Жас мұғалімдер көбейіп келеді
Қала және ауыл мектептері арасында білім сапасы бойынша айырмашылық әлі де бар. Бұл туралы Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мәлім етті, – деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Орта білімге тоқталсақ, жаңартылған білім мамұнына кезең-кезеңмен көшуді жалғастырып жатырмыз. Осы жылы 1, 2, 5 және 7-ші сыныптар өтті. Бұл ретте сабақтар жаңа оқу бағдарламасымен, жаңа оқулықтармен жүргізіледі. Сонымен қатар сыныптардың 85 пайызы 5 күндік оқуға толығымен көшті. Қазіргі уақытта гимназия мен лицейлер типтік оқу жоспарын қарастыру бойынша мұғалім қауымдастығы жан-жақты талқылауға түсті. 70 мыңнан астам мұғалім оқудың жаңа мазмұны тұрғысында біліктілігін көтерді. 10,11 сыныптарда физика, химия, биологияны ағылшын тілінде оқыту бойынша қанатқақты жоба басталды. Биыл және алдағы жылы он мың ағылшын тілінде білім беретін ұстаздар тіл курстарымен қамтылады», – деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, мұғалімдер арасындағы жастар саны көбейіп келеді. 2016 жылмен салыстырғанда жас ұстаздар үлесі 2,5 есеге артқан. Бірақ көрсеткіші төмен өңірлер де бар екен. Осы орайда Батыс Қазақстан мен Қызылорда облыстарында жас мұғалімдердің саны кемшін. «Қала және ауыл мектептері арасында білім сапасы бойынша айырмашылық әлі де бар. Орта білім сапасын арттыру үшін біз ЭЫДҰ-ның PISA зерттеуіне қатысамыз. Биыл PISA -2018 зерттеуіне 65 мектеп пен 3 мыңнан астам оқушы қатысты. Оны министрліктің өзі ұйымдастырып отыр. 2018 жылы PISA өте күрделі болады, яғни компьютерлік форматта өтеді. Сондықтан әкімдерден алдағы жылы мектептерді толықтай компьютерлендіру үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастыруды сұраймын», – деді Ерлан Сағадиев.