ЖАЗБА АЙТЫС: зерде мен зият (ЖАҢАРТЫЛДЫ)
Облыстық жазба айтыстың шарықтау шегіне жеттік! Ендеше, бүгінгі бәсекенің де орны бөлек болары сөзсіз. Сайысқа түсетіндер – Нұрқанат Құлабаев пен Батырлан Сағынтаев. Бұл ақындар осы жолы көсіле жырлап, СҮРЕ айтыс жасамақ! Жазба айтыстың бәріміз күткен нағыз нақышты нұсқасы, міне, осы деп білеміз! Сондықтан, ақындардың өздері айтпақшы, "тұщынып оқығанға рух болатын" салмақты, ардақты өлеңге алтын уақытыңызды арнағайсыз! "Тарих пен болашаққа соғылған ескерткіштей", әр қайырымы дастан-толғауға алмастырғысыз осы айтыстан тереңдік пен өрлікті тел аңғарасыз деп ойлаймыз! Айтпақшы, өткен жұп пен осы жолғы ақындардың жеңімпазы 1 шілде күні "Домбыра-думан" шарасы кезінде жарияланатын болады…
Батырлан:
Ассалаумағалейкум, бар жамағат,
Айтысқа түстім тағы Алла қалап.
Ақылмен қылған істің бәрі игі ме,
Ақындық алдыменен арға аманат.
Келгенде мәре деген тұсқа ойысып,
Осымен тұрмыз біздер үш сайысып.
Тілек пен ниеті сай келмегесін,
Түңіліп жатқандар көп түс шайысып.
Бұл айтыс бәрімізді тұр оңдырмай,
Көп желік пенделікке құмар қылды-ай.
Әркім де құштарланып тұр жеңіске,
Жүрсе де сыр білдірмей, сын алдырмай.
Айтыста талайларға кез болғанмен,
Кетпеп ед тілден қуат, сөзден дәрмен.
Ассаламағалейкум, Нұр-ағамыз,
Белсеніп түстің топқа сөз-жорғаңмен.
Ағаның болғанында жол-жорасы,
Айтыстың бар өзіндік жөн-жобасы.
Тап келіп таланыма сізбен айтыс,
Ініңнің қалып-ақ тұр дауда басы.
Жөн емес «жығамын» деп ұмтылғаным,
Жол емес «жығылам» деп құр тұрғаным.
Әйтеуір жыр жолында бақ сынадым,
Бұл өлең мың күн бейнет, бір күн бағым.
Келтірген жыр нақышын сөз ұстасы,
Кез келіп айтысымда кезікті осы.
Басқадан басы бұлды, жасы үлкен,
Ортада ағамызсыз озық бәсі.
Көлденең аға жолын кескенменен,
Інінің жолы ұзарып көшке ермеген.
Ағалар қолдауынсыз алыс бармас,
Іні де ірі болып өскенменен.
Інің ек соңыңа еріп «ағаласқан»,
Ағамен алысады қара басқан.
Одан да сүре айтыстың салтыменен,
Жазайын қызық хисса, жаңа дастан.
Бәйгеде бар әркімге теңдес лайық,
Сізбенен тартысқаным болмас па айып.
Әфсана айтып кетті демесеңіз,
Әлқисса, жырымызды, ал, бастайық…
Тәңірден тарту болған таланымен,
Жайлаған нар бабалар даланы кең.
Асқар шың, айдынды көл, алқапты орман,
Көз жетпес көкжиекке алабымен.
Жырласақ сыр бүркемей, сөз жасырмай,
Көлдері көне күннің көз жасындай.
Белдері селеу басқан көрінеді,
Мың жылдық тауарихтың боз басындай.
Қарасаң қадымдағы тарихты,
Даламның әр тасына қан ұйыпты.
Ел үшін қанын төгіп, жанын берген,
Тудырған бұл жер талай ақиықты.
Тап келсе таланына күн қысталаң,
Батыры семсер қайрап, сүңгі ұстаған.
Ақыны найзағайы намысының,
Қылыштай қылпып тұрған жырды ұштаған.
Билері кең ойланып кеңесі өткен,
Тектісін төрді беріп төресі еткен.
Шідерін үзген талай тар заманның,
Күдерін үзбегесін келешектен.
Ширығып шеңгелінен шемен күннің,
Намысы жасын атқан нелер дүрдің.
Ел-зерде ер еңбегін ұмытпастан,
Жеткізген еншісіне келер күннің.
Хикая айтар сөздің арқауында,
Көнеден жеткен кеңес бар табылған.
…Ер біткен ат жалында жүрген заман,
Ел біткен жүгін артып нар қомында.
Жайлаған ен мекенді Тұран жұрты,
Басына төніп мұңлы мұнар бұлты.
Иранға болған екен көз құртындай,
Билеуге кең даланы құмар құлқы.
Тыңдасаң тауарихтың қарт кеңесін,
Білесің Тұран жұртын жат демесін.
Түркінің түп атасы солар дейді,
Берілген ол күндерде Сақ деп есім.
Ордасын бір-бірінің ойрандасып,
Кезекпен қуаныш пен қайғы алмасып,
Жау болып екі қауым бір заманда,
Жатыпты жағаласып, майдандасып.
Бір тынбай тартысқаны алыптардың,
Бір тынбай шарпысқаны халықтардың,
Тұранға Иран бірде жорық жасап,
Туыпты тыныштыққа зарыққан күн.
