ЖОСПАР ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Баспасөз клубында Қостанай облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы Қазбек Төлеубаев тілшілер сұрағына жауап берді. Дәстүр бойынша сала басшысы ,алдымен, баяндама жасады. Күн тәртібіндегі бірінші мәселе – орман шаруашылығы. Облыстағы мемлекеттік орман қоры 1 144 мың гектарды құрайды екен, ал Қостанай облысы әкімдігі қарауында 455 мың гектар мемлекеттік жасыл алқап қоры бар. Қазбек Қайырбекұлы ормандарды күзетуді, қорғауды және молықтыру үшін 11 орман шарушылығы мемлекеттік мекемесінің жұмыс міндеттерін атап өтті.
Мемлекеттік орман мекемелері қызметкерлерінің штаттық саны 481 адамды құрайды. Уақытша және маусымдық қызметкерлерді ескеретін болсақ, жұмыс істейтіндердің жалпы саны 1100 адамға жетеді. Үстіміздегі жылдың деректері бойынша орман шаруашылығы мекемелерінің өртке қарсы қызметі жеке құраммен жасақталған және өртке қарсы техникамен жабдықталған 23 орман өрт сөндіру станцияларынан тұрады. Орман қорғау мекемелерінің материалдық техникалық жабдықталуына 2012-2015 жылдары 427,5 млн. теңге жұмсалған.
Облыстың табиғи экожүйесін сақтау мақсатында, 2015 жылы 11 орман шаруашылығы мекемесін қаржыландыру және жоспарлы түрде өртке қарсы, орманды күзету, орманды қалпына келтіру, орманды қорғау іс-шараларын орындау жұмыстары жалғасын тауып келеді.
Облыста аңшылық шаруашылығын,ауданы 15300 мыңға жуық гектарды құрайды. 2015 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша аң аулау бойынша жануарлар дүниесін пайдалану үшін бюджетке түскен төлемақы сомасы 19 148 мың теңгені құрайды.
Балық аулауға жаны жақындар үшін құлаққағыс, лимит 399,25 тонна болып белгіленген. Сондай-ақ, заңсыз балық аулауға жол бергендердің құқық қорғау органдары тарапынан қатаң жазаланатынын ескертті. Биылғы жылы балық аулау бойынша жануарлар дүниесін пайдалану үшін бюджетке түскен төлемақы 3 273,1 мың теңгені құрады.
Қостанай облысының су объектілері Тобыл – Торғай су бассейніне жатқызылғаны белгілі. Астықты өңірде 310 су ағыны кездеседі. Ұзындығы 100 км-ден асқан өзен саны – 21, ал 500 км-ден асқан – тек Тобыл мен Торғай. Тағы айта кетерлігі, облыс аумағында 5000-ден астам көл бар.
– Артық қаржылық шығыстарды болдырмау үшін және барлық су объектілеріне су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу үшін, оларды орнату ресімін жеңілдету қажет деп есептейміз. Осы мақсатта облыс әкімдігі кейбір нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін орталық уәкілетті құзырлы органдарға нақты ұсыныстар жасады. Алайда, уәкілетті органдардың ортақ позициясының жоқ болуына байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе шешімін тапқан жоқ, – деді Қазбек Төлеубаев.
Қасқырбай Қойшыманов