелі анам жазғы демалысқа шыққанда нағашы атамыздың ауылына бір-екі мәрте барып келетінбіз. Онда да әрі кетсе бір аптадан соң көгендік жиенқұрық деп атаған малына ен салып жетектеп үйге қайтсақ та, оның еңбегіне аса мән бере қоймаппын. Алайда, Торғай бағытындағы қай көлікке міне қалсам: "Қайда барасың" деген сұрақтарға еш ойланбастан "Бастар нағашымның үйіне барамын" десем, үлкендер жағы "Бәкеңнің жиені болдың ғой, сенің атаң кеңес үкіметі тұсындағы керемет шопан болатын, тіпті сонау Мәскеуге барып қайтқан" – деп бірінен-бірі әңгімені іліп әкететін. Соны естігенде көңілімді ерекше бір мақтаныш сезімі билейтін. Себебі, Торғай өңірінде атамның есімін білмейтін адам кемде кем. Қойшы болып елге еңбегі еленген атамның шопан өңіріндегі орден, медальдар мен мақтау қағаздары бір төбе болатын.
Менің атам Бастар Жанпейісов өз заманындағы ең үздік марапат – В.И.Лениннің 100 жылдық медалін кеудесіне тақты. Аудандық партия конференциясына делегат, аупарткомның бю-ро мүшесі болған. 1981 жылы Қаз ССР Жоғарғы Кеңе-сінің Құрмет грамотасымен, 1982 жылы "Құрмет Белгісі" орденімен марапатталған. 1988 жылы Бүкілодақтық 19-шы партия конференция-сына делегат болып, Мәскеу-ге барып қайтты.
1992 жылдан құрметті демалысқа шықты. Өмірінің соңғы күніне дейін өзінің туған Сарысу ауылының өсіп-өнуіне үлес қосып келді. Екінің бірінің қолынан келе бермейтін өзі тұрған Сарысу ауылына балалар оқитын 9 жылдық мектеп салынуына мұрындық болып, өз атынан қаржы аударған. Бүгінде сол мектептен балалар білім алуда. "Қариясы бар үй қазыналы" демекші, қазан айының 16 жұлдызында үлкен қазынамызбен Алла тағаланың бұйрығымен мәңгіге қоштастық. Ақылшымыз, тілекшіміз, ардақты әке, немерелерінің ақсақалды атасы, жиендерінің мақтан тұтар нағашысы болған. Өмірге келіп өшпес із қалдырып, өз ізбасарларының биік тұлғасы болып кетті.
Ауылға келіп кететін ке-зінде менің анамның балалық кезіне саяхат жасап, қызықты әңгімелерін айтып, менің болашағыма көп се- німмен қарайтынын айтып, ақбатасын беріп тұрушы еді. Аузынан шыққан әр сөзінде терең бір мағына болатын. Менің ауылымның қарияларының өзі атамды танып алып нағашы атаң келмеді ме деп көп сұраушы еді. Атам көбінесе аузы дуалы ақсақалдармен сөйлесетінді ұнататын, газет журналдарды да оқып, болашақтын амандығын тілеп отыратын. Бір де менің газет бетіне ең ал-ғашқы шыққан мақаламды көріп қуанғанын айтып менің анама қоңырау шалыпты ол кезде мен не бәрі 1 курс студенті болатынмын. Жазғы демалыста үйге келсем "болашақта үлкен журналист бол, халқыңның мұңын қаламыңа сыйғызып, қаламыңнан жақсы мақалалар шықсын" – деп айтып отырушы еді. Атаммен соңғы жүздесуім тамыз айының 12-і болатын, немересі Бауыржанның тойына келіп батасын берген еді, тойхана ортасына тілек айтуға шыққанымда атама ұзақ қарап "Ата, біз бақыттымыз, себебі біздің қасымызда сіз барсыз, біздің ортамызда аман есен, ауырмай, сырқамай, ақбатаңызды беріп жүре беріңіз" деп айтқан едім, тағдырға қарсы тұра алмайды екенсің, атамның мәңгілік сапарға кеткенін естігенімде етегім жасқа толды….
Атам өмірден өтер алдында қолындағы кенже баласы Рүстем, келіні Ләззат және менің анамды жанына отырғызып "Адам деген мәңгілік емес, мен де күндердің күні дүниеден өтемін ғой, мені дұрыстап шығарып салыңдар, танитын кісілер, туған-туыстар келуге тиісті шаруаларыңды ат-қарып, ас-суларыңды дұрыс-тап беріңдер"– деген екен, бейне бір өзі сезгендей…
Атам өзі айтқандай мәң-гілік оралмайтын сапарға кетті, кейін ақтық сапарға Жанкелдин ауданы әкімінің орынбасары Түбекбай Әу-бәкіров сөзінде атамның еңбегі туралы жеткізе айтып өтті.. Елі үшін, ұрпағы үшін бар ғұмырын сарп еткен атамның ұлағаты туралы жазуды перзенттік парызым деп есептедім.
Ақжанат
ҚАБДЫҒАЛЫМҚЫЗЫ,
ҚМУ студенті.