“Қазпочта” ұтыс ойнатады
"Қазпочта" АҚ ұлттық почта операторы компанияның 25 жылдығы құрметіне зейнетақы және жәрдемақы алушылар арасында ұтыс ойынын өткізеді. Сыйлықтар ұтысы "Kazpost-тың сыйлық жылы" деп аталады.
Бұл ойынға қатысудың шарты оп-оңай. "Сенім" қызметі арқылы, зейнетақы мен жәрдемақы алуға арналған ағымдағы немесе карталық шот ашып, ақшалай сертификаттар ұтысында бақ сынап көре алады. 50 000-нан 200 000 теңгеге дейінгі сомадағы тұрмыстық техника алуға арналған сертификаттар қазан айына дейін ай сайын ойнатылады.
Алғашқы ұтыс ойыны Қостанай қаласында өткізілді. Қаланың басты почтасы қонақтарды мерекелік залда дастархан жайып, көңілді ән-күймен, ресми жүргізушілермен қарсы алды. Сыйлықтар ұтысы жеңімпаз нөмірін кездейсоқ анықтау қағидасына негізделген. Осы тәртіппен ұтыскерлер есімін жариялау мүмкіндігі тәуелсіз комиссияға берілді.
Нәтижесінде, сыйлық-сертификаттар Алтынсарин, Әулиекөл, Жітіқара, Қостанай және Денисов аудандарынан келген тұрғындар иеленді. Жеңімпаздар арасында мекемеге ертемен келіп, кіреберісте ойын нөмірін алған азаматтар да бар. Оларға 50 мың теңгенің сертификаты берілді. Мұның сыртында меймандарға Қазпочта әріптесі ХоумКредит банкі де тарту жасады.
Келесі ұтыс ойыны нақ осы мекемеде 30 маусымда өтеді.