АЛАМАНДА – АҒА МЕН ІНІ (Жаңартылды)

            "Ел мерейі – Елорда" облыстық жазба айтысы барған сайын жандана, қарқын ала түсті. Іріктеуден сүрінбей өткен кіл үздіктің шабытқа қамшы басар кезі енді келгендей. Олай болса, оқырмандарына кестелі оймен десте-жыр ұсынғалы отырған кезекті жұпты таныстырайық. Олар – Мамай Ізтілеу мен Абылай Мауданов. Қос шайыр көрікті өлең өріп, көмейдегіні ірікпей айтып, көптің көкейдегісін дөп басады деп сенеміз.  
Абылай-Мамай
            Айта кетейік, осының алдындағы Байбатыр Ахметбеков пен Еркінғазы Айтбаев арасындағы өлең бәсекесінің жеңімпазы белгілі болды. Халық ақыны Әсия Беркенова бастаған қазылар алқасы бұл жұпта Байбатырдың бәсі басымдау болды деп шешті. 
        Ал, енді, жырсүйер оқырман, Мамай мен Абылайдың айтысына назарыңыз аусын! Қай ұнағанына қолдау көрсетіп, пікір-лебіз қалдыруды ұмытпағайсыз! 

Абылай:

Бөкейлеп қамшы басып сал күреңге,
Ал, Мәке, аттың басын салғын өрге!
Абайдың айтысынан атың шыққан
Ақынсың тай күніңнен мағлұм елге. 

Білмеймін, сорымыз ба, бағымыз ба – 
Тап келдім тарлан тартқан шағыңызда. 
Жай күнде алдыңызды кесе өтпейтін, 
Жүйрік ем шартпа-шұртта қаны қызба.

Жер тартып тұрған шақта жарау көгім, 
Жарыстың көру мұрат «жалау-төрін». 
Жазбада Құлабаев құлагердей, 
Желпінтіп оның да алдым қамау терін.

Қазылар кесіп-пішкен қағидамен, 
Сіз-дағы тең түссеңіз Бағиламен, 
Көмбені шаңға көмбей кету ұят, 
«Ізтілеу», «Маудан» деген фамилиямен. 

Тұлпардай топқа түскен тұмарланып, 
Бәйгеде мәре түбін қылам бағыт.
Алқымың ақ көбікке бір шомылсын,
Ал, Мәке, кел, сілтейік құмар қанып.

Басынан өткеріп кеп сан айтысты,
Жазбаның додасына Мамай түсті. 
Болғасын жасың үлкен, басың үлкен, 
Мен Сізге батырармын қалай тісті?! 

Қалмаспыз сыйласқаннан аласарып, 
Ендеше, неге босқа таласалық? 
Секілді Есілдің қос жағалауы,
Жарқырап қатар тұрып жарасалық.

Елшілдік – ақындардың серті дермін,
Елімнің есендігін мен тілермін. 
Астана – азаттықтың алтын тәжі, 
Басынан баян табар еркін елдің.

Дербес ел көшін түзсе алға қарай, 
Көз тіккен бағытымыз алдамағай! 
… Елдікті, жырға қосып Елорданы, 
Сөзімді жалға, Мамай, самға, Мамай!

Мамай:

Самға  десең, самғамай қалайын ба? 
Тарлан тартқан шағымда болайын ба? 
Айтыс десе ерекше күй кешемін, 
Бейне бір жүрген жандай бал айында. 
Бірінші айналымнан аман қалған 
Ақындарды тізімдеп, санайын ба?
Газеттен айтыс оқып отыратын, 
Ар ма деп сәлем бердім ағайынға.

Бақи біреу болғанда, фәни жалғыз, 
Өткенде жұп болып ед Бағила қыз. 
Досымменен сыйласып айтысып ек,
Бойымызда болған соң ар-ибамыз. 
Ұятқа қалдырмайды бүгін бізді 
"Ізтілеу", "Маудан" деген фамилиямыз. 
Мен білетін он бес жыл маңайында, 
Сыйластық боп келеді қағидамыз 

Айт десең, сөзге қосам Астананы, 
Ғимарат бой көтерді асқаралы.
Елорда жылда өсіп келеді деп, 
Өлеңдетіп мақтаймыз бас қаланы. 
Қаланың өскендігі кімге керек, 
Қазағым болмаған соң баспаналы? 
Қаңғып жүрген қандасты көрген кезде 
Еріксіз екі көзден жас тамады.