Қайраты қанасынан тасып мүлдем,
Қол жиып Сақ жеріне басып кірген.
Тірідей отқа қақтап ұсталғанын,
Тұтқындап табан етін осып тілген.
Қапыда қалғандарын жау тонаған,
Қиратып керегесін балталаған.
Қансоқта болып кетті бірнеше ауыл,
Бөрі-дұшпан аузында анталаған.
Талайды айбатымен тітіреткен,
Дегенмен өз еліне шүкір еткен.
Сақтардың патшайымы жиды жұртын,
Үлкенін сыйлап, қадір тұтып өткен.
Патшайым парасатпен парықты ұққан,
Көрінген айдай болып толықсып паң.
Қайратын көрсең – бейне бәйшешек гүл,
Көркейіп көктемде қар жарып шыққан.
Байрағын байтағының құлатпаған,
Аймағын мұңайтпаған, жылатпаған.
Халқының қалпы бөлек тектісі екен,
Ордасын бақ-береке тұрақтаған.
(Тауарих хаттаса егер өзі білер,
Беймәлім есімі оның бірақ маған).
Қалғанға өкінді ме сірә, ғапыл
(Ғапыл боп қалсаң, жауға кім ара тұр?),
Ақылдың қорабалы сабасындай,
Халқының қарттарынан сұрады ақыл.
– «Күн туып бүйірінен елді қысқан,
Желпініп, желек байлап келді дұшпан.
Қанына жерік болып бейбіт елдің,
Сорыңа бола келді сол зымыстан.
Жасанып бізге қарсы қолды жинап
Келгелі –
қаншама жан болды бейбақ,
Аңырап аруанадай ана жылап,
Қаңырап қанша шаңырақ қалды қирап.
Айламен қапылыста алды буып,
Найзасы ордамызға қалды жуық.
Уа, менің ер халқымның абыздары,
Бір майдан салсам деймін жауды қуып.
Айбатым көрінгенмен бел асқандай,
Қайратым танылар ма егес болмай.
Сендерсің ақыл кені елді ұйытқан,
Кетпейін өздеріңе кеңес салмай».
Екі етпей айтқан сөзін ел қолдаған,
(Ешкім де ел қолдамай ер болмаған)
Бар екен ақылы дария абыз қария,
Данагөй Анарыстан кем болмаған.
Жасында батыр болған нарқы берен,
Қарттығы қазына ақыл парқыменен.
Қамшысын қолына алып сөйлеп кетті,
Ордада шарт жүгінген қалпыменен.
«Ел едік ерлік ісін топта сынар,
Біздерден батыр халық жоқ та шығар.
Ерлік пен бірлік болмай еркіндік жоқ,
Басыңа салар жаудың ноқтасы бар.
Жығылған дұшпанының белдескені,
Хас сақпыз тасты тілген наркескені.
Ер мінез болғанымен еліміздің,
Қателік толас таппай қан кешкені.
Күман жоқ келген жауды жеңеріңе,
Аямай қызыл қанын төгеріңе.
Соғысып дұшпанменен майдан құрсаң,
Салмағы түсер оның тек еліңе.
Бұл Иран бізге дұшпан жаумыз деген,
Жеріңе жорық қылса олжа іздеген.
Шегініп кетсек егер кең далаға,
Соғыспай кейін қайтар ол бізбенен.
Ұрыспен майдандасып ұтқан кім бар,
Жеңгенде, жеңілгенде жұтқан мұң-зар.
Сенделіп ел таппаса олжа етерлік,
Кетеді жеріңе қол сұққан мұндар.
Ерлерің соғысқаннан мұқап, талмас,
Бірақта құр қан төккен құт, ақ болмас.
Еліңді аман сақта сенім артқан,
Кең дала ел көшкеннен жұтап қалмас».
Ордаға келген қарттар жиналысып,
Кеңесті берді осылай ұйғарысып.
Көңіліне ұнағасын ел де көшіп,
Қоныстан жиі-жиі жүрді ауысып.
Таппады кең даладан жаулары ізді,
Естіген Сақтар жайлы елде аңызды.
«Алтыннан сауыт киген жұртты тонап,
Қазына толтырамыз қамбамызды», –
деп келген қызылбастың қолшоқпары,
Адасып айдалада жол таптады.
Қоржынға алтын артып алмақ түгіл,
Мінерлік ат, киерлік тон таппады.
Иранның қолбасшысы «өкпесі» көп:
«Қырғында қызыл қанды көп кешіп ек,
Шығатын қарсы алдымнан майдандасып
Бұл елдің батырлары жоқ па осы?" – деп,
хат жазып жаушысынан жіберіпті
(жасаған ісі де емес бұл ерікті –
Көп әскер көкірегі басылмаған,
Аз олжа түскеніне түнеріпті).
Қарттардың ақылына маңыз беріп,
Тыңдаған айтқандарын абыз көріп,
Сақтардың патшайымы берген жауап,
Жетіпті кейінгіге аңыз болып:
«Ел үшін екіталай уақыттарда,
Ақинақ, алмас қылыш батып қанға,
Бабадан мұра болған байтақ үшін,
Жаныңды қисаң артық бақыт бар ма?!
Қалпыңда ел шегіне кеткен еніп,
Қалдыңдар мал-мүлікке бек кенеліп.
