Қостанайда жас сарбаздар балы өтті
Түп-түзу сап, темірдей тәртіп, біркелі форма. Бұлар – Қостанай қаласы №28 мектеп-гимназиясының кадет сыныптарының оқушылары. Жылдағы дәстүрі бойынша І.Омаров атындағы қазақ драма театры залында «Тәуелсіз елдің жас сарбаздары» атты кадет балы салтанатпен өтті.
«Осыдан төрт жыл бұрын мектебіміз ашылғанда жас сарбаз сыныптары ашылған болатын. Жыл сайын олардың қатары толығып жатыр. Жасөспірім жастардың бойында патриоттық сезімді арттыру аясында бірқатар іс-шара ұйымдастырдық. Бүгінде біздің мектепте екі жүзден астам оқушы кадет сыныбында оқиды. Мақсатымыз балаларды Отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қостанайдағы 66260 әскери бөлімммен келісімшартқа отырып, жоспарға сәйкес бірлесіп жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Біздің мектепті бітірген түлектер Астанадағы С.Нұрмағамбетов атындағы әскери колледжде, еліміздің басқа да әскери оқу орындарында білімдерін жалғастыруда, – дейді №28 мектеп-гимназиясының АӘТД оқытушысы Әлихан Сағитов.
Жамбылбек Нұралыұлы – осы мектеп-гимназияның 11-сынып оқушысы. Ол үшін жас сарбаз балы айтулы шара.
«Әскери адам болу – бала кезімнен аңсап келе жатқан арманым. Өзімді ылғи әскери адам ретінде көретінмін. Сол арманым мақсатқа айналып, өз ретімен орындалып келеді. Әскери қызметтің бойында міндетті түрде ерлік, патриоттық сезім, яғни өз кіндік қаны тамған жерді қорғау деген сезім болу керек», – деп бөлісті бал қатысушысы.
Құрметті қонақтар қатарында әскери-патриоттық жұмыс және қарулы күштер ардагерлері, сондай-ақ, бірқатар әскери бөлімдерінің командирлері болды. Сонымен қатар, биылғы оқу жылында мәдениет және спорт, ғылыми жобалар және түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып, шығармашылық табыстар мен жетістіктерге жеткен жас сарбаздар Құрмет грамоталарымен және «Жас Сарбаз» төс белгісімен марапатталды.
Алғаш болып 99260 әскери бөлімінің әскери қызметкерлері және мектеп жас сарбаздары ән салып, би билеп, ұлттық аспаптар құлағында ойнап, өз өнерлерін ортаға салды.
Шұға ҚОҢҚАБАЙ
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.