Сөз айтып көңілімнің хошыменен,
Ақиқат шын ақынның досы деген. 
Басын мақтап, аяғын бүлдіремін, 
Жырла  деп сұрамашы осы менен. 

Қаруы ақындардың өлең еді, 
Біздерді табыстырған өнер еді. 
Үлкеннің жағасынан алатұғын 
Шабысы кей інінің бөлек еді.
Сыйласам, одан кеміп қалмаймын деп, 
Соларға сен көрсеттің өнегені. 
Алты алаштың алтауы ала болса, 
Халықтың дамымайды төл өнері. 
Қазақ айтқан төртеуі түгел болса, 
Өзінен өзі келер төбедегі. 

Сөзіме, Абылайжан, келісерсің, 
Сусынын ақиқаттың тең ішерсің. 
Экономикалық форум өтті Астанада, 
Содан түйген ойыңды бөлісерсің.

Абылай:

«Елдікті жырлап, Мәке, есіл», – деп ем, 
Ініңіз күтті ойлы, кесімді Өлең… 
…Тұрмыстың мәселесі таусылар ма, 
Адамзат жаралғалы шешілмеген?!

Сөз басын «талмау тұстан» бастағансыз, 
Иә, рас, қандастар көп баспанасыз. 
…Баспана түгіл, Мәке, мына әлемде, 
Қаншама халықтар бар астанасыз?!

«Көзімнен, – дейсің, Мәке,- жас тамады»,
Айтпағын енді мұндай масқараны. 
Айрылып қарындастан «Ақтабанда», 
Аз ба еді қазақтың зар қақсағаны?!

Сондықтан, «аға, биік шырқа!» дедім, 
«Босама, буырқанып, бұрқа» дедім. 
Қалмақты қойдай қуып, аңыратқан, 
Өтейдей өр батырдың ұрпағы едің. 

Биліктің мен де білем мың кемісін, 
Келешек үшін шыдап жүргенім шын. 
Өзіңіз айтқан ғажап ғимараттар, 
Салынып жатыр дейсіз кімдер үшін?

Болса да тұрмысымыз қиын әлі, 
Бір күні көрген бейнет тиылады.  
Қазағым өзі салған құрылысы,
Сенемін, түбі өзіне бұйырады. 

Айтқандай, Астанада форум болды, 
Маған да сол жиыннан орын бөлді. 
Әлемнің небір мықты марқасқасы, 
Мейман боп Елорданың төрін көрді.

Қатыстым түрлі-түрлі кеңесіне, 
Естіген ақпарымның көбі есімде:
Астана құрылысы жиырма жылда,
Он тоғыз есе өсіпті, сенесің бе?! 

Берді өзі Исекешов анықтама 
(Әсеттің әр сөзіне анық қара),
Асатын миллионнан тұрғыны бар,
Қылмақшы Елорданы алып қала. 

Ол жақтың «алға!» екен бас ұраны, 
Жоспарын бір-бірінен асырады.   
Қайраттың (Келімбетов) айтуынша, 
Қаржының орталығы ашылады. 

Тұрғын үй, көше, жолы цифрланып, 
Түнде де жайнап тұрмақ ұйқыңды алып.
Есейіп ертегінің батырындай,
Елорда өсе бермек «сиқыр» дарып. 

Сапарлап Астанада бес түнедім, 
Мерейім лебіздерден өсті менің. 
Демегін «оразада жалған айтты»,  
Форумнан осы, Мәке, естігенім. 

«Жақсы сөз, – дейді қазақ, – жарым ырыс», 
Ендеше, қырқыспайық, салып ұрыс. 
Серкелерге сенбестей не көрінді,
Деп жатса «бағытымыз бәрі дұрыс». 

Астана желбіретіп бақ-туымды, 
Иншалла, сапарымды сәтті қылды. 
Үш досым жаңа үйіне қонақ қылып, 
Еселеп қайтым, аға, шаттығымды. 

Мұны да, Мәке, неге елемеске?
(Бастап тұр деп ойлама ерегеске).
Көбейсе қазағымның қоныс тойы, 
Ең үлкен қуаныш та сол емес пе?! 

