Біліктілігін арттырып қайтты
Бүгінде бизнесті дамытуға мемлекеттің қолдауы ерекше. Жеңілдетілген несиелер мен арнайы гранттар былай тұрсын, мемлекет есебінен бизнес өкілдерін тегін оқыту да қолға алынған. Мәселен күні кеше Қостанай облысының 30 кәсіпкері «Шағын және орта бизнес топ-менеджментін оқыту» жобасы шеңберінде өз біліктіліктерін арттырып қайтты.
Олар «Назарбаев Университетіндегі» бизнестің жоғары мектебі мен Дьюк Университетінің (АҚШ) бірлескен бизнес-курстары мен онлайн-семинарларында болып, арнайы сертификатқа ие болды. Жобаның тиімділігі жайлы Рудныйлық кәсіпкер Марат Әмірханов:
Мемлекеттің берген барлық мүмкіндіктерін барынша жіберіп алмауға тырысам. Бизнесімді одан әрі өркендету үшін маған, ең біріншіден, бәсекеге қабілетті білім мен білік керек. Дәл осы қажетті білім мен білікті «Назарбаев Университетінде» өткен курстардан алдым. Бұдан бөлек оқытудың екінші кезеңіне, яғни Германия мен АҚШ елінде тәжірибеден өтуге мүмкіндік алып отырмын, – дейді.
Айта кетерлігі, аталмыш жобаны «Даму» қоры жүзеге асырып отыр және оған кез келген шағын және орта бизнес өкілі қатыса алады.