Жемқорлықсыз қоғам – ел дамуының тетігі

Бүгінде сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген елінде оның саяси дамуына байланыссыз өмір сүріп келеді. Тәжірибе дәлелдегендей, ғасыр дертіне баланған сыбайлас жемқорлық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын, нарықтық бәсеке мен өңірлерге инвестициялар тарту процесін тежейді. Міне, сол себепті де Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес.1386589698_1333279783_korrupciya
 
Әуелгі қадам – алғышарт
Жаһандық экономикадағы сыбайлас жемқорлық мемлекеттік бюджетті ысырап ету мен көлеңкелі экономикаға жол ашады. Мұның сыртында ел қазынасына түскен кірістің заңсыз бөлінуі мен ұйымдасқан қылмыстық топтың құрылуына себеп болуы мүмкін. Аталған кері факторлардың барлығы экономикалық сала мен тұрғындар құқығының сақталмауына әкеп соқтырады. Осыған байланысты елімізде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту тетіктері қолға алынды. Соның бірі – Бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі 100 нақты қадамды орындау. Жемқорлыққа қарсы күрес – Елбасы саясатының басым бағыттарының бірі. Жемқорлыққа қарсы күресті күшейту Ұлт Жоспарының 13-қадамында қадамында көрініс тапқан. Ағымдағы жылдың басынан Қазақстанда «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» жаңа Заң әрекет етіп келеді. Оның басты бағыты 2014 жылы Елбасы бекіткен «Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы» құжаты бойынша іске асады. Аталған стратегияда да қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді. БҰҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы ратификацияланды. Қазақстан ЭҰДҰ Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі іс-қимылдың Стамбұл жоспарына қатысушы болды және 19 ұсыныстың 14-інде прогресс байқалып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа сенім білдірген қазақстандықтардың саны 2016 жылы 73%-ға дейін өсті. Соңғы бес жылда мемлекеттік құрылымдардың тиімділігі 25%-ға (Дүниежүзілік Банктің WGI индексі бойынша, 2015), ал халықтың мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасына қанағаттану деңгейі 2014-2015 жылдардағы бағалау қорытындысы бойынша тек соңғы екі жылдың ішінде 20%-ға артты. Соған қарамастан, 2015 жылы Дүниежүзілік Банктің бағалауына сәйкес мемлекеттік құрылымдардың тиімділік индексі 100 балдан 41 балды құрады, ал аса дамыған 30 ел тобының көрсеткіші 75 балды құраған болатын. Оң серпінге қарамастан, заңдарды сақтау деңгейі әлі де жеткіліксіз. Мысалы, 2016 жылы Дүниежүзілік Банктің заң үстемдігі индексінде Қазақстан көрсеткіші ықтимал 100 балдың 41 балын құрады, бұл ретте алдыңғы қатарлы елдердің көрсеткіштері 75 балдан жоғары. TransparencyInternational индексінде сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейі алдыңғы қатарлы елдердің 55 балымен салыстырғанда, 100-ден 29 балды құрайды. Жалпы, еліміз БҰҰ электронды үкіметінің даму индексі бойынша әлемде 33-орында болса, Азия елдерінің ішінен 7-ші сатыға көтерілді.
Дамыған елдерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру барысында сыбайлас жемқорлықты рухани жағынан қабылдамауға мән берілген. Қазіргі кезде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасау, оның ішінде парақорлыққа қарсы тұру қиын екені сөзсіз. Халықтың жемқорлық қатынасына деген төзімділігі түрлі қылмыстың алдын алуға және оған төтеп беруге деген мүмкіндіктерді шектеп тұрғаны рас. Көптеген кәсіпкерлер үшін қызметтік сипаттағы іс-әрекеттерге заңсыз сыйақы беру әдетті әрі қалыпты құбылыс болып келді. Сондықтан еліміз жемқорлыққа қарсы күрестегі бастапқы қадам – тиісті құжаттарды анықтап алды.
survey_2016_thumb_0
 