Елорда, елтаңба, ту, әнұраным, 
Киемдей қастерлеймін бәрі-бәрін. 
Астана Алашқа алтын шаңырақ қой, 
Тілегім – шайқалмасын шаңырағым. 

Ал, Мәке, мен тоқтадым осы жерден, 
Тұрармын кезегімді тосып өрден. 
…Тартарсың жүк ауырын әрі қарай, 
Нар едің қара өлеңнің көшіне ерген.

Мамай:

Əбеке, Қостанайдың беделісің, 
Еліңнің ерке өскен өренісің. 
Мені мықты айтыскер деп айтасың, 
Ал өзің жазба жырдың шеберісің. 

Беліңді бекемірек байлайсың ба,
Сөзімнің тереңіне бойлайсың ба?
Елім деп елжірейтін бұл ағаңды 
Тек жамандық көргіш деп ойлайсың ба?

Ол рас, талай жандар баспана алды 
(Демеші "аға көзін жасқа малды"),
Отаным деп ойланбай отқа түсем, 
Бір адамдай сүйемін Астанамды. 

Мəңгілік Ел өз жолын табады ма, 
Жаратқан жар бола ма талабына? 
Маңдайыма қадалсын деп жүрмін ғой 
Қазақтың кірген шөңге табанына! 

Сөздерім шықса дағы өктем мейлі, 
Ағаң бірақ өз елін жек көрмейді. 
Ақынның айқыштығы, білген жанға,
Жүрсіннің айтысымен шектелмейді. 

Алашым, асқаралым, нұр елімсің, 
Сен менің тірегімсің, тілегімсің. 
Қазақстан болғанда шыбын-жаным, 
Астанам, соғып тұрған жүрегімсің. 

Əбеке, сөз айтасың маған қалай? 
Сен жүрсің ертеңді ойлап алаңдамай. 
Айтыстың əу бастағы салтыменен, 
Бұрайын аттың басын саған қарай: 

Айта-айта кемшілікті жоймаймыз ба,
Халықтың тағдырымен ойнаймыз ба!
Астанасы жоқ елдер бар деп айтып,
Өзімізді алдауды қоймаймыз ба?!
 
Іштей жылап, ал сырттай күліп тұрып,
Үндемей қаламыз ба біліп тұрып?
Сен айтқандай тегімізге сын болмай ма,
Ақиқатты айтпасақ тіліп тұрып!

Абылай:

Тақырып баспана ма, астана ма? –
Тұрсыз ғой әр қиырға бастап, аға.
Президент саусақ бүгіп санап берген,
Сенейік әлеуметтік бастамаға.

Жауапты алсаңыз да тиянақты,
Ұқпауың көңілге мұң ұялатты.
Шығырдың өгізіндей айналсоқтап,
Шабытқа жасамаңыз қиянатты.

Қазаққа қой бағу боп бұйырғаны,
Кеңестің тұсау салды тыйымдары.
Түсінсең, бұл да қорлық – баспанаңды
тау халқы кеп тұрғызды қиырдағы.
 

Рухы азаттықпен оянды да,
Қазақтың самғады ғой ойы алдыға.
Көз жауын алады үйлер Тайтөбеде,
Талапкер, Қосшы менен Қояндыда.

Дегендей "жетім қыздың жеңгесі көп",
Жүрген ек отаршының пендесі боп.
Бүгінде азат қазақ үй түгілі,
Елорда тұрғызды ғой теңдесі жоқ.

Мақтап ем Мамайды нар атандырып,
Жан ба едің жүрегінде жатар бүлік?
Жіберу сақа ақынға жараспайды,
"Басын бапан, аяғын сапан қылып".

Дегеннен кім не табар "қазақ, біттің",
Асырып мақтау да ұят ғажап қып тым.
Ағажан, баспанамен өлшемегін
Бағасын аңсап жеткен азаттықтың!

Сөз айтпа орнықты ойды діттемей құр,
Масылдық пиғылды да жүктемей жүр.
Халқы көп, орда тігер Отаны жоқ,
Құсадан қан жұтады күрд пен ұйғыр.

