Жаңа келбетті мектеп
Білім күні қарсаңында шалғайдағы Қамысты ауданының Бестөбе ауылында күрделі жөндеуден өткен оқу ордасының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Айрықша атап өтер жайт, жалпы білім беретін орта мектептің құрылыс жұмыстары алдағы қараша айында аяқталады деп жоспарланған екен, алайда мердігерлер оны мерзімінен екі ай бұрын пайдалануға беріп отыр.
Білім ордасын жаңғырту «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып, құрылыс жұмыстарына республикалық бюджеттен 280 миллион теңге қаражат бағытталған екен.
Салтанатты шарада құттықтау сөз алған аудан әкімі Ғазиз Бекмұхамедов бұл науқанның тек мектеп ғимаратын ғана жөндеу емес, сонымен қатар, еңбекпен қамту орталығы арқылы жұмыс орындарының ашылғанын атап өтті.
– Жұмысқа орналасқан азаматтарға кемінде 85 мың теңгеден жалақы төленіп отыр, бұл аталған бағдарламаның міндетті шарттарына жатады. Бас мердігераталған жоба бойынша жергілікті жұмыс күшіне, құрылыс материалдары мен заттарға басымдық беріп отыр. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының бұл ғимаратты қайта жаңғырту мақсаты жүз пайыз толық орындалды. Оның үстіне жоба жоспардағыдан күні бұрын орындалып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жалпыға білім беру мекемелерінің құрылыс жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталу қажет. Алдағы уақытта аудандық қаражат есебінен мектеп сырты да абаттандырылып, тас төсеніштер салынатын болады, – деді Ғ.Бекмұхамедов.
Бестөбе мектебі салынғаннан бергі 52 жылдан кейін жаңа кейіпке еніп отырғаны. Құрылыс жұмыстары небары үш-ақ айда аяқталыпты. Аудан басшылығы, бас мердігер «Гренада» ӨКФ» ЖШС, «Бестөбе-2» ЖШС басшысы, ауыл әкімі бұл науқанға айтарлықтай үлес қосты.
Бұрын ғимараттың жылыту жүйесі ең басты түйткіл еді. Сол себепті, құрылыс жұмыстары дәл осы жылыту жағына баса мән беріпті. Желдеткіштің қасбеті жылу сақтайтындай етіп салынған, ал барлық терезелер ішкі температураны сақтап тұратындай ауыстырылған екен. Қазір жылыту маусымына қызу дайындық жүріп жатыр. Отын жеткілікті, жылу құбырлары жаңа, су сору құрылғылары ауыстырылған, жылыту қазандығына күрделі жөндеу жүргізілді, барлық қондырғылар техникалық жағынан тексеруден өткен, енді тек жылу беруді ғана күтіп отыр.
Сонымен қатар, елді мекендегі бірден-бір спорт залы мен акт залы қацта жаңартылып отыр. Айта кетейік, спорт зал полиуретанды етіліп салынған, яғни, спорттың кез келген түріне арналған әрі ұзақ жылдар бойы қызмет етуге қауқарлы. Ал акт залында сабақтан тыс шаралар ғана өткізіліп қоймай, ауылдықтар да түрлі салтанатты жиын-басқосуын ұйымдастыра алады.
Бұдан былай жүзге жуық бестөбелік оқушы барлық санитарлық-тазалық талаптарды сақтай отырып, мектеп қабырғасынан білім алатын болады. Ата-аналар тарапымен келісім бойынша нақтылы кесте белгіленген.
Ал оқу ордасы жанынан мектепке дейінгі білім беру орталығы ашылды. Кішкентай балақайлар ол жерде білім-тәрбие алумен қатар, түрлі танымдық ой-өрісті дамыту бағдарламаларын игеретін болады.
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ
Қамысты ауданы,
Бестөбе ауылы.
Суреттерді түсірген Дина НҰҒМАНОВА.