Әкім әуежай құрылысымен танысты
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қостанай қаласының әуежайында болып, ұшу-қону жолағындағы жұмыстардың аяқталу барысымен танысты. Аймақ басшысы бұл туралы "Инстаграм" желісіндегі парақшасында жазды.Әуежай аумағында қазіргі заман жабдықтарына сай жаңа авариялық-құтқару станциясы және электр энергиясының орталық тарату пункті салынды. Бүгінгі күні жолақтың ұзындығы 300 метрге ұлғайып, 2800 метрді құрады, ал ені 15 метрге ұлғайып, 60 метрге жетіп отыр.
Қауіпсіздік мақсатында әуежай периметрі бойынша бейнебақылау, жарықтандыру және патрульдік жол жүйелері орнатылады. Қазіргі уақытта ұшу-қону жолағының бүйірлік қауіпсіздік жолақтарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілуде.Облыс әкімі бір апта ішінде жөндеу жұмыстарын аяқтауды, сондай-ақ жолақтарды уақытша пайдалану жөнінде комиссия жүргізіп, жөнделген жолақта алғашқы авиамаршруттарды уақытында қабылдау мақсатында "Қазақстанның авиациялық әкімшілігі" АҚ-мен рұқсат беру мәселесін пысықтауды тапсырды.