Айнұр Нұрбекова: “ҚАЖЕТІ – ҚОЛДАНЫСҚА ҚОЛАЙЛЫ НҰСҚА”

Әліпбиді латын қарпіне ауыстыру өркениет көшіне ілігуді көздейтін жобалардың бірі екені мәлім. Әйткенмен, әуелгі мақсат – жаһаниятты ойлау емес, жаңа емлені жетілдіру, олқылықтардың орнын толтыру. Сондықтан, бүгінгі таңда осы бағыттағы жұмыстар жалғасып жатқанынан хабардармыз. Жаңа нұсқа әлі бекітілмегенімен, қазірдің өзінде қандай өзгертулер мен толықтырулардың енетіні белгілі болып отыр. Осы төңірегінде оқырмандарымызға ақпарат беру мақсатында "Тілдарын" облыстық тілдерді оқыту орталығының маманы Айнұр Нұрбекованы сұқбатқа тартқан едік.Айнұр Нұрбекова
– Айнұр Жомартқызы, қазіргідей күрделі жағдайда қазақ тілін латын графикасына көшіру жобасын ілгерілетуде іркілістер туындаған шығар. Дегенмен, бүкіл оқыту үрдісінің, ақпараттық жұмыстардың онлайн тәртібіне ауысқаны белгілі. Ендеше, ең әуелі Қостанай облысында жаңа әліпбидің қазіргі таңдағы насихатталу барысын баяндап берсеңіз.
– ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі 2020 жылдың І тоқсаны бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуын талдау барысында қазіргі жағдайды ескере отырып, «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» арнайы жобасын ілгерілету мақсатында фейсбук әлеуметтік желісінде ақпараттық түсіндіру жұмыстарын онлайн режимінде жүргізу туралы айтқан болатын. Соған сәйкес Тілдерді дамыту басқармасының тапсырмасымен қазақ жазуын латын графикасына көшіру бойынша 15-20 минуттық тікелей эфир жүргізіліп, онда латын графикасына көшірудің тарихы, латын графикасына көшу мәселесімен айналысқан тұлғалармен таныстыру, әліпбиді жетілдіру бойынша дәрістер ұйымдастыру сияқты іс-шаралар қолға алынды. Бүгінге дейін "Тілдарын" облыстық тілдерді оқыту орталығы "Тілдарын Қостанай" Фейсбук әлеуметтік желісі арқылы "Қазақ тілін латын графикасына көшіру" жобасын ілгерілету, оны көпшілік қауымға насихаттау мақсатында тікелей эфирлер жүргізіп, ҚР МСМ Тіл саясаты комитетінің Ш.Шаяхметов атындағы "Тіл – Қазына" ҰҒП орталығының жетекші ғылыми қызметкері, Оррфография жұмыс тобының мүшесі, филология ғылымының кандидаты Гүлфар Мәжитқызы Мамырбекпен, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, ф.ғ.к. Анар Мұратқызы Фазылжанмен кездесу өткізіп, "Жаңа әліпбиді жетілдіру жұмыстары", "Шеттілдік сөздердің орфографиялануы және орфоэпиясы" тақырыптарында онлайн дәріс тыңдады. Ал жаңа әліпбиді оқытып, үйрету әліпбиді жетілдіру жұмыстары аяқталған соң басталады.IMG-20200612-WA0022
– Жаңа ғана өзіңіз айтып өткендей, әліпбиді жетілдіру жұмыстары әлі толық аяқталған жоқ. Дегенмен, қазірден-ақ көптеген елеулі өзерістер енгелі отырғаны ашық жария бола бастады. Мәселен, кейбір "даулы" әріптерді ажыратып жазу үшін бұдан былай "умлаут", "седиль", "макрон", "бревис" секілді бірнеше диакритикалық белгі қолданылмақ екен. Осы туралы оқырмандарымызға тарқатыңқырап айтып бересіз бе?
-Әліпбиді жетілдіру жұмыстарын жүргізуде төл таңбаларымызға бірқатар өзгерістер енгізіліп, ол республикалық ашық талқылаудан өткен болатын. Жетілдірілген жобада ч әрпі алынып тасталып, әріп саны 31 болды. Кейбір таңбаларды бір-бірінен ажырату үшін 5 түрлі диакритика енгізіліп, 8 әріп диакритикамен берілді. Олар: ә-ä, ғ-ğ, и, й-і, ж-j, ө-ö, ұ-ū, ү-ü, ш-ş. Бұндағы диакратикалық белгілер (¨) умлаут, макрон (־), седиль (¸), ноқат (˙), бревис (˘) деп аталады. Әр диакратиканың атқаратын өз қызметі бар. Мысалы, умлаут (ә-ä, ө-ö, ү-ü) дауысты дыбыстың жіңішкелігін білдірсе, бревис ұяң дауыссызды, седиль қатаң дауыссызды белгілеп тұр. 