Олжа үшін жорық қылған ниетіңді
ұққасын біз шегініп, шеттеп едік.
Пайда жоқ байлықты құр жиғанменен,
Басыңнан бақайға алтын құйғанменен.
Көзіне кең дүние сыймастар бар,
Түбінде құлаш жерге сиғанменен.
Бойыңда жан екенсің жоқ қанағат,
Көрер ең майдандассақ көп ғаламат.
Жұртымды аман сақтау маған парыз,
Жанымды қылғанменен Хаққа аманат.
Баюдан болмаса егер өзге есебің,
Тағыдай жортып дала кезбес едің.
Біздермен соғыспаққа болсаң құмар,
Дауасыз сатып алған өз кеселің.
Шамаңды көрейін тар кезде сенің,
Қайтпасын талаптансаң тез меселің.
Бабамның зираттарын қиратып көр,
Сол кезде мен майданда кездесемін».
Ғайып боп тауарихтың көп күні де,
Сан ғасыр содан бері өтті, міне.
Дейді аңыз «басқыншының басы алынып,
Сақтардың шыдамапты екпініне».
Нұр-аға, ақтара алсаң бар дерегін,
Осындай әфсанасы бар көненің.
Осынау аңызды естіп білгенімде,
Бейнесі елестеген хан Кененің.
Тоқтамыс, Едігедей о кешегі,
Қазақтың текті ұланы Кенесі еді.
Бұлқынған бұғау түсіп нар халықтың,
Хан Кене сауытбұзар жебесі еді.
Айрылып Сарыарқадан салқын сабат,
Қазақты жатқанында әркім талап.
Жұртымның күзетшісі Кенекемді,
Хан қылып көтеріпті халқым қалап.
Ол күнде ел жайлаған өріс қалған,
Ордаңа отар қылған орыс барған.
Алашқа алтын үйек жерұйықтай,
Атажұрт қазыналы қонысты алған.
Кетбұға секілденген кермиық паң,
Езгіге түсіп ерлер елді ұйытқан,
Көшелі ел бастаған ұлдарыңды,
Көшірген итжеккенге жерұйықтан.
Қасірет шегіп қазақ ғаріп күймен,
Отында бодандықтың жанып күйген.
Жерленген жеті атасы жерді басып,
Төріңе доңыз сарып, сарық сиген.
Тексізі төрді былғап талтаң қаққан,
Атойлар азаматты арқандатқан.
Абылай хан ордасын тіккен жерде,
Қиратып зиратыңды талқандатқан.
Өзектен өкінішпен шер тарамай,
Көп мұжық балта шапқан ел-қарағай.
Би Нияз тыныс тапқан белге келіп,
Қалаған бекінісін қарқарадай.
Хас сақтай ақ сауытын алтындатқан,
Еркелеп ержеткен ұл ел-құндақтан,
Сол күнде ел қорғаған Кенекемді,
Тұтады тұтас Алаш халқым мақтан.
Отарлық сақтаймын деп халқымды оттан,
Ұшында көк сүңгінің жау тулатқан.
Қабаттап сауытының қаны қатып,
Қынаптан тартқан қылышы жарқыл қаққан.
Тәңірім хоштық беріп талабына,
Талабы тай келгесін таланына,
Хан Кене атқа қонған атажұртты,
Дұшпанның таптатпасқа табанына.
Жиылып ерлер ханнан алған хабар,
Құйылып Ақмолаға барғанда олар,
Оранып от-жалынға талқан болған,
Ор қазып, ортасына салған қамал.
Қайраты халық үшін танылғасын,
Қажымай батыр қалай дамылдасын.
Қайтпайтын қызыл алмас жүзі кетті,
Қылышқа қылыш тынбай шабылғасын.
Жауларын қамалдағы қан басыпты,
Қорғанын түтін менен шаң басыпты.
Батырдың Кенесары қайратымен,
Кәпірдің кеудесінен жан қашыпты.
Кемерге келген қайрат кемелдігі,
Көрінген кәміл ойлы тереңдігі,
Кенекем Ақмоланы отқа ораса,
Көнеден қалған мұра ол ерлігі.
Ойласақ таразылап егер мұны,
Бабамның басы жатқан топырақты,
Жат дұшпан жайламасын дегендігі…
…Хан Кене ақылы артық, жаужүрегім,
Қайтарып хас дұшпаннан алды кегін.
Қанша жыл майдандасып қазақ үшін,
Тұндырған «азаттық» деп соңғы демін.
Кім білген нені ойлады өлерінде,
Тірліктің шамшырағы сөнерінде…
Білерім Кенекеңдей жан жоғы анық,
Бүгінгі дәуірімнің бедерінде.
Тарихын тасқа жазып көне күнде,
Табылған жылнамалар дерегінде.
Баһадүр қанша жандар шаһит болып,
Ел үшін басын қойған ақ өлімге.
Кең дала ордалы елге отан болса,
Ел өспес еркіндікке бет алғанша.
Қаншама нар бабалар қанды кешті,
Қас сақтар қазақ болып атанғанша,
Қазақтар азат болып атанғанша.
Бұл күнде болмасақ та көпке көсем,
Мың тәубе күнімізге жеткен есен.
Алашқа азаттығы болып қайтты,
Азалы күндеріме кеткен есем.
Кезінде көп кәуірге ірге болған,
Ақмола кімге пана, кімге қорған?!
