Біздің майдангер ағаларымыз

«Біздің» деп меншіктеніп отырған ағаларымыз осы «Қостанай таңы» газетінің бұрынғы қызметкерлері. Ұлы Отан соғысының сұрапыл күндерін бастан өткізіп, Жеңіс туын желбіретіп, елге оралған соң олар қаруды қаламға айырбастап, осы «Қостанай таңы» газетінің редакциясында тер төкті. Осы қара шаңырақтың беделі мен  бедерін арттыруға ерекше үлес қосты, облыс өмірінің шежіресін жазды, ұрпақ тәрбиеледі, жастардың жанашыр тәлімгер-ұстазы болды.

Ұлы Жеңістің 69 жылдық мерекесі қарсаңында сол асылдарымызды тағы бір рет еске алып, рухтарына тағзым етуді шәкірттік, азаматтық парыз санадық.

                                                    Шеген Бейсенбаев

Beysenov_ShegenКезіндегі «Коммунизм жо-лы» (бүгінгі «Қостанай таңы») газеті редакциясында мектепте оқып жүрген жылдары ал-ғаш танысқан ағам осы Шеген Бейсенбаев еді. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернат өмірінен хабар-ошар жазып тұратын маған іш тартып, ағалық ақылын айтқан, жазған дүниелерімді өңдеп, жөндеп, газетке шығаруға көмек қолын созған сол абзал жанды әлі ұмытқаным жоқ.

Университет бітіріп, екі жыл әскер қатарындағы міндетімді өтеп, осы қара шаңыраққа қызметке тұрғанда да ерекше ақ көңілмен, құшақ жая қарсы алған қамқоршының бірі де осы Шеген аға болатын.

Экономист мамандығы бар жұбайымды өзі ертіп барып, Мемлекеттік банкке қызметке орналасуына жәрдемдескен де осы аңқылдаған ақ жүрек аға еді. Мәрзия марқұм қашан 2001 жылы дүниеден өткенше сол банк жүйесінде абыройлы еңбек етті.

Шеген ағамыздың мұндай пейіл-ықыласының да өзіндік себебі бар екен. Кезінде Меңді-қара аудандық атқару комитетінде басшылық қызметте болғанда менің әке-шешеммен аралас-құралас болған. Қарға тамырлы қазақпыз ғой, ежелден құдандалық та қыл бар екен.

Шәкеңді редакциядағы қыз-жігіттердің бәрі де ерекше сыйлап, құрметтейтін. Мінезі баладай, көңілі даладай ағамыз жас-тар ортасында болуға құштар еді. Әзіл-оспаққа жақын жанды өзіміз де көп төңіректедік. Ағаның, әсіресе,  өз тұстасы Сары Қазбековпен әзіл-қалжыңы жарасып жүре беретін.

Ол 1906 жылы Введен ауданы Қарағайлысай ауылында туған. 1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысының бел ортасында болып, қас дұшпанмен шайқасқан ержүрек офицер-тін. Шені – аға лейтенант, саперлер ротасының командирі. Ол Солтүстік-Батыс, Карель, 2-Қиыр Шығыс майдандарында өзінің қарулас жолдастарымен бірге ерліктің талай үлгісін көрсетті. «Сапер бір-ақ рет қателеседі» деген қағида бар. Шәкеңдер елге аман-есен оралса, қысылтаяң шақтарда еш қателік жібермегені болар.

Ағамыз жауынгерлік наградалардың талайына ие болды, оның омырауында ІІ дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл Жұл-дыз» ордендері, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» және басқа көптеген медальдар мен бейбіт еңбекте алған марапаттары жарқырайтын. Ол аудандық қалалық және облыстық Кеңестердің талай мәрте депутаты болып сайланған болатын.

Пейіште нұрың шалқысын, асыл аға!

                                               Әнуар Меңдібаев

IMG_5018«Коммунизм таңында» (бүгінгі «Қостанай таңы») жемісті еңбек еткен журналистердің бірі марқұм Әнуар Меңдібаев еді. Екеуіміздің тегіміз бір, кейде оқырмандар шатастыра беретін. Шындығына келгенде Әбекең менің әкеммен жасты адам еді, Ұлы Отан соғысының ардагері. Қан майданда генерал-майор Л.А.Говаров басқарған 5-ші армия жанынан шығатын «Уничтожим врага» газетінің әскери тілшісі болып, жауынгерлік жолын бастаған кәсіби журналист еді.

Ағамыздың ұлты – татар, бірақ қазақ тілін де жете меңгерген, қазақша жазғанда көбіміз оның жанында жіп есе алмай қалушы едік.

Шіркін-ай, әзіл-қалжыңы қандай еді! Әсіресе майдан өмірінен небір қызықты оқиғаларды құлпыртып жеткізетін. Өйткені, ол сол әскери газетте «Майдан әзілдері» бөлімін жүргізіпті.

–Жауынгерлер газеттің сол бөлімінде  жарияланған  фа-шистер туралы сықақтар мен мысалдарды, өлеңдер мен әңгімелерді, частушкалар мен карикатураларды асыға күтіп отырушы еді. Оларды таласа-тармаса оқып, ен күлкіге бір кенеліп, көңілдері көтеріліп қалатын, – деп жиі еске алатын.

Әбекең отты жылдары дивизия, армия, майдан газеттерінде нұсқаушы, арнаулы тілші болып қызмет етті.Оның қаламынан Кеңес Одағының Батырлары Ақәділ Сухамбаев, Василий Афанасьев, Петр Лихачев сынды жаужүрек жауынгерлер туралы әңгімелер туды. Сол очерктерде гвардия капитаны Әнуар Меңдібаев Отан қорғау жолындағы көптеген ұлт өкілдерінің жанқиярлық ерліктерін баяндады.

«Коммунизм таңында» қызмет істеп жүргенде ағамыздың сол жазбалары арнайы кітап болып шықты. «Қазақстан» баспасы запастағы  офицердің естеліктерін 1973 жылы 9000 дана таралыммен оқырманға ұсынды. Сол құнды еңбекті әдеби өңдеп, баспаға дайындауға Қайсар Әлім досымыз көп қолқабыс тигізіп еді.  Сол «От кешу» атты деректі хикаяттың бір данасы менің де кітапханамда тұр.

Әбекең еске түскенде  сол асыл мұраны қайта парақтайтыным бар. Бүгін де Ұлы Жеңістің 69 жылдығы қарсаңында сол кітапқа үңіліп, Әбекең бастан өткізген оқиғаларды көз алдыма елестетіп отырмын.

Пейіште нұрың шал-қысын, қаламгер, майдангер аға!

Сәлім

     МЕҢДІБАЙ

Майдангер кітабының мұқабасы.

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