– Айтқандай, осы бір "диакритика" терминіне түсінік бере кетсеңіз, өйткені бұл сөз әзірге екінің біріне таныс болмауы мүмкін. Сонымен қатар, таяу келешекте "ң" таңбасын қалай жазбақпыз?
-Диакритикалық таңбалар жалпы әліпби жүйесінде тілдің дыбыстық ерекшелігін сипаттау үшін қолданылады. Жобаға жаңадан қосылып отырған диакритикаларды жоғарыда атап өттік. Ал оның сыртында қазақы "ң" дыбысын тильда белгісімен беру ұсынылып отыр. Бұл осы бір әріпке ғана тән айырмашылыққа айналмақ. Ғалымдардың пікірінше, халықаралық практикада қолданылатын бұл белгі қолайлы әрі тиімді.
– Бұған дейін көзге шалынған олқылықтардың бірі Шш әрпінің диграфпен таңбалануынан туындаған еді. Мәселен, "Асхана", "Асхат" ("ашана", "ашат" болып оқылады) секілді сөздер сынға ілікті. Демек, бұл түйткіл қосар таңбаны алып тастау арқылы шешімін тауып отыр ғой? Бұл – бір. Екіншіден, Іі мен Ии (Йй) дыбыстарының ұқсас таңбалануына, ұ, ү, у әріптерінің айырмашылықтарына қатысты қандай да бір өзгерістер бар ма?
-Иә, әліпбидің  бекітілген соңғы нұсқасында Ш дыбысын таңбалауға Sh (диграф) күрделі әрпі ұсынылған еді. Аталған дыбыстың қолданылу жиілігі жоғары болғандықтан, Ш-ның қос таңбадан тұруы сөздің шұбалаңқылығына, оны оқу уақытының созылып кетуіне әкеп соқтырады. Мұндай тиімсіз тұстарды сарапшылар БАҚ-та талай айтқан болатын. Соның нәтижесінде жетілдірілген жобада Ш әрпіне ұсынылған қосар таңбаның орнына «бір дыбыс – бір таңба» ұстанымына қайшы келмейтін, кейбір әліпби жобаларында ұсынып жүрген Ş (седиль) таңбасы берілді. Оған « таңбасына қойылған седиль диакритикасы түркі дүниесіндегі түрік, әзірбайжан, түркімен халықтарының жазуында тиімді қолданылып келе жатқаны дәлел бола алады. Мәселен, түрік тілінде şarkici (әнші),  şüphe  (шүбә)  şehir (қала); әзірбайжан тілінде nəşr (басылым), şəklin (сурет), şіş (ісік); түркімен тілінде bäş (бес), şenbe (сенбі), şäher (қала). Берілген мысалдарда әріпасты седилдің көзшалымға қолайлығын, екіншіден, әріпасты бір ғана таңба болатындығын анық көруге болады.
Ал, енді, екінші сұрағыңызға ойысар болсақ, осы жылдың сәуір-мамыр айларында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті «Жаңа әліпби негізіндегі ұлттық жазудың жаңғыруы» атты ғалымдардың онлайн дәрісін ұйымдастырған еді. Онлайн дәрістерде дау туғызып, өз шешімін таппай жүрген «і» мен «и,й» әріптерінің таңбалануы қарастырылды. Ұсынылған жобадағы «і» дыбысының үйреншікті «і» таңбасымен емес, нүктесіз берілуі, керісінше «и, й» дыбыстарын «і» әрпімен белгілеу бұл дыбыстардың практикалық жағын әлі де қарастыруды қажет етеді. Себебі көз шалым мен қол шалымға әсер етіп, жазарманды да, оқырманды да шатастыруы мүмкін екенін ескере келе, і мен и-ді ауыстырмай өз орнында қалдыру, и мен у-ды бір таңбамен берудің себептері, олардың фонетикалық негіздері түсіндірілді. Ал, "у" классикалық үлгідегі u-мен белгіленсе, ұ-ū макронмен, ү-ü умлаутпен таңбаланған. Қазіргі уақытта "и" мен "у"-ді таңбалауда "бір таңба – бір дыбыс" қағидасын ұстану немесе аталған әріптердің дыбыстық құрамын ашып таратып жазу мәселесі әлі де шешімін таппай тұр. Бұл ретте: "Қазақ тіліне реформа, тіпті қажет десеңіздер, тілімізді жаңғырту керек. Ғалымдарымыздың салмақты пікірлерін күтеміз", – деген Президентіміздің сөзін алға тарта отырып, ендігі ой-пікірлерді тіл мамандарының еншісіне қалдырамыз. Қалайда қолданысқа қолайлы нұсқа ұсынылар деген үміттеміз.IMG-20200612-WA0023
– Жалпы, жаңа әліпбиге көшу қазақ тілінің орфографиясына қаншалықты оң ықпал ете алмақ? Қазіргі тұтынысымыздағы емленің ала-құлалығын бірізділендіре аламыз ба?