Бодан боп кеткен есе, ұпайлары,
Олардың көп қой көрген құқайлары.
Айт десең ақиқатты тіліп тұрып, 
Айтайын қандас жайын Қытайдағы.

Қытайдан қазір әлем үркіп отыр,
Қаймығып, тілін тістеп іркіп отыр.
Айдаһар құтырынып қан тілеген,
Өңештен өлім-жалын бүркіп отыр.

Зәһарлап, заманақыр орнатып тұр,
Қаныңды теспей сорып, сорлатып тұр.
Қандасым миллион жарым арғы бетте,
Құса боп, қасіретке толғатып тұр.

Тыңшысы тіміскелеп қасында тұр,
Күшейген жымысқы жау тасынды ақыр.
Кешегі ойран-топыр "отыз жеті",
Қазақтың Қытайдағы басында тұр.

Ол жақта қияметтей заман бүгін,
Басты ғой жанды уайым, жанарды мұң.
Айлардың сұлтанында Жасағаннан
Тілейік бауырлардың амандығын!

Ойға алсам, мұң-теңізге батты жүрек,
Қабырғам қайысады қатты жүдеп.
Құранды өртеп құтырған Қытайлардың,
Зауалын өзің берші, Һақ-Құдірет!

Төнгенде іргедегі елге уайым,
Мазасыз күйге түсем мен де дәйім.
Көмейін айдаһардың қаққа бөлер,
Қайда екен "Кер құла атты Кендебайым"?

Тілегім – Кендебайдай ұл туса екен,
Жағасы дұшпандардың жыртылса екен.
Елге әкеп Қытайдағы бар қазақты,
Той жасар ұлан-асыр күн туса екен!

Сол кезде, Мәке, біз де күлімдейік,
Тасыған тау суындай гүрілдейік.
Тойында Астананың ширек ғасыр,
Бар қазақ басын қосып дүрілдейік.

Айтыста қатты кеттім ашынғасын,
Опынып тұрмын ашу басылғасын.
Басыңды дауға бермес бауырың ем,
Ағамсың, әрқашанда қасымдасың!

Нөсерін нәрлі өлеңнің төкпеле де,
Абылай айтқан сөзге өкпелеме.
Қайырып сөздің соңын сыпайылап,
Ал, Мәке, көрсетейік көпке өнеге.

Мамай:

Ағадан сонша неге түңілді інім, 
Құрбаны болдым ба əлде білімдінің? 
Ұқпауым көңіліңе мұң əкелсе, 
Дегем жоқ сен секілді ұғымдымын.

Кей сөзің жүректі шын жаралады 
(Дегендей айға қарап абалады). 
"Азаттықты баспанамен өлшеді"  деп, 
Ұсақ қылып жібердің нар ағаны. 

Өзімді мен де ақынға санаған ем, 
Кекілін  тұлпар-жырдың тараған ем. 
Жетістік пен кемшілікті қатар айтқан 
Əсия апай, Айбектерге қараған ем.

Бұл інім танытқанда өр екпінін, 
Байқатты ұшқырлығын, зеректігін. 
Тәжірибелі сақа ақын білмепті ғой 
Абылайша сөйлеуі керектігін. 

Тілеймін аманшылық бар адамға, 
Біздегі бақ бұйырмас əр адамға. 
Астанасы бар елміз, бақытты елміз, 
Күрттер мен ұйғырларға қарағанда. 

Шығады жақсы сөздер менен енді, 
Дұрыстап айтпай жүрміз көп өлеңді. 
Тіл тәуелді болғаны ештеңе емес, 
Ең бастысы, еліміз егеменді. 

Абылайдың жетелеп ойы алдыға, 
Ұйықтап жатқан  шабытым оянды ма? 
Əдемі зәулім үйлер бой көтерді 
Ильиндіде, Талапкерде, Қояндыда.

Жоғары асфальт жол сала алмаса, 
Мəн беріп не көрінді оған да аса? 
Көктемде сырқаттанған адамдарға 
Жедел жəрдем уақытында бара алмаса?

Алты ай қыс жолын боран басып жатса, 
Салқын үйде береке қашып жатса, 
Ильинді, Талапкердің тұрғындары 
Ауыз суын қалада тасып жатса; 

Жөн болмас пейілдің құр тарылғаны, 
Ештеңе  етпес халықтың сабылғаны. 
Оның бəрі келешектің еншісінде, 
Бастысы – зәулім үйлер салынғаны. 

