Екі дөнер – 1,5 млн теңге

Қала тұрғынынан материалдық сыйақы алған қостанайлық полицей әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз қызметі.
Іс деректерінде көрсетілгендей, 2017 жылдың 13 мамырында 23 жастағы Қостанай қаласы ІІБ жол-патрульдік полиция қызметкері Мирас Нүрпейісов жол ережесін бұзған тұрғынды әкімшілік жауапкершіліктен босатқан. Бірақ, есесіне ол заң бұзушыдан біреуі 450 теңге болатын екі дөнер тағамын талап еткен.
«Тәртіп бұзған көлік жүргізушісі тағамды полицейге Жеңіс паркінің маңында берген. Мұның барлығы бейнежетонға жазылды. Бірінші сот отырысында полиция қызметкері өз кінәсін мойындаған жоқ. Алайда, іс куәгері ретінде тіркелген жол ережесін бұзған тұрғын полицейдің көлігіне екі дөнер тағамын салғанын айтты», – деді ведомствоның баспасөз хатшысы Аида Бажирова.
Осы іске қатысты бейнефонографиялық зерттеу жүргізіліп, Нүрпейісовтің дауысы анықталды. Нәтижесінде, ол кінәсін толықтай мойындады. Полицейдің қорғаушысы жазаны жеңілдетуді сұрады.
Мирас Нүрпейісов әкімшілк жауапкершілікке тартылды. Ол мемлекет қазынасына 1443000 теңге айыппұл төлейді.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