Сүт өнімдерін экспорттау 60%-ға артты
Қостанай облысында сүт және қышқыл сүт өнімдерінің кең түрін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі инвестициялық жобалар толық қуатымен дамып келеді. Соның арқасында биылғы жылдың алғашқы тоқсанында аймақта сүт өнімдерінің экспорты 60%-ға дейін артты, деп хабарлайды BNews.kz.
2015 жылы Қостанай облысында тәулігіне 5 тонна қышқыл сүт өнімдерінің кең түрін өндіру жөніндегі жаңа цех пайдалануға берілді. Осылайша, кәсіпорын екі инвестициялық жобаны іске асырудың арқасында сүт кластерін құрып отыр.
Жобаның алғашқысы күтіп-баптау, азықтандыру және сауудың заманауи технологиялық қондырғылары бар 800 бас сиырға арналған тауарлы-сүт кешенін салу болса, екіншісі – Рудный қаласында сүт және сүт өнімдерін өндіретін «Лидер-2010» ЖШС инвестициялық жобасы болды.
«Қайта өңдеуші кәсіпорындардың импорттық технологиялық қондырғылары өндіріс көлемін арттырып, шығарылатын өнім түрін кеңейтуге және шығарылатын сүт және сүт өнімдерінің экспорттық көлемін 60%-ға арттыруға мүмкіндік берді. 2016 жылдың бірінші тоқсанында-ақ экспортқа 1867 тонна сүт және сүт өнімдері жөнелтілді. Былтыр осы кезеңде 1170 тонна жөнелтілген болатын», – деді өңірдің ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Байбосын Мурзин.
«Лидер-2010» ЖШС өкілдері өнім көлемі қазір жылына 6,8 мың тоннаны құрайтынын айтты. Қолға алынған инвестициялық жобаның құны – 1,3 млрд теңге. Зауыт «Бек+» ЖШС тауарлы-сүт фермасынан әкелінетін шикізатпен жұмыс істейді. Аталған шаруашылық 100 бас голштин-фриздік мал тұқымына есептелген.