Бір күнде отқа оранған сол мекенде,
Бұл күнде Астана тұр гүлге оранған.
Куә боп елдігіме тамам дала,
Бар ғалам беріп жатыр маған баға.
Кешегі Алтын орда ұрпақтары,
Кеңесті көшелі боп Ақордада.
Орындап ойына алған ел арманын,
Бар екен тағдырыңда көрер бағың.
Аллаға сансыз мадақ, тәуелсіз боп,
Тойладық жиырма жылын елорданың.
Елімнің еңселенген бас қаласы,
Алаштың алтын үйек баспанасы.
Жиырмаға жаңа толған елордамыз,
Сарысүйек халықтың жас қаласы.
Болса да азат елдің жас қаласы –
(Ешкімнің бұл сөзіме жоқ таласы)
Мыңдаған жыл бабалар аңсап өткен,
Ол мәңгі рухымыздың Астанасы!
Ал, аға, сіз не дейсіз бұл кеңеске?
Бұл да бір жайлар еді жүрген есте.
Ел тұрса тастан тығыз бірлікпенен,
Көмілмес келешегі күл-көмешке.
Елімнің болғаны соң өркені мен,
Өркендеу күтем елдің ертеңінен.
Әр қазақ бар қазақты ойлар болса,
Ертеңі көркем болар ертегіден.
Нұр-аға, жазсам және көңіл назын,
Көргенде көкорайлы өмір жазын,
Еліңнің болашағын ойлағанда,
Есіңде өткен тарих болу ләзім.
Сізбенен мен пейілді ем егеспеске,
Егесіп ел алдында «е» деспеске.
Сөз соңы ұзақ кетсе жазба айыпқа,
Ермекке айтылған сөз емес кешке.
Шайырлық таңдағасын өзім жолды,
Кейінге қалса деймін сөзім мөрлі.
Парақтап жылнамасын дәуірлердің,
Жазылған жырларымды көзің көрді.
Боздатып өлең атты бозінгенді,
Байыптап айтарыңды өзің де енді,
Ал, аға, қаламыңды ал қолыңа,
Ақтарар жыр-қазынаңды кезің келді.
Нұрқанат:
Атың мәлім Арқаға ақын-ғалым,
Уағалейкумассалам, Батырланым.
Баян ғыпсың көненің қойнауынан,
Баяғының боздатып ғапыл зарын.
Тауарихын тәпсірлеп баба Сақтың,
Бір аңыз тірілтіпсің тамаша-ақ тым.
Астанаға әкеліп тұйықтапсың,
Алашымның тарихын алашапқын.
Ескі аңыз – әруағы ғой ақиқаттың,
Тарих – тәлімгері ғой болашақтың.
Осынау байтақ жерді ұстап қалған,
Күші еді кешегі ата жора-салттың.
Рухани жаңғыруды қолға алдық біз,
Рухынан айрылған соң көне шақтың.
Тас қаладан іздеп жүр талай қазақ,
Жылуын жұртта қалған жер ошақтың.
Тұшынып оқығанға рух қонатын,
Жыр жазыпсың дастанға жүк болатын.
Атқан оғын дұспанға Сақ бабаның,
Жүрегінде расымен түк болатын.
Тұяғы тас тураған боз атының,
Тағасы қанға бөгіп тозатұғын.
Сақи рухтың сарқыты сіңген қазақ,
Әруақ десе арқасы қозатұғын.
Өзіңдей өрелі өрен балалардың,
Жырынан жанға дәру сабақ алдым.
Бағзыда өткен баһадүр бабалардың,
Ерлік өнегесінен хабар алдым.
Батырландай тарихқа батыл барып,
Жыр-дастанға ете алмас талап әркім.
Саған аты беймәлім сақ патшайым,
Тұмар ана болар деп шамаладым.
Білем, сенде оны ұғар сана барын,
Демессің мені наһақ қараладың.
Өнердегі болсаң да дара дарын,
Өлеңіңді сын көзбен бағаладым.
Аңдап оқып байқадым хикаяңда,
Бір қайнауы кем тұрған шала барын.
Тарихқа кім дәл сендей бара білсін,
Мұқалар, көтермесе қаламың сын.
Оқырманға қашанда өлеңіңмен,
От беретін ғажайып ғалам ұмсын.
Көркем етіп жазам деп, ескі аңыздың
Көмескі етіп алыпсың мән-арысын.
Жан қинамай асығыс жалпы жазып,
Мән-жайын баяндапсың қарадүрсін.
Тарихтың дерегіне қаталап шын,
Жүр ем, бір тың тақырып соқалапсың.
Мыңжылдықтар мүжіген баяныңда,
Көркемдік пен нақтылық қатар ақсын.
Төрткүл дүниеге сес болған Сақ бабамның,
Ешбірінің есімін атамапсың.
Кеудемізде жүргенмен жыр-ұя боп,
Біз білмейтін әлі де дүния көп.
Мәселен, өзің жазған Иран жұрты,
Көнеде аталыпты Мидия деп.
Қапысыз көркем келсе аршын өлең,
Қалайша қисыныңа қарсы келем?
Ескіде Иран деген ел жоқ еді,
Мен оны Иран емес, Парсы дер ем.
Осыларды ескеріп келешекте,
Ой мұратын нықтайық не десекте.
Ағалық тілегім ғой жай әншейін,
Өзіңе деген мұным емес өкпе.
