Көптен күткен диплом
Бүгін Рудный индустриялық институтын «Тау-кен ісі» және «Металлургия» мамандығы бойынша тәмамдап отырған түлектер өздерінің дипломдық жұмысын «ССКӨБ» АҚ Кадрларды оқытып даярлау орталығында қорғады. Жастардың қарым-қабілетін анықтап, кен алыбының кадрлық резервын толықтыруға бағытталған осындай іс-шаралар тамаша дәстүрге айналған. Өйткені, бәсекелестік заманда оқу орнын жақсы және үздік оқыған студенттер ғана болашақта қалаған жұмысына еш қиындықсыз орнала алады.
Дипломдық жобаларды қорғау шарасына «ССКӨБ» АҚ президенті Береке Мұхаметқалиев пен РИИ студенті Әбдірахман Найзабеков, сондай-ақ жоғары оқу орнының басты серіктестерінің өкілдері қатысты.
Биыл студенттер дипломдық жұмыстарының тақырыбына ерекше көңіл бөліп, зор ізденіс танытқаны бірден көрініп тұрды. Олар прокатты моделдеу, жердің жоғарғы қабатын деформациялық мониторингілеруден бастап Қоржынкөл кеніші мысалында шикі кенді бастапқы өңдеудің тиімділігін негіздеу сияқты мәселелерді қамтуға тырысты. Жұмысты қорғап болған түлектерге сұрақтардың басым бөлігін бірлестіктің бірінші басшысы өзі қойды. Білімдерін жан-жақты сынаған Береке Сағатұлы негізге алу қажет тұстарды да атап өтті.
– Біз кәсіпорында еңбекті қорғау мәселесі өте зор көңіл бөлеміз. Соңғы 40 жылда бірінші рет 2017 жылды адам өлімінсіз өткіздік. Бұл алға қойған мақсат-міндеттеріміздің біртіндеп жүзеге асып жатқандығын білдіреді. Сол себепті, Рудный индустриялық институтының студенттері де бізге жұмысқа келгенде оларды қайта оқытпау үшін оқу орнының қабырғасында жүріп біз басшылыққа алған Дюпон сияқты еңбекті қорғау үлгілерін меңгеріп жатса, нұр үстіне нұр. Біз қазіргі өзгермелі заманда кез келген жаңалыққа дайын болуымыз қажет, – деді ол.
Дәстүрлі шараның соңында түлектердің барлығы кәсіпорын мен институт басшыларының қолынан төрт жылдық оқудың жемісі – көптен күткен дипломдарын алды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