Қол жеткізбей азаттық ақ таңына 
(Осы еді қабырғама батқаны да),
Қиналамын Қытайдағы қандастардың 
Қан жұтып, қайғы кешіп жатқанына. 

Солармен қидырса да некелерін, 
Ауыр алам, амалсыз көтеремін.
Ол жақтағы бауырларды ойлай ма екен 
Қытайға жерді бергіш көкелерім? 

Сынаққа шыдау қиын адам мұндай, 
Биікке шығу қиын қадам қылмай. 
Ұлық айда сұрарым жаратқаннан – 
Сырттағы бар қазақты аман қылғай! 

Елбасы аман болсын – асыл ерім, 
Елмен бірге асулардан асып едің. 
Айтыста анау-мынау десе дағы, 
Астана, мен өзіңе ғашық едім.

Астана, көркейе бер барыңменен, 
Əлемге абыроймен таныл дер ем.
Үйде де кейде ұрысып қаласың ғой, 
Өзіңнің сүйіп алған жарыңменен. 

Біздерді топқа салып сынағасын,
Бір-бірін бауыр қалай кінəласын? 
Ат үстінен сөйлейтін Абылайым 
Өнер деген тұлпардан құламасын! 

Кім айтты жас баланы өспейді деп, 
Өспек түгіл көкейді теспейді деп? 
Жайшылықта жолымды кешпеуші едің, 
Ойлаймын айтыста да кеспейді деп.

Абылай:

Ағасыз көңілге кек сақтамайтын,
Ініңмін жамандықты жақтамайтын.
Адамдық – Абылайға басты ұстаным, 
Жүлде үшін жолды кесіп аттамайтын.
 
Жан едім ел сенімін күйретпеген,
Жыр жүгін өз шамамша сүйреп келем.
Әрқашан жөн көрсету ағадан ғой,
Інімін үлкенге ақыл үйретпеген.
 
Тірліктің мұңы бітпес қабындаған,
Аман қыл Азаттығым – бағымды, Аллам!
Кем тұсын Елорданың көп термейік,
Мәскеу де бір күнде, аға, салынбаған.
 
Қалғандай айтарымыз жобаланып,
Ендеше, осыменен доғаралық.
«Қостанай таңы» аман тұрған шақта,
Жыр-жарыс әлі талай болары анық.

You may also like...

38 Responses

  1. Акжол айтты:

    Мамай агамыз жаксы айтысады екен! Керемет 

  2. Акжол айтты:

    Байбатыр агамыз бен Мамай агамыздын айтысын тамашаласак. Мамай Изтилеу стильi жане такырыпты Жаксы ашады екен!

  3. Самат айтты:

    Абылай ақын алды бұ жолы!

  4. Нұрлыбек айтты:

    Абылайдың басымдығы көзге ұрып тұр. Әлде де қамшы басу керек еді. Уәжі дәлелді, сөзі сүйекті ақын екен. Мамай ағамыз бұрынғы айтыстарынан сәл жинақы көрінді. Жол сұраудың бір аты – қорқа соғу. Бір-екі қағысып көрсе дұрыс болар ма еді…

  5. Əсем айтты:

    Абылай аға Мамайдай ағамен айтысып жарадыңыз.Мəкем төселген ағамғой енді.Тең дəреже өтті.Тамаша.шабыттарың талмасын

  6. Қоблан айтты:

    Жеңіс Мамай ақында 

  7. Кайрат айтты:

    Еки акын да барын салып айтысты создери уткыр жаксы финалдык айтыска татиды.Мамай сал басымдау айтты

  8. Назымбек айтты:

    Айтыс жаксы шыккан бирак бирин бири туйреу жок ага ини болып сыйластыкта откен айтыс.Мамайдын соз саптауы унады

     

  9. Аязби айтты:

    Ат үстінен сөйлейтін Абылайым 

    тамаша жауап Мамай ақын 

    Абылай жазба айтыстың хас шебері болсада осы жолы ұтылды 

  10. Батыраш айтты:

    Финалға татырлық айтыс мамай басымдау болды

  11. Берік айтты:

    Айтыс тамаша. Тең дəрежеде. Қос ақында мықты. Сыйластық бар. Абылай інілік ізетті ұстанып ағасына құрмет көрсетуде. Бұған дейін айтысқан жас ақындар Ернұр мен Еркінғазы ізеттіліктің жолын ұстанса ізгі. Айтысты ұрысқа айналдырмай сөз қадірін ұғынған жөн. 

