Ауданды не алаңдатады?
Облыстық мәслихат депутаттары Ұзынкөл ауданына іссапармен барды. Мақсат – бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен танысу, тұрғындарды қабылдап, өзекті деген мәселелерге ден қою.
Аңқасы кепкен ауылдар бар
Облыстық мәслихаттың экономиканы және ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі тұрақты комиссиясы жұмыс сапарын Ұзынкөл ауданының Ершов елді мекенінен бастады. Бұл – халық тығыз орналасқан бірегей ауыл. 900 адам тұрады. Шаруашылығы да жолға қойылған. Істеймін деген адамға жұмыс табылады. Мәселен, "ПФ Ершовское" ЖШС-нің құс фабрикасы 40 шақты тұрғынды жұмыспен қамтып отыр. Олардың табысы ауылдағы күнкөріске жетеді: орташа айлық 70 мыңдай теңге. Бұған қоса, егін шаруашылығымен айналысатын "Ершовское-2" ЖШС бар. Ол да халықпен ырысын бөлісіп келеді. Бұл серіктестіктер еңбекшілерінің тұрмыстық ахуалын жақсартуға тікелей септігі бар. Сондай-ақ, ауылдың мұң-мұқтажын мүмкіндігінше ескеріп отырады. Қолдау-демеуден тысқары қалып көрген емес. Арқалағандары – алғыс. Бір сөзбен, ауыл біреуден ілгері, біреуден кейін тіршілік етіп отыр. Алайда…
Алайда, аядай ауылды толғантатын бір ғана мәселе бар – ауызсудың қолжетімсіздігі. Ершовтан әріректе жатқан Обаған өзенінен құбыр тарту жоспары орындалмас арманға айналғалы қай заман. Ауыл жанашыры, "Ершовское-2" ЖШС директоры Сәбит Ағайдаровтың айтуынша, бұл мәселе республикалық деңгейге дейін көтерілген. Жобалық құжаты әзірленгенімен, қарайған қаражатты талап ететіндіктен, қозғаусыз күйі қалып келеді. Магистраль тарту үшін 1 млрд 400 мың теңге қаржы қажет екен.
– Мұның оңайлықпен шешімес мәселе екенін мойындау керек. Дей тұрғанмен, назарымызға алып, жоғары жаққа ұсыныс әзірлеуге талпынып көреміз. Бір оңтайлы шешімі табылып жатса, үлкен игілік болары сөзсіз, – деді ауылдықтардың шағымын тыңдаған делегация жетекшісі Олег Даниленко.
Дәл осындай мүшкіл хал ауданнан шалғайда жатқан Королев ауылына да тән. 60 түтіні бар бұл ауыл ауызсуды іргелес Солтүстік Қазақстан облысынан тасып ішеді. Депутаттар қабылдауына келген тұрғындар осы мәселені назарға алсаңыздар екен деген тілектерін жеткізді.
"Ұзынкөл-Су" мекемесінің директоры А.Внуков та ауданды ауызсумен қамту жөнінде есеп беріп, шешімін таппай отырған мәселелердің барын жоққа шығармады. Аудан орталығының өзі орталықтандырылған ауызсумен толық қамтылып бітпеген. Бұл шаруа осы жылы ғана 100% аяқталмақ. Директор аудандағы су тасымалы маршрутын ұлғайту, мемлекеттік субсидия демеуімен ауызсудың текшелік бағасын арзандату мәселесі назарда ұсталатынын айтады.
Жидіп жатқан жолдар және…
Облыстық мәслихат депутаттары "Нұр Отан" партиясының аудандық филиалы ғимаратында тұрғындардың арыз-тілектерін тыңдаған еді. Ауданның әр түкпірінен келген азаматтардың қай-қайсысы да ауылдастарына ортақ мәселені ортаға салды. Айналып өтуге болмайтын сондай түйткілдердің бірі – Ұзынкөлге ескіден таныс жол мәселесі. Троебрат ауылынан келген Алмас Есілбаев дейтін кәсіпкердің шағымы осыған саяды.
-2015 жылы қостанайлық әлдебір мердігер компания Пилкин ауылы мен Карл Маркс елді мекені аралығындағы 18 шақырым жолды жөндеген болатын. Жаман емес, қалпы әлі күнге дейін бұзыла қойған жоқ. Ал енді бұл жұмысты Карл Маркстан әрі қарай жалғастырған "Горвард" деп аталатын компанияға өкпеміз бар, – дейді А.Есілбаев. – Созбалап жүріп салғандары – төрт-ақ шақырым. Сапасыздығы бір-ақ ай ішінде білінді. Асфальт емес, бейне бір салынған сурет сияқты езіліп, ыдырап, тас-талқан болды…
Кәсіпкердің "осының сұрауы жоқ па?" деген емеурінін ұққан комиссия желге ұшқан ақшаның болжамды сомасын есептеп көрді. Жолдың әр шақырымы 28 млн теңге болады екен. Енді оны төртке көбейте беріңіз… 112 млн теңге!
-Мұнымен прокуратура айналысуы керек. Ендеше, біз облыстық прокуратураға депутаттық сауалхат дайындауымыз керек. Барлық деректерді бүге-шігесіне дейін атап көрсетеміз. Ал әлгі кінәлі "Горвардпен" байланысқа шығып жатудың бізге керегі жоқ. Айыбын өтетуді құзырлы орган еркіне тапсырайық, – деген байлам жасады комиссия төрағасы О.Даниленко.
Бұдан кейінгі мәселелер экономикалық сипатқа қарай ойысты. Жергілікті ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің депутаттардан сұрайтын көмегі – өнімдерін өткізуде туындайтын кедергілерден арылу. Бұл тұрғыда көбісінің тілектері бір жерден шығады. Мал етін өткізу, майлы дақылдар сату субсидияланса дейді олар… Депутаттар әрқайсысының өтініші міндетті түрде тиісті орындардың қарауына ұсынылып, олардың мақұлдануын тосатындарын айтты.
…Айта кетейік, іссапар барысында комиссия мүшелері "Қаратал" ЖК-нің мал сою орнына барып, жұмыс барысымен танысты. Одан соң Н.Ағытаев есімді аудан тұрғынының жыл бойы үзіліссіз жеміс өсіретін жылыжайына соқты. Сондай-ақ, олар ҰОС-ның 98 жастағы ардагері Иван Азаровтың шаңырағына да бас сұғып, азық-түлік түрінде демеушілік жасады. Жұмыс күні аудан әкімдігі ғимаратындағы активпен өткен жиынмен аяқталды.