Кеденде өткен кезекті кеңес
Қостанай облысы бойынша кедендік бақылау департаментінде консультативтік кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Кезекті отырыста кедендік төлемдер және салықтар бойынша мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері талқыланды. Кедендік кіріс басқармасының басшысы С.Гусейнов: "қазіргі уақытта басқарма кеден органдары атқаратын 11 мемлекеттік қызметтің ішінен 4 түрін жүзеге асырады Сәуір-маусым айларында 68 қызмет көрсетілген. Ең көлемдісі кедендік төлемдер мен салықтар бойынша салыстыру актілерін беру", – деді.
Сондай-ақ сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының кодтары бойынша қорытындыларды беру мәселелері сөз болды. Отырысқа қатысушылар сыртқы экономикалық қызметке қатысушыларға қызметті сапалы және тиімді көрсету, әкімшілік тосқауылдарды азайту мақсатында салық органдарымен тығыз байланыс орнату қажеттілігі туралы пікір алмасты.
Бұдан әрі отырысқа қатысушылар Кеден одағының іске қосылуы және 2011 жылдың шілде айынан бастап Ресей-Қазақстан шекарасында кеден бекеттерінің қысқартылуы туралы ақпаратты БАҚ-та жиі жариялау қажет деген тоқтамға келді. Өйткені кейбір БАҚ-тағы хабарламалар бойынша жалған ақпарат тарайтыны бар.
Айтолқын
АЙҚАДАМОВА