Төкпе жырдың артсын деп мән-бедері,
Кеңес айттым, тисе егер сәл көмегі.
«Шер-дүниедей» көлемді дастаныңмен,
Тағы бір тірілткенсің хан Кенені.
Кенесары – иесі сары белдің,
Намысы, қаруы еді қалың елдің.
Қырғыздың мансапқа құл манаптары,
Қапыда қақпан құрды әбігер күн.
Алаштың бұл тарихы қасіретті,
Хан Кененің қапыда басы кетті.
Кәуір оны музейге тығып қойып,
Ер қазақты жалтақ һәм жасық етті.
Өткеніме көз салсам нала-сүргін,
Мұңды зарын естимін Алашымның.
Кенеден соң олжа боп басы кетті,
Құлан қыпшақ Кейкідей нар асылдың.
Арқаның күн қақтаған көдесінен,
Сағынышы самал жел боп есілген.
Армандары аққудың қанатындай,
Арулары сүйкімді өресі кең.
Басынан айрылса да батырлары,
Туған жерге дем берген денесімен.
Ғұламалар ғасырға тұлға болған,
Кемеңгер ақыл ойлы кеңесімен.
Тарихқа тұтқа болған ұлылардың,
Есімдер өшпейді ел есінен.
Даланың дарындары орындарын
Ойып алған тарихтың белесінен.
Тағдыры тарих бетін тырнап аққан,
Ахмет Алаш үшін мұңға батқан.
Ыбырай Алтынсарин заманында,
Арайлап атпап па еді күн қабақтан.
Міржақып жағып кеткен намыс оты,
Қазақты көтермеп пе ед қырда жатқан.
Спандияр Көбеев ұлағаты,
Ұлтымның санасына нұр жалатқан.
Майлин салған мәңгілік мұнарасы,
Күннің шұғыласындай шыңда жатқан.
Батырлан-ау, бүгінше осы болды,
Өзіңе жеткен сәлем Нұрқанаттан.
Батырлан:
Біз – бота, сіз – бұйдасын үзген нарсыз,
Біз – жота, сіз – биік шың, құз бен жарсыз…
Наһақтан қаралады демейді ешкім,
Шын айтып, сынды орнымен тізген жансыз.
Есімін атамаса бабалардың,
Кім білген інің бәлкім ізденді әлсіз.
Өзім де кем санап ем бір қайнауын,
Жыр жолын қарадүрсін түзген нәрсіз.
Ақиқат айтқан сөздің жоқ қатесі,
Керіспей келісерміз біздер даусыз.
Ағалар міне осылай жол сілтейді,
Інілер адасса көп ізде аңдаусыз.
Басқалар қателессе кім түзер ед,
Біз қателессек түзер сіздер барсыз.
Дегенмен бергенменен нақ бағасын,
Ескінің ескермепсіз әфсанасын.
«Ескіде Иран деген ел жоқ ед» деп,
Біздерге өлеңменен хат саласың.
Атанған патшалардың кітабы деп,
Тарихын қадым күннің хаттағасын,
Жырлаған Тұрмағамбет тәржімалап,
Білерсіз Фирдаусидің «Шахнамасын».
Десең де көркем қылып көп әрлеген,
Танылар тарихтағы Сақ баба шын.
Рүстем соғысқанда Әшкәбуспен,
Деп жазған Иран, Тұран ат-намасын.
Иран деп жазғаныма Мидия емес,
Нұр-аға, кінәлауға шақ қаласың.
«Мен оны Иран емес, Парсы дер ем» –
деп тағы жылнаманы ақтарасың.
Парсыны Қызылбас деп айтар және,
Іздесең жазғанымнан нақ табасың.
Менің де бұл жазғаным емес өкпе,
Әншейін айтқандығым ақ-қарасын.
Келген соң сөз сыңайы жаздым хатқа,
Демессіз құр бекерге ақталасың…
Нұр-аға, жазған сөзің жетті еліңе,
Әр сөзің салмақ болар ат беліне.
Артсын деп өлеңімнің мән-бедері,
Айтамын алғыс кеңес еткеніңе.
Сіз-дағы ой толғапсыз, сөзді арнапсыз,
Көз тастап халқымыздың өткеніне.
Тарихқа тұтқа болған ұлылар деп,
Тоқталдың талай-талай текті еріме,
Алашты адастырмас жолға салған,
Ахмет, Міржақыптай бектеріме.
Дегенмен сөз сайысқа бет бұрайық,
Мұны айтсам санамассыз өкпеліге.
Көрген ел айтыспад деп кейімесін,
Кетті деп бұл екеуі беттеріне.
Білемін, ақындар аз аламанда,
Шыдайтын сіздің жырдың от-лебіне.
Әйткенмен, айтыспасқа амалым жоқ,
Келгесін өлең-жырдың өткеліне.
Десек те қылыш тілім нендей өткір,
Қаламым егес сөзге ермей-ақ тұр.
Айтысты бастау қолдан келгенменен,
Тартысты бастау қолдан келмей-ақ тұр…
Нұрқанат:
«Ұйыған тілінде – сөз, ділінде – иман,
Бойына Кәламаллаһ нұрын құйған.
Қос қария төр алдында күрсінеді,
Біреуі – үй иесі, бірі – мейман.
