Басқарма басшысының құттықтауы
Сіздерді Қазақстан халқының тілдері күні мерекесімен құттықтаймын.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні, яғни 5 қыркүйек Қазақстан халқы тілдері күні болып бекітілген.
Биыл Қазақ тілінің мемлекеттік тіл мәртебесін анықтаған Конституциямызға 25 жыл.Тәуелсіздік жылдары қабылданған Ата Заңымыз қазақ тілінің мәртебесін қуаттап, басқа да этностардың тілдерін қамқорлығына алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елімізде тұратын этностық топтардың тілдері мен мәдениетін дамыту үшін барлық жағдайы жасалады. Қазақ тілі шын мәнінде ұлтаралық қатынас тілі болып, қазақ тілінің маңызы күшейтіледі» – деп айтып кетті.
Жыл сайын қазақстандықтар Тіл мерекесін тойлап келеді. Биыл қыркүйек айында облыстың аудандары мен қалаларында, мемлекеттік мекемелерде, ұйымдарда Тілдер күніне орай он-лайн форматында 100-ге жуық алуан түрлі іс-шара ұйымдастырылды.
Елімізде тұратын жүзден астам ұлттың өкілдері үшін қазақ және ана тілдерін тегін оқып үйренуге мүмкіндік бар.
Қостанай облысында жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын 20 тілдерді оқыту орталығы жұмыс істейді. Олардың базасында азаматтарға тілдерді оқып үйренуге барлық жағдайлар жасалған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты кешегі жолдауында білім саласын шет қалдырмады. "Коронавирус індетінің салдарынан дүние жүзіндегі мектеп оқушылары мен студенттердің басым көпшілігі қашықтан оқуға көшті. Бұл жұмыстың тәсілі мен мазмұнын түбегейлі өзгертуде" – деді Президент. Қашықтан оқыту технологияларын дамытуды міндеттеді. Толыққанды оқу үдерісі үшін қажетті барлық функциялары бар бірыңғай онлайн білім беру платформасын шұғыл әзірлеу қажет екенін айтты.
Қостанай облысындағы тілдерді оқыту орталықтары оқу процесін қашықтан оқыту режимінде ZOOM платформасында, сонымен қатар WhatsApp, Facedok, Instagram, Skype мессенджерлері арқылы жүргізіп жатыр. Тәжірибе көрсеткендей, қашықтан оқыту кеңейтуді, тереңдетуді қажет етеді.
Құрметті жерлестер!
Ахмет Байтұрсынұлының «Әр ұлттың тілі – оның бақыт тірегі» деген сөзінде терең мән бар, мұны болашақ ұрпаққа қалдырған ескертпесі деп те қабылдағанымыз жөн. Сондықтан біз Мәңгілік ел, ұлт болып қалу үшін ана тілімізді сақтауға бар күш-жігерімізді жұмсауымыз керек.
Сіздерге мықты денсаулық, береке-бақыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Гүлжан Мендекинова,
Қостанай облысы әкімдігінің
Тілдерді дамыту басқармасының басшысы