Төрлет, домбыра-құдірет!

Ғасырлардан бері күй болып ырғалып, ән болып тербеліп, жыр болып қалықтаған домбыра талай жұртты өзінің құдіретімен табындырып, мойындатып келеді. Бесікте іңгалаған сәбиді уатқан, қайғылы елді жұбатқан, қуаныш үстінде салтанат құрған әуелеген домбыраның ерекшелігі сол,  «қазақ – домбыра, домбыра – қазақ» түсінігі қалыптасты.IMG_0504
 
IMG_0466Рас, қазақ пен домбыра – егіз ұғым. Қылыштан өткір, құ­рыш­тан берік арналы аспап талай-талай аласапыран қырғындарда толарсақтан қан кешкен майдандағы жауынгерлеріміздің рухын аспандатты, аруағын шақырды, жаймашуақ күндердегі думанды тойларда әнші-жыршы, күйшілердің арқасына қанат бітірді, тыңдаған жанның делебесін қоздырды! Қолымыздан түспеген, төрімізден орын алған осынау киенің бүгінде әлем шарлап, сегіз шартарапты мекендеген әр қазақтың үйінде күмбірлеп тұрғаны осының дәлелі. Домбыра өзінің құдіретімен талай жұртты таңғалдырды, талайларды мойындатты.DSC_2549
            Бабадан жеткен мұраға айрықша құрмет көрсетудің көрінісі сол – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен шілденің алғашқы жексенбісі – Ұлттық домбыра күні болып белгіленді. Бұл да қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында қолға алынған игі шара екені анық. Елордамыздан бастау алған мереке барлық өңірде салтанат құруда. Тіпті, шет мемлекеттердегі қандастарымыз бен сапарға шығушыларымыз да ұлттық байырғы аспабымызға көрсеткен құрметін ән-күй, жырмен жеткізіп, әлеуметтік желінің қазанын қайнатып жібергендей.GER_4601
            Қостанай да бұл мерекені жоғары деңгейде өткізді десек, артық емес. «Домбыра-думан» атауымен Тобыл жағалауын жаңғырықтырған айтулы шара еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін дүйім жұрттың басын қосты. Өңіріміздің аудан-қалалары, ауылдарынан, тіпті, басқа облыстардан келген меймандар көрермен отыратын орынды толтырып тастады. Баба мұраға деген құрмет қандай десеңізші!  IMG_2387
Құлпыртып бәйшешекті кетті шалқып,
Аққудай көкте күйлеп, көлде қалқып.
Ақтарып, лекілдетіп, лепілдетіп,
Талдырып, тамшылатып сығып сарқып.
Біресе ағытылып күй сылдырлап,
Тербетіп тыңдағанның көңілін ырғап,
Бұлақтай таудан тасып, тастан орғып,
Аңқылдап жатыр жосып сайды құлдап.
            Ілияс Жансүгіровтің атақты «Күйші» поэмасы құдірет сарынын осылай бейнелепті. Ал сонау Шыңғыс хан заманынан жеткен «Ақсақ құлан» аңызындағы трагедиялық баянды айтсаңызшы. Дәл осы тарихи оқиға думанды кештің басын театрландырылған көрініспен ашып бергенін айтып өтейік.GER_4622
           
IMG_2469 Қазақта бүгінгі күнге дейін жеткен төрт жарым мың күй болса, оның мыңңға жуығы Шыңғыс қаған дәуіріне дейін шығарылғаны екен. Бұл да домбыра тарихының, ән-күй, жыр тарихының тамыры тереңде жатқанының дәлелі. Ал атақты Абылай ханның он екі күй шығарғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл арналы аспабымыз жайында ел ағасы, мемлекет және қоғам қайраткері Кенжебек Укиннің айтқаны.IMG_2795
           
