Тариф құны өсті
Облыс орталығындағы «Тазалық-2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – қаладағы тазалық мәселесімен айналысатын ірі мекемелердің бірі. Қысы-жазы тыным таппайтын мекемеде 89 арнайы техника бар. Олардың 49-ы – жүк көліктері. Сондай-ақ, мұнда 263-ден астам қызметкер жұмыс істейді.
Қазіргі таңда қаламызда бұл кәсіпорынмен мемлекеттік мекемелердің 30%-ы және жеке тұрғын үйлердің 80%-ы келісім-шарт жасасқан. Олардың негізгі мақсаты – қала тазалығын сақтау. Шаһар тіршілігінің шырайын келтіріп отырған ұжым қатты тұрмыстық, құрылыс қалдықтарын тасымалдау, өңдеу, сақтау, қала сыртындағы полигондардың жұмысын реттеу, бағдаршам қызметін қадағалау, қаланы абаттандыру, тұрғылықты жердің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету секілді міндеттерді өзіне жүктейді.
Қостанай қаласының әкімдігінде қаланы санитариялық тазарту және абаттандыру мәселесіне қатысты үлкен мәжіліс өткен болатын. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов төрағалық еткен жиында бірнеше мәселелер қаралып, облыстық департаменттер мен басқармалардың басшылары, қала әкімінің орынбасарлары, қалалық мемлекеттік мекемелердің, құқық қорғау органдары және басқа облыс орталығы ұйымдарының басшылары қала тазалығына қатысты тапсырмалар алды.
– Шағын аудандарындағы жеке секторларды айтпағанның өзінде кейбір мекемелердің айналасындағы күл-қоқыс қала тазалағының басты жауы болып тұр. Тіпті, кейбір пәтер иелері үйінің маңындағы қалдықтарды қоқыс жәшігіне салу үшін селқостық танытады. Содан келіп, қоқыс уақытында тасымалданбайды деген сылтау айтады. Рас, техника болғасын, кейде істен шығып қалатын кездері бар. Бірақ мұндай жағдайда біздің мамандар қолдан келген шараларды жасап, қоқыстың уақытында тасымалдануын басты назарда ұстайды, – дейді жоғарыда аталған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің директоры Александр Кушнир.
Жалпы санитарлық тазалықпен айналысатын қызметкерлердің қай-қайсысы да өз істеріне жауапкершілікпен қарайды. Әсіресе, таңнан тұрып, қас қарайғанға дейін еңбек ететін бұл саланың мамандарының жұмыстары өзгелерге өнеге.
Аты аталған мекемеде жол бөліміне жауапты жұмыс жүктелген. Олардың қызметі –
жазда көшелерді ағын сулардан, лас-қоқыстан, қыста және көктем айларында қардан тазартады. Мұнда әзірге 3 автогрейдер, 4 су бүркетін машина, тазалағышы бар МТЗ тракторлары және басқа да техникалар ортақ іске тартылады. «Тазалық 2012» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы жекеменшік үйлердің тұрғындарымен санитарлық тазалықты сақтауға орай түсінік жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, қала сыртындағы күл-қоқыс полигонының жұмысы да осы мекемеге қарайды. Бұл полигондардың бұрынан қалыптасқан тәртібі бар. Онда қабылданатын және қабылданбайтын заттардың тізімі жасалған. Қызмет көрсететін техникалар жөнінде ақпараттық бұрыш та құрылған. Серіктестік директорының айтуынша, мұның бәрі қала тұрғындарына түсінікті болсын деген мақсатта қолға алынған.
«Тазалық 2012» 6 жыл бұрын қоқыс шығару құнын бір қалыпты ұстап келді. Дегенмен, қазір көпқабатты үйлерге 224,37 теңге болса, жеке тұрғын үйлерге тариф құны – 266,89 теңге.