Мемлекеттік қызметшінің имиджі
Халық мемлекеттік қызметші өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін өзі жүзеге асыратын кәсіби қызметіне жұмсайды, өзінің Отаны – Қазақстан Республикасына қалтқысыз әрі адал қызмет етеді деп сенеді. Ендігі кезекте мемлекеттік қызметшілер тек қызметкер ғана емес, халық арасында беделді және үлгі тұтатын тұлғаларға айналуы тиіс. Осы ретте агенттіктің негізгі қызметі – мемлекеттік органдардың қоғамдағы рөлін күшейту және мемлекеттік қызметкерлердің имиджін көтеру екенін ерекше атап өткен дұрыс. Расын айту керек, күнделікті тұрмыста тұрғындардың мемлекеттік қызметшілерге деген сенімдерінің аздығы жайында естіп жатамыз. Тіпті, әлдекім мемқызметке жұмысқа орналаса қалса, «көкесі көмектесті» деген сияқты әңгімелер тарап жатады. Міне, сала мамандары бір жағынан осындай алыпқашпа сөздердің болмауы үшін де жұмыс атқарады. Басты міндет – мемлекеттік қызметшілерге, мемлекеттік органдар қабылдаған шешімдер мен жүргізіп отырған саясатына деген сенімді арттыру.  Сонымен, мемлекеттік қызметші қандай болуы тиіс? Біріншіден, ол жемқорлық фактісіне қатысты, тіпті, есімінің аталуына жол бермеуі,  қол астындағыларды кемсітпеуі және  қызметкерлердің барлығына  құрметпен қарауы тиіс. Негізі дамыған елдерде мемлекеттік аппарат жемқорлықтан ада орган ретінде қабылданады. Әсіресе, Ұлыбритания, Скандинавия елдері, Швейцария, Сингапур, Канада және Жаңа Зеландияда мемлекеттік басқарудың сапалы индексі көрсетілген. Біз де осы елдердің көрсеткіштеріне жақындай түсуі міндет. Президент айтқандай, жауапты тұлғалар реформаның орындалу барысына барынша бас қатырса, мемлекеттік аппаратта тамыр-таныстық жойылып, мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек қалыптастыруы қажет. Әрине, айтыла-айтыла жауыр болған мемлекеттік қызметтегі тамыр-таныстық, ағайынға бұрушылық пен заңсыз қамқоршылық жағдайларын барынша жойылса, мемлекет барлық сала бойынша дамитын еді.
 
Жемқорлық – індет, жою – міндет
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары қатарына пара алу, өз пайдасына жымқырып алу, өз өкілеттігін асыра пайдалану және т.б. қылмыстарды жатқызамыз. Елімізде осынау кері әсерлерге қарсы тұру үшін негізгі қағидаттары бекітелген. Олар:
1.Заңның және соттың алдында баршаның теңдігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте өте маңыздысы қағидалардың орындалуы және іске асырылуы.
2. Мемлекеттік және қоғамдық бақылаудың мемлекеттік органдардың қызметінің заңға сүйенетін регламентін, заңдылығын және жариялылығын қамтамасыз етуі.
3. Мемлекеттік ақпараттың құрылымы, кадрлық жұмысты жетілдіру және мәселелердің шешімін жеке және заңды тұлғалардың құқық және заңды түрде мүдделеріне қатысты заң құру.
Осы аталған саладағы қабылданған Заңнамалардың басты мақсаты – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауып қатерден республиканың ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, осыған байланысты құқық бұзушылықтың, қылмыстың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді тиісті жауапқа тартумен қатар, демократиялық негіздерді, мемлекеттік басқарудағы жариялылық пен бақылауды кеңейтуге халықтың мемлекет пен оның құрылымдарына деген сенімдерін нығайтуға, білікті мамандарды мемлекеттік қызметке кіруге ынталандыруға, мемлекеттік міндеттерді атқаратын адамдардың риясыз адалдығы үшін жағдайлар жасауға бағытталғаны жөнінде атап өту қажет.
Сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселелері кез-келген мемлекет үшін өзекті проблемалардың бірі. Барлық елдерде оның трансұлттық сипаты танылып, оған қарсы экономикалық, құқықтық және басқада шаралар қолданылуда. Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлықпен күресудің екі негізгі бағыты көрсетіледі. Әуелі, жемқорлықтың сыртқы көрінісімен күресу, яки нақты жемқорлықтың субъектілеріне, жемқорлық қатынастарына қатысушыларға заңды амалдармен, оның ішінде құқықтық мәжбүрлеуді қоса алғанда, олардың құқыққа қарсы қызметін тоқтату мақсатында тікелей ықпал ету жолы арқылы қарсы тұру. Мұнда сыбайлас жемқорлықтың күрделі құбылыс екендігін атай келе, бұл қылмыстың ашыла бермейтіндігінің жоғары дәрежеде екендігін де ескеру қажет. Сыбайлас жемқорлық іс-әрекетін көп жағдайда шындықты көрсететін және кінәліні жазалауға мүдделі адамдар жоқ болатын құқық бұзушылықтар қатарына жатқызады. Сол себептен де болар жемқорлық элементтерін көрсететін мүмкіндіктер де бола бермейді. Екіншіден, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттің дербес функциясы ретінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру.
17-04-18-news-8
Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанның мемлекеттілігін нығайту жолындағы стратегиялық маңызды мәселелерді айқындап, қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге, жаңғыртуға бағытталған бес негізгі басымдылықты белгілеп берді. Мұнда бесінші басымдықтың бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Жолдауда: «Сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын күшейту қажет. Маңызды мәселенің бірі – сатып алу саласын жетілдіру. Үкіметке мемлекеттік сатып алу жүйесін орталықтандырылған қызмет қағидаты бойынша енгізуді тапсырамын. Квазимемлекеттік секторда, табиғи монополия және жер қойнауын пайдалану салаларында да сатып алу шараларын өткізу әдістерін түбегейлі қайта қарастыру керек. Сыбайлас жемқорлықпен күресте көп нәрсе бүкіл қоғамның белсене атсалысуына байланысты. Әлеуметтік желінің, өзге де медиа-ресурстардың дамуы жағдайында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет барысында оны жалпы жұртшылықтың жек көруі күрестің қуатты құралына айналуға тиіс» делінген. 
 
