Сенбеңіз!..
"Технодом" тегіннен-тегін iPhone X үлестіріп жатыр" деген хабарлама әлеуметтік желілер арқылы сізге де келді ме? Сене көрмеңіз… Хабарламада Астананың 20 жылдығы құрметіне "Технодомның" қазақстандықтарға әйгілі iPhone X-ті сыйлап жатқаны туралы айтылады. Сыйлыққа кенелу үшін бар болғаны бұл сілтемені 30 адамға таратуыңыз керек-міс. Оны іске асырсаңыз, жеке картаңыздың нөмірін сұрайтын көрінеді. Бұл ақпаратты аталмыш компанияның баспасөз қызметі жоққа шығарып, жалған деп атады.
"Бұл, осыған дейінгі сілтемеге ұқсас, алаяқтық әрекет. Біз әлеуметтік желідегі өзіміздің парақшаларымызда ол туралы ескертпе жарияладық. Өтінішіміз – бұған иланып, сілтемені тарата көрмеңіз", – дейді "Технодом" PR-маманы.
Қазіргі таңда мамандар қуаяқтардың әрекетін әшкерелеу үшін жұмыс істеуде. Естеріңізге салайық, компания сәуір айының орта шенінде-ақ тегін ваучерлер туралы сілтемелердің жалған екенін жария еткен еді.