Қызырлы Құран Кәләм», – деп басталған,
Мен сені танып едім от дастаннан.
Шежірелі шайырсың білгені көп,
Ел тарихын көшірген көк тастардан.
«Алтын көмбең» секілді жалғанар ма,
Деп ем ғой, отты жырың қалған алда.
Жасауыл қырғынының ақиқатын,
Білмес пе ем, «Шер-дүниең» болмағанда.
Шалқұйрықтай шу етіп өте шықсаң,
Сүйсініп қарап тұрам, шаң қабам да.
Кең жүрек керек бізге ақын болып,
Өмір сүру үшін де тар ғаламда.
Ескінің ескермесем әпсанасын,
Дәлеліңе, Батырлан, жоқ таласым.
Оқырман да оқыған, мәселенің,
Ажырата алады ақ-қарасын.
Алқа топта қыздырып сөз додасын,
Алған ұлсың халықтан өз бағасын.
Көкпарға түскен шалдай боп отырмын,
Өзіңдей шын жүйрікке кез болғасын.
Жырыңа аздап пікір айтсам егер,
Оқырман ретіндегі көзқарасым.
Нанымды болсын деп ем толғауыңды,
Тарихи дүниені қозғағасын.
Айтыс бастап он беттік өлеңіңмен,
Көміп тастай жаздадың көлеміңмен.
Астананы жыр етіп тым әріден,
Тарихымды таныттың тереңінен.
«Қостанай таңы» бүтін бір нөмірін,
Бізге арнар төкпе жырдың себебінен.
Қалың ел қарық болып елорданың,
Қанығар ескідегі дерегінен.
Ендеше, мен де айтайын бір-екі ауыз,
Өткізіп өзімше ойдың елегінен.
Бетегелі белімнің боз әуені,
Сыр шертсе, тарихым да ғажап еді.
Сарысу, Қозыбасыға туын тігіп,
Дештіден дербес кетіп Қазақ елі.
Жәнібек пен Керей хан қалап алған,
Ең алғашқы астанам Созақ еді.
Алтын қом, күміс қатеп нар тоқтайтын,
Керуен көшкен даламның базары еді.
Көшпелі өркениетте өр қазақтың,
Бар еді өз айбыны, өз әлемі.
Туырлығын ту қылып құрамаққа,
Ұлыстың қонған шақта ұланы атқа.
Керегемді кеңейтіп Бұрындық хан,
Хан кеңесін көшірген Сығанаққа.
Би-бектерім елге адал қызмет етіп,
Айналған абат қалам гүл алапқа.
Көшпелі елдің іргелі шаһарлары,
Төскейде тұтқа болған Тұранатқа.
Солардың бәрі өтіп кетті бүгін,
Жердің асты дейтұғын мұрағатқа.
Түбі бір ер Түрікке тұмар болған,
Құран дарып, иманнан құнар қонған.
Екі дүние есігі – Түркістаным,
Киесі Меккеменен сыңар болған.
Түркістан астана боп тұрған кезде,
Қазақта «Алаш» деген ұран болған.
Есім, Қасым, Тәукенің туы астында,
Ұлы жасақ құралып ұландардан.
Арпалыспен азаттық орнатыпты,
Бағзыдан болып келген Тұранға арман.
Көріп, танып, зерделеп жүрген ұлсың,
Тарихтың терезесін мұнарланған.
Сол жорыққа талай би-батыр кеткен,
Тобыл-Торғай дейтұғын бұл аңғардан.
Батырланның баянды ғұмыры үшін,
Батырлардың қылышы суарған қан.
Осы өңірден түлеген тоғыз перзент,
Түркістанда қаза боп ұлы арманнан.
Иассауи жатқан жерге жерленіпті,
Хабарың бар ма еді бұдан, қарғам?
Одан кейін елімнің бас бедері,
Өз ағам алып қойған Таскен еді.
Ол да кейін өзбекше Ташкент болып,
Қазаққа болмай қалды рас беделі.
Қатағаннан қызыл қан аққан белді,
Астанам деп Есім хан қаққан белгі.
Бүгінде өзімдікі дей алмайсың,
Төле бидің аруағы жатқан жерді.
Ташкенттен соң бас қалам Семей болды,
Ол кездегі ұраным – «Кедей!» болды.
Үш жыл бойы үш жүздің баласының,
Қарт Семей рухын жанып, мерей болды.
Арайлы таңым болып атқан алдан,
Жауда кеткен жағамсың, аппақ арман.
Өзегімді өртеген өкінішім,
Орынбор – Алтын ордам жатта қалған.
Орынборда Ахаңның үні қалған,
Орынборда атамның құны қалған.
Орынборда Алаштың рухы жатыр,
Демессің, бауырым, сен мұны жалған.
Орынбор оң жақтағы жүрегім ғой,
Кеудемді кеспей кәпір жұлып алған.
Кеңестің тұсындағы қорбас заман,
Ақмешіт пен Алматы – болды астанам.
Қонаевтай көреген көкелерім,
Аз қазақтың қамын жеп, қорғаштаған.
Қызылорда сүйкімді әже болса,
Алматы да аяулы болмас па анам.
Астана – шетелде өскен қатал ағам,
Заманауи білім ап сөз бастаған.
Айбаты асқақ, менің сол қатал ағам,
Рухыма құнар берді қаталаған.
Айбынымды асырып қала болды,
Сарыарқадай сары бел сахарадан.