-Әрине, оң ықпалы болады. Жаңа әліпбиге көшудің өзі – сол қолданыста жүрген емлеміздегі олқылықтардың орнын толтырып, бір ізге түсіру. Әсіресе, шеттілдік сөздерді игеру мәселесі күн тәртібінде тұр. Қазақ тілінің дыбыстық жүйесіне сәйкес келмейтін кирилл әріптерін алып тастағандықтан, шеттілдік сөздер ұлттық сипатта жазылуы керек. Мысалы, боулинг-боулиң, альбом-әлбөм сияқты сөздерді қазақ тіліне икемдеп жазатын боламыз. Осылай икемдеп жазу түбінде орфоэпиядағы олқылықтарды да жоятыны сөзсіз. Айталық, қазіргі жастар тілінде е-э, ә-а, ө-о, ң-нг, о-а т.б. деп айтулары кездесіп жүр. Бақылап қарасаңыз, өз ана тіліміздегі бар дыбыстарды өзге тілдің заңдылықтарына салудың өзі төл дыбыстардың жоғалып кету қаупін аңғартады. Десек те кірме сөздерді қазақшалауды қаламайтын көзқарастар да баршылық. Алайда, робыт, мөлтпилм деп тілі шыға бастаған балапандарымызды робот, мультфильм деп дұрыстау арқылы өзіміз ана тілінің табиғатынан ажыратып жатқандаймыз.
– Латын әліпбиін игеруде бізді қандай тәуекелдер, сын-тегеуріндер күтіп тұр деп ойлайсыз? Меже мен мерзім туралы не жорамал айтуға болады? Ұлттың меңгерушілік қабілетіне қандай баға бере аласыз?
– Меніңше, латыннегізді әліпбиге көшуді біз, Мемлекет басшысы айтқандай, асығыстыққа жол бермей, біртіндеп жүзеге асырамыз, яғни кезең-кезеңімен ілгері басып, 2025 жылы толықтай жаңа әліпбиде жазатын боламыз. Қазіргі жастарды ұлт негізі деп қарастыратын болсақ, әрине, межеленген уақытта меңгереміз деп айтуға негіз бар. Ал, ересектерге жаңа әліпбиді, оның емлесін игертуде қиындықтар кездесетіні анық. Ондай үрдіс біздің алдымызда әліпбиін жаңартқан түркітілдес елдердің барлығында болған. Бұл , қайткен күнде де, ұлттың болашағының игілігі үшін жасалып отырған қадам, олай болса, жоба өз жемісін оңайлықпен бермейтіні айдан анық. Ал меңгерушілік қабілетімізге келер болсақ, бұл ұлтымыздың тарихындағы алғашқы әліпби реформасы емес. Ол жағы бәріңізге мәлім. Сондықтан, қандай кедергілерді де алдағы уақытта практика барысында еңсереміз деген ойдамын.
– Латын әліпбиін өз бетінше үйренгісі келетін жерлестерімізге қайда жүгінуге болады?
– Жаңа әліпбиді үйренуге ниеті бар қала тұрғындарына біздің орталығымызға келіп оқуына мүмкіндік бар. Әліпби бекітілген соң, қысқа мерзімді курстар ұйымдастыра бастаймыз. Курстар аясында әліпби мен емлені үйрететін боламыз. Орталық есігі жерлестерімізге қашанда ашық!
-Бәрекелді, Айнұр ханым! Әңгімеңізге рахмет!
 
Сұқбаттасқан Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