  12. ЖАНҰЗАҚ АЯЗБЕКОВ- "ҚОСТАНАЙ ТАҢЫ" ГАЗЕТІНІҢ бАС РЕДАКТОРЫ айтты:

    Екеуінде бір жақсы қазақи инабат, аға-інінің жарасымды ілипаты бар,жаның сүйсінеді. Біз бірлік құраушы ұлттың өкілі болғандықтан мұндай жария аламанда (ғаламтордан төрткіл дүние оқи алады) осындай әдеп көрсеткеніміз лазым.Сайтымызды Қытай, Монғолия, Ресей  және Еуропадағы бірқатар елдегі қандастардың оқитынын еске алсам, айтыстың осындай іші-сырты келіскен үлгісі көбірек болса деп тілеймін!

  13. Асылхан айтты:

    Айтыста ойын анық жеткізген, тақырыпты аша білген, әшейін көп алдында ұпай жинау үшін құр зарламай, әр сөзін нақты дәлел-дәйекпен шегелей алған ақын алға шықса керек-ті. Осы жағынан алғанда, әрине, Абылай оқ бойы озық тұр. Абылай шын жүйрік, ойы терең, білімді, сауатты ақын. Талантына дау жоқ. Ең бастысы таза шығармашылық адамы ретінде ойы таза, жаны таза, елін, жерін әсіре пафоссыз жан жүрегімен сүйетін қаламгер. Шын жүйрікті ортамызда жүргенде алдымен өзіміз танып, бағалайық ағайын! Өйткені мұндай адамдардың бойындағы бар қабілет оның өзінің емес, алдымен елдің, қазақтың байлығы. 

  14. Ілияс айтты:

     Мамайдын сөздери нық, дөп басып айтылған. Мəнді, мағаналы болып тур! Женіс  Мамайдың қанжығасында  кетті.  Айтыскерлер биіктерді бағындыра беріңдер.

  15. Айдархан айтты:

    Айтыс ага ини болып тарбиели жаксы айтыс жасаган.адеми ак Мамай сал гана басымдау болды деп ойлаймын

     

     

  16. Арман айтты:

    Мамай акын айтысып жургенине бираз жыл болды айтысы маган унайды

  17. НұрКонкас айтты:

    Мамай ақынға дауыс беремін!

  18. Конкас айтты:

    Мамай ақынды қолдаймын!

  19. Ауыл тұрғындары Мамай ақынды қолдайды!

  20. Нұргүл айтты:

    Екі ақын да мықты, дегенмен дауысымды Мамай ақынға бердім!

  21. Ауыл тұрғыны айтты:

    Ауыл жұрты толығымен Абылай ақынды қолдайды! Сөз жоқ, жеңіс Абылай Маудановтікі

  22. Ахмет айтты:

    Абылай Маудановты көптен білеміз. Танымал ақын, көпті мойындатқан ақын. Бұл жерде де сол өзінің топтан дара жүйріктігін көрсетіпті азамат. Бұл айтыста Абылай анық алға шықты. Бәйге Маудановта!

  23. Жақып айтты:

    Абылай ақынның сөзі анық, өткір, ұтымды. Жеңіс Абылай Маудановта!!!

  24. Олжас айтты:

    Абылай алға! Сен жеңдің! Бұған айтыссүйер қауымның еш күмәні жоқ! Халық сені қолдайды. Жасай бер, жаза бер!

  25. АҚАН СЕРІ айтты:

    Мамайға жеңіс жоқ Әсия бастаған әділ қазылар жеңісті Абылайға алып береді 

  26. Малика айтты:

    Екі ақынның даайтысы ұнады мəнді тəрбиелі не айтқаны анық көрініп мықты айтысқан .Дегенмен Мамай ақынды қолдаймын .