Білікті басшы – бағдарлы бағыт
Жемқорлыққа қарсы күрес бұрынғыдан да күшеймек. Ол үшін мемлекеттік қызметтерді цифрлық жүйеге көшіріп, басшылықтың жауапкершілігін арттыра түсу маңызды. Бұл тақырып жақында Елбасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевпен кездесуінде сөз етілді. Агенттік төрағасы Президентке атқарған жұмыстары жөнінде есеп берді. Елімізде жемқорлыққа қарсы саясаттың іске асу барысын айтып, оны халықаралық сарапшылар қоғамдастығының бағалау нәтижесімен бөлісті. Оның сөзінше, Қазақстан қазіргі таңда жемқорлықсыз, таза, заманауи құқықтық мемлекет құрды. Осы жолдағы басымдық – ашықтық, транспаренттік, осы қоғамның алдында есеп беретін мемлекет құрылды. Өз кезегінде Елбасы жемқорлыққа қарсы күресті тоқтатпау қажеттігін айтты. Ең алдымен мониторинг жасап, басқа нарықтық әдістермен қарым-қатынасын, цифрлық жүйеге көшіру мәселесін қарайтын болсақ, жемқорлыққа жол болмайды деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мұның алдында Алик Шпекбаев  Ұлыбританияның қылмыспен күрес жөніндегі Ұлттық агенттігінің өкілі Фредерик Хеллонмен кездескен еді. Сөз арасында айта кетейік, Ұлыбритания БҰҰ электронды үкіметінің даму индексі бойынша бірінші орында тұр. Сол себепті Алик Шпекбаев жемқорлыққа қарсы күрес мәдениеті қалыптасқан елдің тәжірибесін бағамдап қайтты. Кездесу барысында екі жақты қатынастарды нығайту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
2018050600000810662_20180505221938
 
Жиырма жылдың жемісі
Бәрімізге мәлім, биыл – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл заңнамасының қалыптасуына 20 жыл. Ал осы уақыт аралығында мемлекеттік қызмет саласында меритократия қағидаттары, мемлекеттік қызметшілерді бағалаудың жаңа жүйелері енгізілді. Алик Шпекбаев мұны Берлинде өткен дөңгелек үстел басында да сөз етті. Төраға біздің еліміздің өз заңнамасының халықаралық стандарттарға сәйкес жүзеге асыратынына тоқталған болатын. Шыны керек, осыдан жиырма жыл бұрын қабылданған заң жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты ауыздықтай қойған жоқ . Дегенмен, қоғам пара алған да, пара берген де жазасыз қалмайтынын ұқты. Яғни, жемқорлық індетінің жайылуына тосқауыл болудың алғышарттары жасалды. Қазақстан ТМД елдері арасында  бірінші болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң қабылдап, онымен күрестің мемлекеттің бағдарламасын түзді. Айта кетейік, биыл Қазақстан әлемдік «Жемқорлықты қабылдау индексі» бойынша 122 орында. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, еліміз өз көрсеткішін  9 сатыға  жақсартты.
Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сүйенсек, бұл дерттің жаппай жойылмау жолын жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы санасын қалыптастырудан бастауымыз керек. Ендеше, жас буынға жемқорлықтың теріс салдары туралы ақпаратты дұрыс жеткізу олардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетінің қалыптасуына мүмкіндік береді. Стратегия көрсеткендей, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласында алдын алу шараларын қолдану практикасын кеңейту және процестерді жеңілдету мен ашықтығы есебінен сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою, толық автоматтандыру мен есептілік арқылы цифрлық технологияларды қолдана отырып, мемлекеттік аппарат қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін барынша азайту әлдеқайда маңызды.
 
Қасқырбай Қойшыманов
Суреттер ғаламтордан алынды

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