Талай қиын белесті бағындырды,
Бұрын ешбір астана өте алмаған.
Тарих атам сотталып кетіп еді,
Ол да оралды есен-сау, шапаны аман.
Келешегім кемел боп көрінеді,
Сол ағамның көзінен боталаған.
Күніне мың тәу етем Тәңіріме,
Елорда есен болсын деп, Отан аман.
«Қаламым егес сөзге ермей тұр» – деп,
Батырлан, байлағансың нендей күрмек?
Өзіңді шын ардақтап, тілекші боп,
Адам аз тұтып жүрген мендей құрмет.
Ақын көп болғанменен айтысатын,
Адам таппай жүрсің бе тартысатын.
Егескің келсе егер, фейсбукты аш,
Не түрлі есерлер бар зәр құсатын.
Сол жерде неше түрлі «данышпан» бар,
Ақылмандар, алыстан танысқандар.
Дүниені астан-кестен қылып отыр,
Компьютерге шұқшиған «арыстандар».
Біреуі орыстанған иван сыншы,
Біреуі дүмше молда иман сыншы.
Біреуі әсіре ұлтшыл кәсібі жоқ,
Үйден ұзап шықпайтын диван сыншы.
Өздерінше тон пішіп заман жайлы,
Жатып келіп біреуді жамандайды.
Іші іріген қоғамның азаттығы,
Ешқашан да баянды бола алмайды.
Бастағы бақ қадірін білмей жүрміз,
Менің көңілім осыған алаңдайды.
Күйесің көріп түрлі көзі аққанды,
Налисың қарап небір ғажаптарды.
Егескің келсе, ақылға көндіріп бақ,
Бірін-бірі жеп жатқан қазақтарды.
Парасат тұнығына шөлдегейсің,
Ойымды теріс жори көрмегейсің.
Кертартпалар қамалған ғаламторға,
Ал, енді, Батырлан-ау, сен не дейсің?
БАТЫРЛАН:
Нұр-аға, жығылмаған нар намысың,
Өзіндік өнердегі бар дауысың.
«Көкпарға түскен шалдай болдым» деген,
Осынау айтыстағы тарланымсың.
«Ойды орып, қырды қырған» екі айналым,
Елімнің есе бермес саңлағысың.
Қызығым өтіп, қызу сөнді деме,
Жігерің – жалын, жырда арналысың.
Мерейін биік қылған жазба айтыстың,
Мейірді қандырар жыр зәмзамысың.
«Шалмын» деп шалдыққаның жараспайды,
Шабандоз жылдарды артқа салған үшін.
Сөзі – ұран, ойы – ұйытқы елдігіме,
Біз үшін өлең-жырдың сардарысың.
Түркістан рас, Түрікке тұмар, аға,
Айналған қастерлейтін мұнараға.
Алты Алаш ардақ тұтқан тұлғалары,
Мәңгілік тыныс тапқан бұл арада.
Тобыл мен Торғайдағы текті ұлдардан,
Жерленген тоғыз адам бұ қалада.
«Түркістанда қаза боп ұлы арманнан» –
Дегенге қараймын тек шүбәлана.
(Көз көріп, көңіл танып тұрғаннан соң,
Інім мін терді екен деп кінәлама).
Мысалы, Шақшақ Жәнібек бұ дүниеден
Көшкен жер Торғай, Тосын құба дала.
Қазақтың қабырғалы нары еді деп,
Жеткізген ел құрметтеп бұл араға.
Талайды міне осылай апарыпты,
Жүрсе де алыс жолдан жыл араға.
«Қаза боп Түркістанда» дегеніңіз,
Аңдаусыз кеткен болар сірә да, аға.
Себебі ел тарихын ойға түйген,
Бейнең бар ұқсас хакім, ғұламаға.
Түркістан түгел түрік тәу етер жер,
Бар сіздің хабарыңыз бұдан, аға.
«Сотталып кеткен тарих ақсақалым,
Есен-сау келді киіп ақ шапанын.
Елорда есен болсын, Отан аман» –
Деп жазған жырың, аға, жасқа тәлім.
Алладан амандығын Алаш тілер,
Азат ел Қазақстан жақсы Отаным.
Төрінде Сарыарқаның жер науаны,
Астана арайланған ақ шаһарым.
Өркендеп елдің дамып жатқандығы,
Өзгеден абырой мен асса атағың.
Сауранды екі айналған қазақ бүгін,
Бастап тұр болашаққа бақ сапарын.
Тарихты талдап айтып көнелерден,
Нұр-аға, жаздың жырды өнегеңмен.
Тәңірге тәубені де ұмытпадың,
Болам деп келешегі кемел елмен.
Тұрғаның шын бабыңда көрінеді,
Жырларың шешен тілді шебер өрген.
Інінің шын ардақтар тілекшісі ең,
Өркендеп өссін дейтін өрен елден.
Қоясыз суыртпақтап сыр да тартып,
Бұл айтыс ой алаңы не дегенмен.
«Қамалған кертартпалар ғаламторды»
Жазайын жаз десеңіз мен өлеңмен.
Бүлдірер бірлігіңді алатайдай,
Көкезу сол жерде отыр көп өлермен.
Сонда отыр көпшілігі сөзге қырттың,
Сынайтын әр жұмысын өзге жұрттың.
Өздері маңдытып іс бітірмейді,
Малтасын қорек етіп езбеліктің.
