Жаз қызығы “Жасыл Елмен”
"Жасыл ел" дегеніміз – Мәңгілік ел дегеніміз. Біздің елімізді жапырағы қурамайтын, тамыры суалмайтын, көрген жер тамсанбай тұра алмайтын мәңгілік жасыл елге айналдыруымыз қажет. Кейінгі ұрпаққа желде – ық, суықта – пана, суықта – сая болатын мәңгілік бәйтерек тұрпатта жасыл елді табыстауыз қажет"
Н. Назарбаев.
Қазақстан әлемдегі ең жас мемлекеттер қатарына жатады. Мұндағы халықтың басым көпшілігі бойында жалыны мен қуаты тасыған жастар. Жастардың қоғам өміріне белсене араласқаны жақсы құбылыс. Қазіргі танда, елімізде жастар саясаты қолға алынуда. Бұл орайда көптеген игі бастамалар өз жемісін көрсетіп те жатыр. Солардың бірі "Жасыл ел" бағдарламасы.
"Жасыл ел" бағдарламасының негiзi Елбасымыздың Жолдауы бойынша қаланған болатын.
Нәтижесінде 2005 жылы Астана қаласында "Жасыл ел" жастар еңбек жасағының республикалық штабы құрылып, елiмiздiң барлық облыстарында филиалдары ашылды. Міне, сол кезден бастап "Жасыл Ел" бағдарламасы кең етек алды. Тобыл өңірінде де "Жасыл Елдің" аймақтық штабы өз жұмыстарын бастады. Екі жылдан бері осы істің басы-қасында жүрген Қайрат Әбдіхалықовқа бірнеше сұрақтар қойған едік.
– Қайрат, биылғы жұмыстарыңыз басталып кетті ме?
– Жылдағыдай биылғы жылы да сәуір айынан бастап жұмысты бастап кеткен болатынбыз. Жұмыс қатарына 10 баланы қабылдадық. Олар өз міндеттерін жақсы біледі. Сондықтан алда атқарар әлі де жұмыстар жетерлік.
– Ендеше істеріңізге сәттілік тілейміз. Биылғы жылы қандай өзгерістер бар?
– Мақсатымыз белгілі. Елбасы айтпақшы елімізді гүлдендіріп, жасыл Елге айналдыру. Осы мақсатта еңбектеніп жатырмыз. Ал биылғы жылдың басты өзгешелігі әр бала тек бір ай ғана еңбек ете алады. Шынын айтқанда бұл тиімсіз болып отыр. Бұрындары бірінші маусымда қабылданған жас одан әрі қарай да жұмыс істей беретін. Үш ай еңбек ету қарастырылған болатын. Ал қазір олай емес. Бір ай бір топ, одан кейінгі екі айда екі түрлі топ жасақталатын болады. Тағы айта кетер болсам жастар-ға жаңа киім үлгілері таратылады. Бұл киімдер ыңғайлы. Шалбар да, ыстықта қысқа шорты да бола алады.
– Бір жылда қанша жас еңбекке араласа алады?
– Қостанай облысы биыл 500 жасты жұмысқа алады. Жаз айында босқа отырмаймын, еңбек етіп, қаражат табамын деген жас-тар келіп, өтініш білдіріп жатыр. Сондықтан жастарға есігіміз қашанда ашық.
– Қанша дегенмен жаз айы. Жастың аты жас. Еңбек етсе де сол уақытты қызықты өткізгісі келетіні белгілі. Жаз айы жұмысқа кірген жастар үшін несімен қызықты болмақ?
– Бұл жағын өзіміз де ойластырып жатырмыз. Бұл көптен келе жатқан жұмыс. Жыл сайын жаз айы жастар үшін ұмытылмастай қызықты өтетін. Бізге "Ел ертеңі" жастар ұйымының жастары көмекке келмек. Сәті түссе бәрі де ойымыздан шығатындай, уақыт қызықты өтіп, жаз лезде әрі есте қалардай көңілді болады деп сенемін.
– Жұмысқа алынатын жастар үшін қандай жағдай жасалады, не талап етесіздер?
– Әрине, бастысы жалақы төленеді. Аптасына 5 күн жұмыс істейді. Уақытылы жұмысқа шығып, еңбек ақыларын да алып отырады. Басты талап – жауапкершілік, тиянақтылық, еңбекқорлық. Еңбек ету арқылы жастар бір-бірімен танысады, уақыттарын тиімді өткізеді әрі ең бастысы еліне пайдасы тиеді. Осыны ұмытпасақ болғаны.
– Сұхбатыңызға рахмет. Сәттілік тілейміз.