  27. Малика айтты:

    Екі ақын да тəрбиелі мəнді мықты айтысқан .Мамай ақын басымырақ.даусымды Мамайға беремін

  28. Мылтыкбай айтты:

    Айтыс оте жаксы шыккан екенНагыз финал дерсинАбылай акыннын ойы орамды жаксы айтады,оз кезгенде Мамай акын да соз туйдектеп айтады орынды маселерди козгайды.Бурыннан айтысып келе жаткан тажирбели акын гой.Сал басым Мамай акын 

  29. Абылай айтты:

    Біраз пікірлер жиналып қалыпты. Көріп отырып көңілдегі сөзді айтпасам ұят болар.Ең қызығы, мұнда "пікірлерлерді" әдейі ұйымдастырылған ба" деп қаласың. "Ақансері, Аязби, Батыраш" болып "мың құбылып" отырған анонимге таңғалдым. Дамыған заман ғой, кім екенін де тұспалдадым. Күман қалмас үшін толық анықтауға болар еді, тек сырттай білетін, сөз ұғатын жанның бірі деп ойлап жүрген азаматтан көңілім қалар деп "орта жолдан" тоқтадым. Ескертіп қояйын, Мамай менің он бес жылға тақау білетін, сыйлас, сырлас ағамдай. Отбасымызбен араласамыз. Осы "пікірлеріңіз" арқылы арамызға от салып тұрсыздар. Екінші, бұл айтыс дауыс беру арқылы анықталмайды. "Әсия бастаған әділ қазылар жеңісті Абылайға алып береді" деп "артыңмен бал ашуға" не себеп? Арам пиғылмен мені елге қарсы қойғыларың келсе, оларың орындалмас. Қазылар мұндай қолдан жасалған пікірлерге қарап емес, айтыстың өзіне қарап баға береді. "Нурконкас", "конкас", "тобыл тұрғындарын" да түстеп отырмын. Мен үшін күлкілі. Өтініш, мұндай "пиар кампанияны" тоқтатыңыздар. Өздеріңнің лас пиғылдарыңды өнерге жақпаңдар

    • Нұргүл айтты:

      Бұл жерде жарыс болғаннан кейін əрине біреу жеңеді. Мен досым Мамайдың жеіңісін қаладым. Абылай мырза көңіліңізге келіп жатса айып етпеңіз. Бірнеше адамның атынан шығу сіздердің араларыңызды ашу деп ойламаймын. Ол досқа деген тілектің бір амалы болған! НұрКонкас

    • Нұргүл айтты:

      Нұргүл деп өз атымнан, НұрКонкас деп отбасымның атынан, Тобыл тұрғындары деп Мамай ақынның əріптестерінің атынан шыққаны деп қабыл аларсыз! Айтыс туралы жазылған пікірлерге айтысып  отырған ақынның   өзінің түзету енгізуі қате!

  30. Екеуиде тен тусти. Мыкты акындар. Биликти мактауды кою керек Сарай акындары сиякты

  31. Олжас айтты:

    Сарай ақындары деген жаман адамдар ма? Аты мен фамилияларын айтып жібересіз бе? Сарай ақындарының?

  32. БАҚЫТБЕК айтты:

    Айтыс жақсы деңгейде өті,бірақ бір әтегенайы бар бұл таныс тамырлық біреуді мақтағанда аспаннан бірақ шығарып айды алты айналтып әкелудің не қажетті бар, екінші ақынды ұмытып.Нақ бағасын бермесең. 

    Абылай Астананы бір жақты жырлады,  ал қытайдағы кандас бауырлар жайында тамаша айты, 

    Мамай Астана жайында екі жақты айта білді, сәл эмоцияға жолберді оған себеп тәуелсіздік баспанамен өлшенбейді деген сөзі сеп болғандай.

    Жанұзақ Аязбековтан басқа пікірлер екі ақының пиар компаниясы ма деген ой келеді.жеке басымның пікірі.

    Қос бәйге беретіндей айтыс болды.

  33. БАҚЫТБЕК айтты:

    Неден кысылуым керек Олжас

  34. Нагашыбай айтты:

    Менимше Мамайдың айтқан сөздері қмоғамдағы дәл қазіргі кездегі мәселелерді анық айта білді,Мамай бауырым алға,жарыстағыдай бір бас алда болдың!!!Ал,Абылай саған да сәттіліқ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