Қоғамды шырмауықтай бәрі шырмап,
Санаңды жатыр олар жарыса улап.
Дүниені дүрліктіріп ақпар жайып,
Жаманат хабар десе жан ұшырмақ.
Желіде әлеуметтік әлеуметтің,
Бетіне шашар зәр мен сары суды ап.
Тобырды топтап жиып бөліп алып,
Арсызын жатады алқап "арысымдап".
Тұрмыста көре қалса аз таршылық,
«Ұлттық мәселе» деп жазар оны сынға ап.
Көзі ашық тоқтау салған жандар болса,
Көп надан шыға келер тағы шулап.
Болғасын сана – саяз, таным – төмен,
Таласып бір-бірімен сағы сынбақ.
Қырқысып қырық пышақ болып жатар,
Қалайша енді оларға дарысын бақ.
…Көрсоқыр көсеулері көп тобырдың,
Келешек кемел дейтін ел үшін дақ…
Жалғансыз жазылмайтын таза ақпары,
Көлгірсіп көп олардың көз аққаны.
Жақсы істі жамандауды жұмыс қылған,
Аз емес көңілі қара кәззаптары.
Жан жалдап жағымпазы және отырар,
Дейтұғын «тап-тамаша, ғажап бәрі».
Ары – тұл, тән жалаңаш арсызда көп,
Мақтаныш олар үшін мазақ халі.
Нұр-аға, мұның бәрі ештеңе емес,
Мұнан да зорғысы бар азапты әрі.
Ғаламның жетіп жатыр «ғажаптары».
Сайттар көп сайтан тілі сарнап жатқан,
Үгіттеп мақсатына сөз ақпары.
Тоғысқан тоқсан мүдде майдандасып,
Қайнап тұр от-жалындай тозақтағы.
Шектеусіз кетсе осылай түптің түбі,
Қорқамын жанбай ма деп қазақ бағы.
Себебі ақылын арбап аңғал жұрттың,
Ұлт рухы кеміп барад қазақтағы.
Жұтылып ұлттың рухы жоғалса егер,
Баянды болар ма елдің азат таңы.
Нұр-аға, нар қазақпыз бабасы абыз,
Бабасы абыз елдің даласы – аңыз,
Ежелгі ел тарихы – бітпес кеніш,
Үйренсек тағылымын тамаша біз.
Бағдарын болашақтың көрсетеді,
Көз тастап өткен күнге қарасаңыз.
Астана – Алашымның ақ үміті,
Бұйырса, сан белестен әрі асамыз.
Жыр қылып елордасын ерте күннен,
Айтыста салдық өрнек жаңаша біз.
Бар ойдың сарқып құяр сағасы осы,
Тартысып енді неге таласамыз?
Ордалы елге жырдан тарту тартқан,
Осымен тамам болсын тамашамыз.
НҰРҚАНАТ:
Ел тағдыры екіұдай тұстарында,
Бірлік деген бет алып ұстанымға,
Ер бабамның қалмаған басы қайда,
Қаймықпай қарсы шапқан дұспанына.
Түркістан үшін қаза тапқан талай,
Батырлар Түркістаннан тысқарыда.
Мәселен, Өтей батыр шәйіт болған,
Қазақтың Жайық дейтін пұшпағында.
Сол жерде Мерген батыр жараланып,
Көбесінің қан қатқан тыс қабына.
Олар-дағы Түркістан үшін өлген,
Ақтабан шұбырындының қыспағында.
Ел-жер үшін егескен бабалардың,
Ерліктің үлгісі бар іс-қамында.
Сарқылмас кен қалдырған алашыма,
Сейіттен сәуле жұққан санасына.
Кенжеахметовтың бүгінгі көзіндейсің,
Қаламы құт дарытқан қарашыға.
Торғайдың тарихында көп ақынның,
Тағдыры түскен уақыт таласына.
Солардың жаһұт жырын қайта аршып ап,
Үлгі еттің күллі қазақ баласына.
Еңбегің еш кетпейді есен жүрсең,
Ес болған екі ғасыр арасына.
Ақынмын деп көп адам малданып жыр,
Мәнсіз ұйқас құрғанға алданып жүр.
Том-том кітап шығарып, есік аңдып,
Шенеунікке өткізіп жан бағып жүр.
Ал Батырлан аз ғана жырыменен,
Жүректің сарайына шам жағып жүр.
Ойға қанат, ақылға күш беретін,
Өлеңінің өзегі – от, жан-жағы нұр,
Торғайдың түп тарихын түгел білген,
Қойнауы аңыз, жусанды аңғары – жыр.
Абылайдай інім бар Қостанайда,
Өзіңменен мүдделес арманы бір.
Ол әңгіме айтқанда, қайран қалам,
Не деген білімпаз деп, талғамы дүр.
Сөйтсем, менің пір көрген Абылайым,
Бас ұрып Батырланға таңғалып жүр.
…Депсің ғой, «нар қазақпыз бабасы абыз»,
Бабасы абыз халықтың баласы – аңыз.
Батырлан, байқадың ба, жазба айтыста,
Екеуміз кәдімгідей жарасамыз.
Сынымызды төбеден дүңк еткізбей,
Сипай айтып, ой түзеп санасамыз.
Ендеше, қалың елге тарту етер,
Ешқашан таусылмасын тамашамыз!