IMG_0416Ал сол домбыраның сыртқы бейнесін ғана емес, бүкіл бөлік-детальдарына дейін білетін, осы ұлы аспаптың талайын өз қолынан шығарған өлең падишалары кемде-кем. Осындай бес саусағынан өнер тамған ақын, ғалым, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, халықаралық мүшайра жүлделерінің иегері Серікбай Оспанұлы мен ақын Нағашыбай Мұқатовтың домбыра жайында өлең толғаныстары көпшілікке оқылып берді.IMG_2483 (2)
Сонау сақ, ғұн дәуірінен Күлтегін, Кетбұға, Асанқайғы, Шалкиіз, Ақтамберді, Махамбет, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет заманына жетіп, бүгінгі ұрпаққа баға жетпес рухани мирас болып келген баба аспабамыз әлем елдерінің ең ежелгі мұрасы ретінде ЮНЕСКО тізіміне еніп отыр. Домбыра дәуірі қайта жаңғы­рып келеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап өткендей, тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақ­тас­тыратын ұлт жадының тұғыр­намасы да осы төл аспабымызды төрге шығарумен тікелей байланысты болмақ. Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов өзінің құттықтау сөзінде Ұлттық домбыра күні мерекесі рухани жаңғыру жолында тұрған Ұлы Дала жұртына зор сілкініс әкелгенін атап өтті.IMG_2838
Домбыраның тілін оны бала күнінен тыңдап өскен, бірге жасаған адам ғана түсінері анық. Ал мыңдаған жылдар бойы қазақтың бітім-болмысын, мінез-құлқын, мұң-зарын, қуаныш-қайғысын бірге бөлісіп келе жатқан киелі аспабымызды жырға қоспаған ақын жоқ шығар, сірә. Думанды кеште белгілі айтыскер ақын Тоба Өтепбаев жырдан арнау төксе, қамыстылық Әсем Қажиева мен Таран ауданынан келген Мамай Ізтілеу өлеңнен сөз қағыстырып, жиналғандарды бір көтеріп тастады. Ал кештің қонағы «Мен Қазақпын» халықаралық телевизиялық мегажобаның үздік аймақтық күй аталымында жеңіске жеткен арқалықтық Ерлан Шәкіров пен Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның домбырашысы Мұрат Хамитовтың күй тартысы қиқуға ұласып кетті. Сөз жарысы мен күй тартысы ән айтысқа ұласып жатуы да заңдылық. Манапбек Кәдіров, Талғат Молдағалиев бастаған елге белгілі әншілер «Айхай, жиырма бес», «Гәккуді» Елбасының «Елім менің» әніне жалғап әкеткені сондай әсерлі шықты.
Биыл Елордамыздың 20 жылдығына орай облыстағы баспасөздің қарашаңырағы – «Қостанай таңы» газеті басылым бетінде өңіріміздегі ақындар  арасында жазба айтыс ұйымдастырғанын оқырман қауым жақсы біледі. Міне, бүгін мереке қарсаңында бірнеше ай бойы жыр додасына қатысып, сүбелі сөз жеткізген ақындарымызды марапаттау салтанаты өткізілді.IMG_2711 (1)
Дәл осы «Домбыра-думан» атауымен баба аспабымыздың құрметіне алғаш мерекелік шараларды бастап өткізген де – осы «Қостанай таңы» газеті екенін естеріңізге сала кетейік. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов пен газетіміздің бас редакторы Жанұзақ Аязбеков сөз жарысына қатысып, қатарынан суырылып шыққан ақындарға жүлделер табыс етті. Мамай Ізтілеу, Тоба Өтепбаев, Ғалымгерей Кенжеғозин, Медет Байзақов арнайы сертификаттарға ие болса, оқырман қауымның көзайымына айналған Байбатыр Ахметбеков ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жүлделі үшінші орынды Абылай Мауданов пен Марғұлан Оспанов тең бөлісті. Екінші орынға белгіленген 50 мың теңгенің жүлдесін арқалықтық жас ақын Батырлан Сағынтаев қанжығаға байлады. Ал белгілі ақын, журналист Нұрқанат Құлабаев жазба айтыстың жеңімпазы атанып, 100 мың теңгеге ие болды.IMG_2708 (2)
 
IMG_2726 (2)Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, әнші-сазгер Қалибек Деріпсалдин бастап, Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның әншілері мен домбырашылары, бірікен домбырашылар оркестрі, ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясының қазақ ұлт-аспаптар ансамблі, «Жұлдыз» домбырашылар студиясы мерекелік думанға ерекше дайындықпен келіпті.IMG_2584 (2)
 
GER_4729Бұл кеш домбыраның құрметіне арналғандықтан, бағдарлама арасында көрерменге баба аспабымызға қатысты сұрақтар қойылып, оған жауап бергендерге естелік сыйлықтар тапсырылып отырғанын айта кетейік. Ал жиналғандарға «еркін микрофон» ұсынылған кезде домбыра көтерген жас-кәрі сахнаны толтырып кетті.   GER_4720
Домбыраның тарихы тым тереңде. Оның небір көнеден қалған мұралары қазір еліміздің үлкен музейлерінде, жеке адамдардың қолында сақтаулы тұр. Ал біздің аймағымызда да осы бабадан қалған мирас аз емес. Осындай баға жетпес мұралардың бір парасы біздің облысымыздағы мұражайлардың төрінен орын алған. Кеш барысында киіз үй тігіліп, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов бастаған саңлақтар ұстаған жұмыр мойын, дөң шанақ қара тақтайдың бірқатары сонда қойылыпты.GER_4666
Ұлы Даланың төсін ұрпақтан ұрпаққа бұлжытпай аманаттап келе жатқан қазақ халқы киелі домбыраның ақы иесі екені белгілі. Енді қазақ үшін домбыра күніне арналған мереке жыл айналып бір рет келіп тұрса да, арналы аспабымыздың құны бұдан бетер аспаса, кемімесі белгілі. Төріңізден де, қолыңыздан да домбыра түспесін, қадірлі ағайын! Ән-күй құдіреттің ырғағы әр шаңырақты шаттыққа бөлей берсін!
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