Ақынға мәртебелі атақ берілді
Бүгін Қостанай қаласының әкімі Б.Жақыпов пен қалалық маслихат хатшысы Б.Сандыбеков Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікбай Оспановқа "Қостанай қаласының құрметті азаматы" атағының төсбелгісі мен куәлігін тапсырды. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Серікбай Оспанов 1945 жылы 1 сәуірде бұрынғы Торғай облысындағы Жанкелдин ауданы Шилі кеңшарында, Балдай қонысында туған. 1968 жылы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1968-1978 жж. Қазақ радиосында, республикалық «Жалын» баспасында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеді. А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, доцент қызметтерін атқарған. Қазір Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі. Алғашқы топтама өлеңі 1967 жылы «Жер жүрегі», 1969 жылы «Жас керуен» атты ұжымдық жинақтарға енген. Бірнеше жыр жинақтарының, аударма өлеңдердің, балаларға арналған тақпақтардың авторы. Ол «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың, А. Байтұрсынов атындағы сыйлықтың лауреаты. «Жаңа ғасыр, жаңа ән» сайысының бас жүлдегері. 2001 жылы облыс әкімінің сыйлығын иеленген. Бірнеше бәйгелердің жүлдегері. 200-ден аса ән мәтінінің авторы. Филология ғылымдарының кандидаты, доцент.
Шығармалары:
– Жүрек лүпілі. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1971;
– Жарқын жастық. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1975;
– Қайнар бұлақ. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1977;
– Қоңырау гүл. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1979;
– Ай гүл. Өлеңдер. А., «Жалын», 1981;
– Алтын арқау. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1982;
– Батыр туралы баллада. Өлеңдер. А., «Жалын», 1984;
– Тіршілік тамыры. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1985;
– Назқоңыр. А., «Жалын», 1987;
– Балдай таудың баурайында. А., «Жалын», 1990;
– Шашу. А., «Жалын», 1992; – Бесік. А., «Өнер», 1992;
– Қадір түні. А., «Жалын», 1995;
– С.Мәуленов – журналист, публицист. А., «Ғылым», 2001;
– Публицистика. А., «Сага», 2001;
– Ахмет өскен ақындық орта. А., 2004;
– Қараторғай. А., «Жазушы», 2004;
– Алтынсариннің айналасындағы адамдар. 2006;
– Ең жақын кім адамға?. А., «Балалар әдебиеті», 2007;
– Сағындым Алматымды. Қостанай. «Шапақ», 2009.