Венгриядан жүлдемен оралды
Венгрияның Дьер қаласында грек-рим күресінен «Алтын Гран-При» халықаралық рейтингтік турнирі өтті. Оның қорытындысы бойынша қазақстандық «классиктер» төрт алтын, екі күміс және үш қола медаль жеңіп алды.
Еліміздің намысын дүбірлі додада абыроймен қорғағандардың қатарында рудныйлық спортшы, "ССКӨБ" АҚ жұмыскері Мирас Баршылықов та бар. Ол 77 кг-ға дейінгі салмақ дәрежесінде екі Азия чемпионын тізе бүктіртіп, үшінші орынға табан тіреді.
Мирас бұл спорт түрімен бапкері Александр Аксютиннің жетекшілігімен 15 жастан айналысып келеді. Оның қоржынында бірнеше республикалық және халықаралық жарыстардың медальдері бар. Бірақ спортшы мұнымен тоқтап қалмақ емес. Мирастың басты көздеген мақсаты – 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама ұтып алып, алтыннан алқа тағу.
Айта кетерлігі, еліміздің құрамасы жалпыкомандалық есепте турнирдің қожайындарына есе жіберіп, екінші орынға жайғасты. Үздік үштікті Иранның командасы қорытындылады.
Қуаныш Есқабыл